Жамбылда жаңа карантин: Мал базарлары жабылып, түнде жүріп-тұруға тыйым салынды

0
988

Жаңа қаулының талаптары 19 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.


Жамбылда жаңа карантин: Мал базарлары жабылып, түнде жүріп-тұруға тыйым салынды

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының аумағында жаңа шектеу шаралары енгізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитары Салтанат Әлібаева қабылдаған жаңа қаулының талаптары 19 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.

Қаулыға сәйкес, мереке және демалыс күндері жабық азық-түлік базарларының, сауда орталықтарының және азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Тек сауда орталығының ішіндегі супермаркет пен дәріхана ғана жұмыс істейді.

Сонымен қатар, букмекер кеңселері, боулинг, компьютер клубтары, караоке, бильярд, кинотеатрлар, көңіл көтеру орындары, балалар аттракциондарының қызметіне шектеу бар.

Той, мерекелік шара, конференция, форумдар өткізуге болмайды.

Мал базарлары жабылады.

Кісі өлгенде жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық қатысуға рұқсат етілмейді.

Жамбыл облысы тұрғындарының кешкі сағат 23:00 мен таңғы 06:00 аралығында жүріп-тұруына шектеу қойылады.

Паркте, көшеде бір отбасы мүшелері болмаса, жалпы үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Сондай-ақ, жасы 65-тен асқан кісілердің сыртқа шығуына шектеу қойылады.

Қоғамдық тамақтану орындары таңғы 6-дан кешкі 22:00 дейін ғана жұмыс істейді. Дәмханадағы қонақтардың саны 50-ден аспауы керек. Міндетті түрде 2 метр арақашықтық сақталып, маска режимі бұзылмауы тиіс.

Қоғамдық моншалар, сауналар алдын ала жазылу арқылы таңғы 6-дан кешкі 22:00 дейін, ғимаратты 50 пайыз ғана толтырып қызмет көрсете алады.

Қаулының толық мәтінімен мына сілтемеде таныса аласыздар.