​Юрий Пя: Құрсақтағы сәбиді емдейтін деңгейге жетеміз

0
1 222

Бүгін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында бірегей операциялық бөлменің ашылу салтанаты өтті.


​Юрий Пя: Құрсақтағы сәбиді емдейтін деңгейге жетеміз

ERNUR.KZ. Бүгін Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында бірегей операциялық бөлменің ашылу салтанаты өтті. ТМД елдері арасында Қазақстанда алғашқы болып ашылған кабинет заманауи Philips Azurion ангиографиялық технологиясымен жабдықталған, деп жазады Baq.kz.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының Басқарма төрағасы Юрий Пяның айтуынша, бұл операциялық бөлме интервенциялық және хирургиялық емдеуді қажет ететін пациенттерге ота жасауға арналған. Бұл жерде тіпті жүрекке ашық операция жасауға болады.

«Бұл бөлмеде барлық технологиялар тоғысқан. Егер бұрын пациентті қарапайым операциялық бөлмеден басқа операциялық кабинетке не зертханаға апару керек болса, қазір бұл қажет емес. Кез келген күрделі кемістікті, кез келген жастағы азаматты бір ақ бөлмеде емдеуге болады. Бөлмеде бір монитор орнатылған. Онда барлық функциялар біріктірілген. Яғни, бұл монитордан компьютерлік томографияны, рентгент суретін, жүрек жұмысының барлық параметрлері - электрокардиограмма, қысым мен басқа көрсеткіштерді көруге болады. Бұлардың барлығын комбинациялап, 3D режимінде бақылап, қажетті манипуляцияның барлығын жасауға болады», - деді Юрий Пя.

Оның айтуынша, біріншіден, бұл ота уақытын 20 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

«Өзіңіз ойлап көріңіз, әр сағаттан 20 минуттан үнемдеп отырсақ, оларды біріктіріп, сол уақытта басқа пациенттерге көмек көрсетуге болады. Операцияның уақыты әртүрлі болады. Кейде бір ота 12 сағатқа созылса, екіншісі 12 минутқа жалғасуы мүмкін. Екіншіден, дәрігерлер көп шаршамай, зиянды сәуленің әсерінде көп жұмыс істемейтін болады», - деді Юрий Пя.

Еліміздің бас кардиохирургі оған операция жасауға орташа алғанда 8-10 ассистент көмектесетінін айтты.

«Қазір жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары Қазақстанда бірінші орында тұр. Бұл аурулар жалпы бүкіл әлемде көш бастап тұр. Жер шарында жыл сайын 17 миллионнан астам адам жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларынан қайтыс болады. Яғни, қазір әлемде осыншама көп адамның өліміне әкелетін басқа себеп жоқ. Сондықтан, біздің мақсатымыз – осындай заманауи технологияларды бірінші кезекте елімізде енгізу. Бүгінгі аппарат - қолданылып келе жатқан технологиялардың соңғы үлгісі. Мен бұны мақтан тұтамын. Болашақта құрсақтағы сәбиді де емдеуді жоспарлап отырмыз», - деді Юрий Пя.

Маманның айтуынша, кабинет бүгін ашылғанымен онда 50-ден астам пациентке ота жасалып үлгерді.

«Бұл бөлмеде балаларға да, үлкендерге де операция жасалды. Менің айтарым, қандай да бір мекеме мен кәсіпорынды салтанатты түрде ашып, оны жетілдіру үшін қайта жабу принципінен кету керек. Біз бұл бөлмені бірнеше ота жасап, барлық кемшілікті жойып, барлық жұмысты жетілдіріп алғаннан кейін ғана аштық. Яғни, бүгін біз толыққанды жұмыс істейтін операциялық бөлмені ресми түрде ашып отырмыз», - деді Юрий Пя.

Сөз соңында дәрігер Голландиялық аппараттың лизингке алынғанын, ол үшін қаржы біртінден төленетінін айтты.

Ал бөлім меңгерушісі Әбдурашит Мұсаев бұл операциялық бөлмеде жұмыс істеу қолайлы екенін жеткізді.

«Есептеулер, навигация жұмыстарын осы бөлмеде жасай береміз. Ота жасайтын адамдар да азайды. Мысалы, бұрын операция жасауға 3-4 маман керек болса, қазір 1-2 дәрігер жеткілікті. Диагностика мен ота сапасы күшейді. Бұл аппараттың сапасы жоғары. Мысалы, аппараттың әкелгенгеніне 1-1,5 ай болса, осы уақытта бұл бөлмеде барлығы 305 диагностика мен операция жасап үлгердік», - деп түйіндеді Әбдурашит Мұсаев.