ЖОО түлектері 1 жыл ішінде мемлекеттік жұмыстарға конкурссыз орналаса алады

0
639

Биыл 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің пилоттық жобасын сынақтан өткізу басталды.


ЖОО түлектері 1 жыл ішінде мемлекеттік жұмыстарға конкурссыз орналаса алады

ERNUR.KZ. Жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде облыстардағы аудан, ауыл деңгейіндегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналасуға мүмкіндіктері бар, деп жазады baq.kz.

«Астана қаласының коммуникациялар қызметі» алаңында «Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен басқа да өзекті мәселелер туралы» тақырыбында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Бибігүл Нұрова брифинг өткізді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық орган.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» заңына 2022 жылдың 30 желтоқсан күні енгізілген өзгерістерге сәйкес, Жоғары оқу орындарының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде облыстардағы аудан, ауыл деңгейіндегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз орналасуға мүмкіндіктері бар, - делінген хабарламада.

Ол үшін жастарға біріншіден, Жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аяқтауы қажет. Екіншіден, GPA көрсеткіші белгілеген мәннен, яғни GPA 3,33-тен төмен болмауы міндетті.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам уәкілетті органмен немесе оның аумақтық департаменттерімен келісу бойынша бекітілетін болады.

Биыл 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметке іріктеудің пилоттық жобасын сынақтан өткізу басталды. Пилоттық жобаның ерекшелігі үміткерлер арнайы кезеңдерден өтеді және конкурс жеңімпазы комиссияның шешімімен емес, сәйкесінше барлық кезеңдердің жиынтық қорытындысы бойынша жүйемен автоматты түрде анықталатын болады.

Дарынды, талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тарту мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы іске асырылып жатыр. Жастар үшін бұл жобаның берері мол. Мәселен, ЖОО-да оқып жүрген жастар осы жобаның арқасында мемлекеттік қызмет саласына қатысты пайдалы ақпараттарды біліп, қызметтің жауапкершілік жүгін сезінетін болады.