Жамбылда жастарды шопандыққа баулитын жаңа жоба жүзеге асырылмақ

0
1 598

Ауылда бос жүрген жастардың алдына 500 қойдан салып беріп, оған қоса мал азығымен қамтамасыз етпек


Жамбылда жастарды шопандыққа баулитын жаңа жоба жүзеге асырылмақ

ERNUR.KZ. Жастар жылына арналған тың жоба Тұрар Рысқұлов ауданында жүзеге асырылмақ, деп жазады 24.kz.

Бұған «малсақ» деген 10 жас таңдап алынады. Әсіресе, отбасылы жастарға басымдық берілмек. Жергілікті билік олардың алдына бір отар қой салып беріп, жайылымдық жер, жем-шөппен қамтамасыз етеді. Жас шопандар алынған малды бір-екі жылдан кейін түліктің төлі есебінен мемлекетке қайырады. Ал қайтарылған мал басы жобаға қатысуға өтініш білдірген отбасына беріледі. Осылайша кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өрісті малға толтыру жоспарда деп жазады Жамбыл облыстық «АРАЙ Star» газеті.

«Елбасы жуырда жариялаған «қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғаны белгілі. Осыған орай, біз алғашқылардың бірі болып бастамаға үн қосу ретінде жастар үшін тың жобаны жандандырып отырмыз. Яғни ауданнан 10 жас отбасы мен білікті жастарды іріктеп алып, арнайы топ құрып жатырмыз. Топтың әр мүшесіне 500 қойдан беріп, 2-3 жылға дейін өзіміз кепілдендіретін боламыз. Бұл бастамамызға 55 мың қойы бар «Шәушен» шаруа қожалығы қолдау білдіруге ниет танытып отыр. Жастарға қой ғана емес, қорда тұрған 20 мың жайылымдық жерденбөліп береміз. Және алғашқы жылы «Луговой жылқы зауыты» жеммен қамтамасыз етсе, «Ақтоған» шаруа қожалығы шөп беретін болады. Орта есеппен алғанда, сонда әр топ мүшесінің шаруашылығын дамыту үшін 3 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бұл қаржыны қожалық иелері 500 қойдан алынған төлден кезең-кезеңімен қайтарады. Ол төлдерді біз тағы 10 бригада құрып, соларға беретін боламыз. Осылайша 2-3 жылдың ішінде шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңейіп қана қоймай, төрт түліктің де санын арттырмақпыз».

Бұл – өңірімізде бұрын-соңды қолға алынбаған бастама. Ауылда бос жүрген жастардың алдына 500 қойдан салып беріп, оған қоса мал азығымен қамтамасыз етіп жатса, бұл өз шаруашылығымды шалқытамын деушілерге үлкен демеу болмақ. Аудан әкімдігі келер жылы осы сынды жобаларды жандандыруға бас-аяғы 100 миллион теңгеге өтінім беріпті. Ал республикалық «Жас Алаш» газеті Атырау облысында шипалы Тұздыкөлді толыққанды туристік нысанға айналдыру бағытындағы жұмыстардың бірі қолға алынды деп жазады. Ол бойынша аудан орталығы Индербордан Қарабау елді мекеніне дейін ынғалы жатқан жол Тұздыкөл арқылы өтетін болды. Қазір бұл жолдың сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен.

Атыраудағы Тұздыкөлге жету қиын. Айналасында бұлақтары, тұздан қаланан күмбездері, «Қыз әулие» сынды бала еміне дауа іздеген жандар, сәби сүйгісі келген қыз-келіншектер баратын киелі бұлағы бар Тұздыкөлдің әлі күнге «жабайы» жағажай күйінде тұрғаны талай айтылып та, сыналып та жүр. Жолының, инфражүйесінің жоғына қарамастан, жазғы маусымға оған келетіндер саны мыңдаған адамға дейін артып отыр. Оның қомақты бөлігін алыс және жақын шетелдерден келгендер құрайды. Көл басында қонақүй болмағандықтан, келімді-кетімді туристер әкелген шатырларында түнейді. Аудан орталығына қатынау үшін такси жалдауға мәжбүр.

«Тұзды көл аумағынан емдеу-сауықтыру санаториін салу жоспарланған. Сол себепті біз әзірге бұл жерден туристік нысан салмақ болып келген кәсіпкерлерге жер бере алмай отырмыз. Екінші жағынан, бірнеше шақырым жерден жарық, су, жылу жеткізудің өзі кәсіпкерге салмақ түсіреді», – дейді Индер аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бақытжан Сахипов.

Павлодарда 524 полиция қызметкері пәтерге мұқтаж. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, жалпы 218 полиция қызметкері ипотекалық несиемен пәтер алған деп жазады еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан». Алдағы уақытта жергілікті полиция қызметінің 15 пайызы баспанамен қамтылмақ. Өткен жылы Жол-патрульдік полициясының жас мамандарына жатақхана берілген. Бұл күндері облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальоны бөлімшесі орналасқан аумақта 120 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, өңірде елімізде қабылданған «7-20-25» бағдарламасын орындау барысы баяу жүргізілуде. Енді бұл бастаманы қолдауға полиция қызметкерлері де қатысатын болады. Ауылдық аймақтарда учаскелік инспекторлардың жетіспеуіне де тұратын үйдің жоқтығы себеп. Ішкі істер департаментінің өкілдері бұл мәселені штат санын арттыру арқылы қолға алмақшы. Учаскелік инспекторлар ауылға ауыл тұрғындарының санына байланысты жіберіледі. Бір инспектор 2800 адамға қызмет етуі тиіс.