Департамент директорының атап өтуінше, төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары тапсыратын болады.
ERNUR.KZ. Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация тапсыруы керек. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салықтық режимдерді әкімшілеу департаментінің директор Нұржан Қуандықов айтты, деп жазады inform.kz.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «кіріс» туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары – шамамен 580 мың жеке тұлға тапсырған. Екінші кезеңде осы жылы квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары шамамен 2,1 миллион адамды құрады. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады. Шамамен 3,9 миллион адам жоспарланған», - деді ол.
Департамент директорының атап өтуінше, төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары тапсыратын болады. Олар – 6,9 миллион адам. 2025 жылы 13 миллионнан астам жеке тұлғаны қамту жоспарланған.
«Келесі жылы бизнесмендер жеке мүліктерін жариялайтынын ескере отырып, осы санаттағы декларанттарға назар аударғым келеді. Олар – жеке кәсіпкерлер, бірінші басшылар, құрылтайшылар, заңды тұлғалардың қатысушылары. Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация тапсыруы керек. Алайда, филиалдар мен өкілдіктердің басшылары заңды тұлға болып табылмайтындықтан, декларация тапсыруға міндетті емес», - деді Нұржан Қуандықов.