​ЖСН қателіктері: Қарағандылық 143 жаста болса, елордалық Майра «еркек» атанды

0
1 847

Заң мен заңға қосымша актілерде қателіктер болған жағдайда ЖСН-ді түзету туралы ешқандай норма жоқ.


​ЖСН қателіктері: Қарағандылық 143 жаста болса, елордалық Майра «еркек» атанды

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаттары ҚР Әділет министрлігінен қате жазылған жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) түзету үшін тиісті шараларды қабылдауды сұрады. Осы орайда Әділет министрі Марат Бекетаевтың атына депутаттық сауал жолданды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Заңға сәйкес, ЖСН дегеніміз - ол жеке тұлғаға бір рет және өмір бойына берілетін цифрлық код. Дегенмен, заң мен заңға қосымша актілерде қателіктер болған жағдайда ЖСН-ді түзету туралы ешқандай норма жоқ. Азаматтар түзетуге барған кезде, мұндай ереженің жоқтығы салдарынан ХҚКО қызметкерлері тарапынан тисті қадамдар жасалмайды. ЖСН беру кезіндегі қателіктен адамдар жылдар бойы өздерінің жасын, тіпті жынысын дәлелдеуге тырысып келеді», - деді депутат Шакир Хахазов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осы орайда депутат зейнетақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы мен алимент алуда кедергілер туындайтынын атап өтті. Адамдар төлей алмайтын айыппұлдары үшін шетелге шыға алмайды. Несие рәсімдеу немесе пәтер сату кезінде проблемаға айналуда.

«Нақты мысалдар келтірсек, жеке кәсіпкер Еркін Бектенбаев өз бизнесін жабуға мәжбүр болды. Себебі оның ЖСН-інде қателікке жол берілген, яғни жазылған сандар оның туған күніне сәйкес келмей қалған. Осыған байланысты Сатып алу порталы оны саудаға қатысушы ретінде тіркемеген. Кәсіпкер әділет органдарына ЖСН-ін өзгерту туралы бірнеше мәрте өтініш жасаған. Мәселе заңдық күші жоқ құжаттарды берумен ғана шектелген», - деді ол.

Белгілі болғандай, қарағандылық Наталья Шубичук 2018 жылы жоғалған жеке куәлігін ауыстырғаннан кейін, өзінің 143-те емес, 43 жаста екенін дәлелдеумен әуреге салынды. Нұр-Сұлтан қаласының 1972 жылы туған тұрғыны Вадим Шафаростов 5 жыл бойы өзінің зейнеткер емес екенін дәлелдеуге мәжбүр. Вадимнің ЖСН-і оны 1952 жылы туған деп көрсетіп отыр.

Алматы қаласының тұрғыны Нодира Рыскиева ЖСН-індегі әкесінің атының цифрлық кодын өзгерту үшін ХҚКО-ға барған. Нәтижесінде, ХҚКО оған екінші ЖСН берген.

Ш. Хахазовтың сөзіне қарағанда, Орал тұрғыны Игорь Бакалкин 2018 жылғы күзінде ЖСН-ді қалпына келтіру туралы өтініш жасады. Алайда қандай да бір түсініксіз себеппен оны 2010 жылы қайтыс болғандар тізіміне енгізіп қойған. Ол ресми түрде өлі саналып жүріп, осы уақыт бойы салықтарын, зейнетақы жарналары мен коммуналдық төлемдерін уақытында төлеп отырған. Кейіннен банк оның картасын бұғаттап тастады. Бұған біріктірілген салықтық ақпарат жүйесіндегі қателік себеп болғаны анықталды. Дегенмен, Игорь Бакалкин бүгінгі күнге дейін өзінің құқығын дәлелдеуде.

«Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Майра Мырзағали ХҚКО-дағы қателік салдарынан ер азамат ретінде көрсетілген. Е-gov жүйесі оның ЖСН-ін осылай белгілеп тұр», - деді депутат.

Оның пайымынша, аталған жағдайларды ескере отырып, біріншіден, жеке тұлғаның өтініші бойынша әділет органдарына ЖСН-ді түзету құқығын беруді және қызметтік тергеу жүргізу тәртібін белгілеу керек. Екіншіден, қате мәліметтер енгізгені үшін әділет органы қызметкерлеріне жауапкершілік шараларын күшейту қажеттігі айтылды.