2009 жылы құрылған Абай институты өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді.
ERNUR.KZ. Жаңа Қазақстан азаматтарына арналған «Абайдың кісілік кодексі» құрастырылды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйла Мұсалы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, 2009 жылы құрылған Абай институты өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Негізгі бағыты – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын қоғамдық гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында зерттеу.
«ҒЗИ елімізде алғаш рет «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» атты 50 томдық жинақты құрастырып шықты. Таңдамалы еңбектердің» 50 томдық басылымы негізінде іріктеліп «Абайтану антологиясының» 10 томдығы дайындалды»,- дейді ол.
Сонымен қатар, ол Жаңа Қазақстан азаматтарына арналған «Абайдың кісілік кодексі» құрастырылғанын мәлім етті. Айтуынша, бұл қазіргі қоғамның әлеуметтік мінез-құлқын реттейтін заңдық күші бар құжат.
«Абайдың кісілік кодексі» - Абайдың таңдамалық даналық және қара сөздеріндегі кемел адам, толық адам қалыптасып шығу жолындағы халыққа айтқан өсиеттері іріктеліп алынды», – деді Ләйла Мұсалы.
Спикер сондай-ақ Абайтану антологиясы атты интеллектуалдық базасы ашылғанын жеткізді. Бұл база Қазақстанның білім және ғылым жүйесі үшін, жалпы дүниежүзі қазақтарына жол ашатын игілікті үлкен базаға айналуы тиіс.
«Мемлекет басшысы алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде Абайтану курсын оқыту керек деп нақты міндет қойды. Осы бағытта ҚазҰУ жанында Абай ғылыми-зерттеу институты ойшыл ақынның мұрасы мен Абайтану бойынша еңбектерді ғылыми айналымға енгізу мақсатында нақты жұмыстар атқарып келеді. Абай ілімін білу жобасы аясында Абай токсаномиясы мәселесі көтерілуде. Абай таксономиясы атты жаңа ғылыми бағытты негіздеп жатырмыз. Осы жұмыстардың аясында тек КазҰУ-де ғана емес, барлық ЖОО-да жалпы білім беретін пәндер қатарына қосуды ұсынамыз», - деді Ләйлә Мұсалы. Айта кетейік, елімізде 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз - Абай күні деп белгіленді.