Жас сарбаз дәрігерлердің кесірінен өлім аузында жатыр

0
1 393

Ол менингит дертін жұқтырған дейді сарбаздың туыстары.


Жас сарбаз дәрігерлердің кесірінен өлім аузында жатыр

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан Дамир Зекен дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузында жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарбаз өткен жұмада басының ауырғанын айтып, дәрігерлерге шағымданыпты. Бірақ әскери бөлімдегі ақ халаттылар жас сарбаздың сөзін құлақтарына ілмей, оның денсаулығын тексеруден үзілді-кесілді бас тартқан. Тек Дамирдың халі ушығып, есінен танып қалғанда барып, көмек қолын созуға кіріскен. Дегенмен, жұқпалы дерт денесіне әбден дендеп кеткен сарбазды оңалту қолдарынан келмеді. Олар санитарлық авиация шақырып, сенбі күні сарбазды шұғыл түрде Алматыға жеткізген. Қазір қауіпті дертті жұқтырған сарбаз жансақтау бөлімінде жатыр.



«Бізге науқас ауыр халде түсті. Бірден менингококты менингит диагнозы қойылды. Бүгінде жағдайы тұрақталды», – дейді Алматы қаласы жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара ӨТЕГЕНОВА.

«Бауырым дәрігерлердің немқұрайлығынан осындай күйге түсіп отыр. Егер олар дер кезінде көмек көрсетіп, ауруды асқындырып алмағанда, інім ес-түссіз жатпас еді. Дамирдың сауығып кетуін тілейміз, бірақ бұл істі бұлай қалдырмаймыз. Шағымданып, қызметіне жауапсыз қараған дәрігерлердің жұмыстан қуылуын талап етеміз», – деді Дамир Зекеннің ағасы Қуаныш ҚАРАМУРЗИН.