24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлаған болатын.
ERNUR.KZ. Қарағанды облыстық сотында Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша сот отырысы өтті. Судья тағы бір адамның ісін қосу туралы шешім қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Жесір әйел мен көпбалалы әке бар
Бүгінгі отырыста жауапқа тартылған адамдардың барлығы өздерін таныстырып, айыптау актісін алғанын растады. 54 адамның ішінде 48 ер адам және 6 әйел бар. Сотталушылардың басым бөлігі бұған дейін істі болмаған. Арасында жоғары білім алғандар да бар. Кейбіреулер уақытша жұмыссыз қалған. Бір адам өзін үш баласы бар жесір әйел ретінде таныстырды. Көпбалалы әке де сот алдында жауап беріп жатыр.
Барлығы жаппай тәртіпсіздіктер мен билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін жауапқа тартылмақ.
Ал прокурорлар бұған дейін іздеуде болған Сәкеновке қатысты қылмыстық істі де бірге қарауды ұсынды. Себебі қылмыстық әрекеттер бір күні және бір жерде жасалды. Зардап шеккендер адамдар да бір. 19 ақпанда Сәкенов ұсталған болатын. Прокурорлар оның ісін Сәтбаев қалалық сотынан алып, 54 адамның ісімен бірге қарау қажеттігін жеткізді.
Зардап шеккендердің басым бөлігі – құқық қорғаушылар
Судья Кенжебай Ысқақов прокурорлардың ұсынысын қолдап, 5 наурызға дейін айыптау актісін барлығына таратып беруді тапсырды. Сол күні келесі сот отырысының күні жарияланады. Оған дейін қатысушылар ПТР-тест тапсырып, үш күн бойы сот отырысына қатыса алады.
Сотқа 64 адам зардап шегуші ретінде қатысып отыр. 50 – полиция қызметкері, 13 – азаматтық тұлға және облыстық полиция департаментінің бір өкілі бар. Айыптаушылар тарапынан үш адам тіркелген. Прокурорлар – Нұрсұлтан Тамбаев, Шыңғыс Нұрдәулетов пен Бекзат Әшімбеков.
Айта кетейік, Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша қылмыстық іс Қарағанды облысының кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Себебі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде үшеуі 18 жасқа толмаған болатын. Желтоқсан айында біреуі кәмелеттік жасқа келді.
Сәтбаевты дүрліктірген оқиға
24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында ауыр қылмыс жасалды. Қалалық полиция бөліміне бес жасар қыздың әкесі арызданып, баласының жоғалғанын хабарлады. Осыдан кейін іздеу шаралары басталды. Жергілікті полицияның жеке құрамы тартылды. Жүздеген еріктілер де қызды іздеуге шықты.
Түнде жоғалған бес жасар қыз белгісіз ер адамның пәтерінен табылды. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар ер адамды өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырды.
Жиналған жұрт күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке және полицияға барды. Бірнеше көлік өртенді. Қалаға ұлттық ұлан күштері кіргізіліп, жағдай бақылауға алынды.
Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.