Жамбыл облысында коронавирус екпесін үйге барып салуға арналған мобильді топ жұмыс істей бастады.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында дәрігерлер коронавирусқа қарсы вакцинаны тұрғындардың үйіне барып сала бастады, деп жазады ҚазАқпарат.
Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 27 мамырдағы № 23 қаулысына сәйкес мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау үйде жүргізіледі. Олардың қатарында егде жастағылар, созылмалы аурулары бар науқастар бар.
Осыған орай, Жамбыл облысында коронавирус екпесін үйге барып салуға арналған мобильді топ жұмыс істей бастады. Алғашқылардың бірі болып мұндай қызметті пайдаланғандардың бірі – 69 жастағы Уруза апай. Уруза Әуелбекова – 30 жылдан астам уақыт бойы қант диабетімен ауырады және жоғары қысымы бар. Екінші топтағы мүгедек. Өз бетімен жүре алмағандықтан, екпені үйінде салуға келіскен.
Қарияны алдымен медициналық тексеруден өткізіп, анализіне қарап шыққан дәрігерлер оған Hayat-Vax вакцинасын салды. Алдағы уақытта екпенің екінші компоненті де үйде егіледі. Сондай-ақ, қарияны тұрғылықты мекен-жайы бойынша емхана бақылауына алды. Уруза апа үйіне келіп, денсаулығын тексеріп, әрі індеттен сақтайтын екпені салып берген мамандарға алғыс айтты.
«Мен теледидардағы жаңалықтан көріп, егде жастағы және мүгедек тұрғындарға үйге келіп салуға болатынын ести сала, емханаға хабарластым. Олар маған бірден келісім берді. Міне, бүгін маған дәрігерлер үйіме келіп екпе салып берді. Бұл - мен сияқты өз бетімен жүріп-тұра алмайтындарға өте ыңғайлы екен», - деді кейуана.
Айта кетейік, мобильді егу бригадасының құрамында терапевт дәрігер мен медбике бар. Вакцина салар алдында адамның қан қысымы мен жүрек соғысы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіш қалыпты болса, онда екпе салуға болады және пациент үй жағдайында 30 минут дәрігердің бақылауына алынады.
«Біз вакцинаны үйлерге барып сала бастадық. Халықты иммундау науқаны басталғалы бері біздің медициналық емханада 5 300-ден астам адам вакцинацияланды. Жанама әсерлер байқалған жоқ. Біз халықты екпемен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Енді мүмкіндігі шектеулі жандардың және созылмалы аурулары бар адамдардың өтінішіне қарай олардың үйіне барып екпе егеміз. Әрі қарай да оның денсаулығын бақылауға аламыз», - дейді «Жанұя» емханасының терапевті Гаухар Дөненбаева.