Жигули Дайрабаев Абай облысының жұртшылығымен кездесу өткізді

0
169

Кандидат сапары халықтың рухани дамуына зор үлес қосқан ұлы тарихи қайраткерлер – Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды.


Жигули Дайрабаев Абай облысының жұртшылығымен кездесу өткізді

«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Абай облысының жұртшылығымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кандидат сапары халықтың рухани дамуына зор үлес қосқан ұлы тарихи қайраткерлер – Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ұлылар рухына тағзым – тағзым мен тағылымды қатар ұстаған «Ауыл» партиясының басты құндылығы.

Одан кейін Жигули Дайрабаев және оның командасы Абай облыстық кітапханасында жергілікті зиялы қауыммен кездесу өткізді. Кездесуде кандидат бағдарламасының маңызды бағыттары – дала демократиясының қағидаттары, қоғамның қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін, қазақ ойшылдары еңбектерінің құнды үлгілерін сақтауға қатысуы талқыланды.

«Менің ойымша, аймақтардағы жергілікті зиялы қауымды қолдау қажет. Жасыратыны жоқ, олар өз қаражаты есебінен өмір сүреді, мемлекет оларға қаржылық қолдау көрсетпейді. Дегенмен, олардың ұсыныс-пікірлері ең биіктегі билікке жетуі үшін жағдай жасау маңызды. Ол үшін жергілікті қауымдастықтар жүйелі түрде кездесулер өткізіп, ұсыныстар қалыптастырып, талдаулар жүргізіп, оларды жергілікті билікке жеткізуі керек. Мұндай тәжірибе жетекші әлемдік державаларда, мысалы, Жапонияда сәтті іске асқан. Бұл дала демократиясының «халық даналығы – ел игілігі үшін» атты негізгі бағыттарының бірі», - деді Жигули Дайрабаев.

Зиялы қауымнан соң кандидат ең ірі және заманауи май экстракциялау зауыты –«Qazaq Astyq Group» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Кандидат Қазақстанның шикізатты экспорттамауы, керісінше, ел ішінде қайта өңдеумен айналысуы керектігіне тоқталды. Қайта өңдеудегі қосымша өнім осылайша, жергілікті нарыққа шығады. Сондықтан бизнеске қазіргіден де көп қайта өңдеу зауыттарын салу, ал мемлекетке жан – жақты қолдау мен ынталандыру шараларын көрсету қажет. Қызметкерлер кандидаттың бастамаларына қолдау білдіріп, сайлауда сәттілік тіледі.