Жаһандық жылыну деңгейі әлем бойынша Қазақстанда өте жоғары

0
568

Ондаған жылдар бойы Қазақстанда ауа температурасының көтерілу нормасы әлем елдерінен әлдеқайда жоғары болып отыр.


Жаһандық жылыну деңгейі әлем бойынша Қазақстанда өте жоғары

ERNUR.KZ. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК Бас директорының орынбасары Серік Сайыров мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Кейінгі 40 жылда Қазақстанда ауа температурасы орта есеппен әр 10 жыл сайын 0,32°С жоғарылап отырды. Бұл – жер шары бойынша ауа температурасының көтерілу нормасынан әлдеқайда көп. Дүниежүзіндегі орташа өсу қарқыны – 0,18°С деңгейінде, яғни жаһандық жылыну деңгейі әлем бойынша Қазақстанда өте жоғары. Ал, 2021 жыл еліміздегі ең жылы бес жылдыққа кіріп отыр. Көрсеткіш аномалиялық өзгеріс енгенге дейінгі орташа жылдық температурадан 1,5°С артық. Сондай-ақ, жазда аптап ыстықтың қайталануы жиілеп келеді. Құрғақ аймақтарға жаңбыр жауу ұзақтығы артып барады. Республика бойынша күндізгі және түнгі аяздардың жиілігі төмендей бастады», - деді Серік Сайыров.

Сонымен қатар, соңғы 35 жылда Қазақстанда гидрологиялық құбылыстар да жиілеген. «Қазгидромет» мәліметінше, су тасқыны қаупі орта есеппен 42 оқиғаға көбейді. Бұдан өзге Серік Сайыров Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына тоқталды.

«Каспий теңізінің деңгейі қазіргі кезде 28,68 м төмендеп, 23 мың шаршы шақырымға тартылды. Ал, Балқаш көлінің толқуы 342,5 м деңгейінде. Балқашта шұғыл өзгерістер жоқ. Каспий теңізі қатты таяздап кетті», - деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК Бас директорының орынбасары.

Серік Сайыровтың айтуынша, мұндай экологиялық мәселердің себебі – жаһандық жылыну деңгейінің жоғарылағаны мен қоршаған ортаға деген қамқорлықтың жоқтығы.