Алматы–Қостанай бағытында қатынайтын пойыздың 9 жолаушысы ішімдік ішіп, жолсерікке тіл тигізіп, полицейлерге қарсылық танытқан.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан станциясының желілік полиция қызметкерлері төбелескен тоғыз жолаушыны пойыздан түсіріп алуға мәжбүр болған, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Оқиға 18 ақпан күні болған.
"Нұр-Сұлтан станциясының желілік полиция басқармасына Алматы–Қостанай бағытында қатынайтын пойыз вагонында желсерік болып істейтін 26 жастағы әйел шағымданған. Оның айтуынша, жолаушылар ішімдік ішіп, өзге жолаушылардың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Ал жолсеріктің ескертуіне құлақ аспай, керісінше, тіл тигізген", - деді көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өмірі мен денсаулығына қауіп төнуінен қорыққан жолсерік қызметтік купесін ішінен құлыптап сақтану арқылы пойыз бастығы мен көліктегі полиция департаментінің өкілдеріне хабар берген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел әрекет етіп, мас жолаушыларды тәртіпке шақырғанымен, нәтиже шықпады. Тіпті, одан сайын ерегісіп, полицейлердің де жағасына жармасқан. Сөйтіп, бұзақылар Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция бөліміне жеткізіліп, хаттама толтырылды. Барлығының ішімдік ішкенін медициналық сараптама қорытындысы айғақтаған.
Осыған байланысты, қазіргі кезде қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша ("қоғамдық тәртіпті бұзу мен қоғамдық тәртіпті күзетумен байланысты қызметтегі билік билік өкіліне бағынбау, қарсылық көрсету") сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді олар бұзақылық әрекеттері үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі (13 миллион 255 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 1 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, осыншама мерзімге сотталуы да мүмкін.