Жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 жол апаты орын алып, онда 26 адам қаза тауып, 234 адам жарақат алды.
ERNUR.KZ. Жыл сайын жол апатында 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астамы түрлі жарақат алады. Бұл - мемлекет пен әр отбасы үшін орны толмас шығындар. Жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қабылдануда. Алайда, талдау көрсеткендей, олар жеткіліксіз болып отыр. Ағымдағы жылы 10 мыңнан астам жол апаты тіркелді, онда 981 адам қаза тауып, 12 мыңнан астам адам жарақат алды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ алаңында хабарлады.
Жол апаты мен жарақат алғандар саны бойынша айтарлықтай өсім жол көлік оқиғаларын есепке алу өлшемдерінің өзгеруіне байланысты.
«Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес барлық жол апаты тіркеледі және жол апатынан кейін медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да есепке алынады. Бұған дейін есепке, денсаулығына зиян келгені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркелетін болған. Сонымен қатар талдау көрсеткендей жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әлі де сол факторлар әсер етеді. Бірінші – жолдағы тәртіптің төмендігі. Полиция бұзушылықтарды анықтау жолында жарыс өткізбейді, біз тек жол қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтардың жолын кесеміз. Дегенмен, заң бұзушылықтардың жыл сайын өсуі жүргізушілер тәртібінің жақсармағанын, тіпті кейбіреулері жол ережелерін жүйелі түрде бұзып, өрескел бұзушылар екенін көрсетіп отыр», – деді спикер.
Мәселен, жыл басынан бері полиция 6 млн жуық жол ережесін бұзушылықты анықтады, оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. Қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сотпен 14 мыңға жуық жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды.
Жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 жол апаты орын алып, онда 26 адам қаза тауып, 234 адам жарақат алды. Жаңа жүргізушілердің тәртібіне автомектептер әсер етуі мүмкін еді, бірақ оларға қойылатын талаптардың төмен болуы және олардың қызметіне мемлекеттік бақылаудың болмауына байланысты, жүргізушілерді даярлаудың сапасы да төмен.
«Жүргізушілерді шын мәнінде оқытатын және оларға жолда өзара сыйластық принциптерін үйрететін жекелеген автомектептер бар, бірақ олардың болуы және әлі де жұмыс істеуі, тек басшылары мен ұжымның ынта-жігеріне негізделген. Мемлекет тарапынан автомектептерді өзін-өзі реттеуге көшіру үшін, заңнаманы кезең-кезеңімен әлсірету арқылы осы саланы бақылауды жоғалтқанын мойындаймыз. Бүгінде 747 оқу орталығы оқуды жүзеге асырады. 2018 жылдан бастап автомектеп ашу үшін лицензиялар мен рұқсаттар қажет емес», – деді ведомство өкілі.
2020 жылы олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тоқтатылды. Сапасыз дайындық үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталды. Бұл өз кезегінде оқу процесінің көбіне қағаз жүзінде жүргізілуіне әкелді. Көптеген мектепте қажетті материалдық база жоқ. Автомектептер қызметінен күтілген өзін-өзі реттеу болған жоқ. Осы қызметтің барлық бағыты бойынша дайындық пен жарақтандыру сапасының төмендегені байқалады. Сондықтан жауапты ведомство осы салада тәртіп орнату бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы тоқтатылды. Даярлау курстарын аяқтау туралы куәліктерді және медициналық анықтамаларды электрондық формаға көшірілді. Барлық автомектеп мен білім алушы үміткерлер есепке алынады.