Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес - Президент

0
575

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.


Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес - Президент

ERNUR.KZ. Кейінгі 15 жылда Жаңаөзенде мұнай өндіру 30 пайызға кеміп, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осныдай мәлімет келтірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ, Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етеді», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің мәліметі бойынша, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады.

«Бұл жағдай баршаға мәлім. Кейінгі 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр.

Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтты. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалып отыр. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.