Зауытбек Тұрысбеков қандастар қалашығынан жер алудың тәртібін түсіндірді

0
490

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 3 жылдың ішінде Ақмола және Түркістан облыстарында баспанаға мұқтаж жергілікті тұрғындар мен қандастарға арнап «Асар» әдісімен коттедж қалашықтарын салуға кіріскен болатын.


Зауытбек Тұрысбеков  қандастар қалашығынан жер алудың тәртібін түсіндірді

ERNUR.KZ. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Ақмола облысының Аршалы ауданында ұйым бастамасымен қолға алынған «Тұрғын үй және жұмыс» жобасына қатысушылармен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кездесу барысында Зауытбек Тұрысбеков жиналған қандастарға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың V Құрылтайда берген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Атап айтқанда, ол Елбасының шетелдегі қазақтарды тарихи отанына қайтару, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғын үй проблемаларын шешу және жаңа жұмыс орындарын құру туралы тапсырмалары қалай ісе асып жатқанын баяндады», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 3 жылдың ішінде Ақмола және Түркістан облыстарында баспанаға мұқтаж жергілікті тұрғындар мен қандастарға арнап «Асар» әдісімен коттедж қалашықтарын салуға кіріскен болатын.

«Жобаның бірегейлігі жер сатып алуға және үйлер салуға мемлекеттік салымдар талап етілмейтіндігінде. Өйткені жер сатып алынып қойылған, үйлерді жер иелерінің өздері Асар әдісі бойынша салады. Бұл жоғары сапалы тұрғын үйдің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді. Жылыжайлар, мал бордақылау орталығы және көтерме сауда базарының құрылысы бойынша ұсыныстар аудиторияның жағымды пікіріне ие болды. Өйткені мұның бәрі агроқалашық құрылысына қатысушылар мен олардың отбасыларын жұмыспен қамтуға бағытталған», - дейді қауымдастық мамандары.

Қауымдастық төрағасының орынбасары екі өңірдегі ілкі жоба сәтті іске асса, кезекте Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғанын да айтты.

Бүгінде пилоттық жоба аймақтарында геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекаралары анықталып, жолдар мен басқа да инженерлік желі өтетін тұстар нақтыланған. Ал коттедждер құрылысы 15 мамырда басталған болатын. Жоспар бойынша, алдағы күзде агроқалашықтағы алғашқы үйлер бой көтеріп үлгеруі тиіс.

Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынған. Мұнда 1282 коттедж салу көзделіп отыр.

«Жердің иелері негізінен Өзбекстаннан келген және елдің солтүстік аймақтарында қалуға, тұруға және жұмыс істеуге ниет білдірген қандастар», - дейді жоба авторлары.

Еске салсақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы қандастарға арналған агроқалашық құрылысы өткен аптада басталды.