Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
ERNUR.KZ. Жаңаөзенде екі қабатты тұрғынүйде болған жарылыстың себебі анықталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық прокуратура хабарлағандай, көппәтерлі үйдегі жарылысқа газдың жылыстап ағуы себеп болған.
«17 сәуір 2023 жылы сағат 04:05 шамасында Жаңаөзен қаласы, Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан 2-қабатты үйде газдың ағуы салдарынан жарылыс болды. Осы факті бойынша Маңғыстау облысы бойынша ТЖД-мен ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қазір аталған іс бойынша облыс прокуратурасымен процестік прокурорлар тобы айқындалып, облыстық ТЖД және ПД басшыларының бірлескен бұйрығы негізінде ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыс прокуратурасының бақылауына алынып, тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Еске салайық, бүгін таңғы сағат 04:05-те Жаңаөзен қаласында 12-пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің екінші кіреберісінде жарылыс болды. Болжам бойынша газ қоспасы төгіліп, 150 шаршы метр аумаққа зиян келді. Жарылыс салдарынан 4 адам қаза тапты. Аталған дерекке қатысты жедел штаб құрылды. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер берілетіні хабарланды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев үйінді астында қалған барлық зардап шеккендер сыртқа шығарылғанын және аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.