Жолаушыға сексуалдық зорлық көрсеткен қос жолсерік түрмеден шықты

0
565

Ақтөбеге қайтып келе жатқан әйелді екі жолсерік зорлады деген айып тағылды.


Жолаушыға сексуалдық зорлық көрсеткен қос жолсерік түрмеден шықты

ERNUR.KZ. 2018 жылы «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызында жолаушыны зорлаған екі жолсерік те бостандыққа шықты. Оның бірі жазасын толық өтеді, екіншісі шартты түрде уақытынан ерте босап шыққан, деп жазады inform.kz.

Оқиға 2018 жылы Астана-Ақтөбе арасына қатынайтын «Тұлпар-Тальго» пойызында болды. Іс материалына сүйенсек, Астанадан Ақтөбеге қайтып келе жатқан әйелді екі жолсерік зорлады деген айып тағылды. Іс Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша қаралып, 2019 жылы Қостанай қаласында үкім шықты. Сол кезде Қ.С.Құрманияз және Ж.А.Умбеталиев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Ақтөбе облыстық соты 23.08.2022 жылы сотталушы Қ.С.Құрманияздың жеке шағымымен келіп түскен жадығатты қарады. Сотталушы Қ.С.Құрманияз тағайындаған жазасының 1/2 бөлігін өтеген. КА-168/2 мекемесінің әкімшілігі тарапынан жақсы жағынан мінезделетіні, екі рет көтермелеу шараларына ие болғаны, сот үкімімен мемлекет кірісіне өндірілген процестік шығынды және жәбірленушінің өтемақы қорына өндірілген мәжбүрлі төлемді толық төленгені ескерілді. Ақтөбе қаласының №2 соты 22.06.2022 жылғы қаулының күшін жойып, сотталушы Қ.С.Құрманияздың шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды, - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Ал, екінші сотталушы Ж.А.Умбеталиев биыл 9 сәуір күні жазасын толық өтеп шықты. Ол 2019 жылы Қылмыстық кодекестің 120-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан бойжеткенді «Тальго» пойызында зорлады деген күдікпен екі жолсерікке қатысты қылмыстық іс сотқа түскенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Қостанайдың №2 қалалық сотында «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік бойжеткенді зорлаған екі жолсерікке үкім оқылған еді.