Шығыс Еуропада отырған славяндар кирилл әліпбиінен әлдеқашан бас тартып, латын әліпбиіне көшіп кетті.
ERNUR.KZ. Әлем халқының 70% латын әліпбиін біледі. Тіпті жапон, қытайлардың өзі «қытай латын графикасы», «жапон латын әліппесі» дегенді қолданады. Бұл туралы елордада өткен «Латын графикасындағы БАҚ мүмкіндігі мен мәселелері» атты семинарда айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен латын графикасына қатысты семинар өтті.
«Қазіргі уақытта кириллше жазатындар саны көп болғанмен, уақыт өте келе латын графикасымен жазатындардың қатары көбейе бастайды. Кирилл әліпбиі – славян ұлттарының төл жазуы, бірақ Шығыс Еуропада отырған славяндар кирилл әліпбиінен әлдеқашан бас тартып, латын әліпбиіне көшіп кетті. Кирилл әліпбиі – өте жақсы әліпби, өйткені ол орта ғасырда пайда болған латын әліпбиінің кемшілігін ескере отырып, жетілген. Таңбалары да әдемі, бірақ қазіргі уақытта Кирилл әліпбиінің «дәурені жүрмей тұр». Кирилл әліпбиінің қолдану аясы жыл өткен сайын тарыла береді», - дейді «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.
Ол латын әліпбиінің аясы кеңеюі – тенденция екенін айтты.
«Бұл – үрдіс, біз оны тоқтата алмаймыз. Қазақстандағы қазақтану – тенденция, мың жерден күш, шара қолдансаң да, қазақ өзін тануды енді тоқтатпайды. Қазақ өзін-өзі жақсы көруді енді тоқтатпайды. Ал енді осы қазақтану процесіне кирилл әліпбиі жауап бере ала ма? Латын әліпбиінде ешқандай теріс стереотиптер жоқ. Әлемнің 70%-ы латын әліпбиін біледі. Тіпті жапон, қытайлардың өзі қытай латын әліпбиі, жапон латын графикасы дегенді қолданады. Қытайдың экономика секторында иероглифтер қолданылмайды, экономикаға қатысты қытай тіліндегі сөздер тек латын әліпбиімен жазылады», - дейді ол.
Сонымен қатар, аталған орталықтың ғалым хатшысы латын әліпбиіне көшудің маңызын ата-аналарға дұрыс түсіндіру керектігін айтты.
«Кирилл әліпбиін қолдайтын ата-ана өзінің баласын кеңейіп бара жатқан кең дүниеден суырып алып, тарылып бара жатқан тар дүниеге лақтыратынын білмейді. Графикалық кеңістік адамға ыңғайлы орта жасайды. Латын әліпбиін білмейтін бала дискомфортта жүреді. Осыны ескеруіміз керек», - дейді маман.