​Жылу бағасы қымбаттай ма?

0
1 288

Қаланың коммуналдық қызметі өкілдері үнемі жылу құнын көтермесе шығынға бататындықтарын айтып отырады.


​Жылу бағасы қымбаттай ма?

ERNUR.KZ. Алматыда жылу энергиясының ақысы көтеріле ме? Жылу есептеу құралдарын орнатқаны үшін коммуналды қызметтерге ақша төлеу керек пе? Осы және өзге де мәселелер Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қаланың коммуналдық қызметі өкілдері үнемі жылу құнын көтермесе шығынға бататындықтарын айтып отырады. Алайда әкімдік олардың ұсынысын қолдай бермейді. Тіпті қалалық Табиғи монополияларды реттеу департаменті Алматы жылу желілері компаниясына жылу ақысын қайта есептеп, тұтынушыларға 37,6 млн теңге қайтаруға мәжбүрледі. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Исахов аталған талап міндетті түрде орындалатынын, алайда ол үшін тұтынушылардың төлем түбіртегінде артық төленген сомасы көрсетілуі тиістігін айтты.

«Орташа есеппен қалада жылу тарифі 6700 теңге шығады. Көбінесе тұтынушының меншік формасына және жылу есептеу құралының бар-жоғына байланысты шығады. Қазіргі таңда бұл тарифтің қалыптасуына негіз бар. Апта сайын өтетін штаб отырысында қысқы маусымға дайындық мәселесін талқылаймыз. Соңғы отырыста тариф мәселесі көтерілген болатын. Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы қатысқан еді. Нәтижесінде тарифтердің көтерілуі туралы мәселе күнтізбеден алынып тасталды», - деп М.Исахов.

Алматы қалалық жылу желілері компаниясының өкілдері көптеген үйлерде жылу есептеу құралдары жоқтығын алға тартты.

«Бүгінде Алматыдағы үйлердің 64% жылу есептеу құралымен жабдықталған. Жыл соңына дейін 2600 үйді осындай жабдықпен қамту көзделген. Әр үй құралдың ақысын 4 жылға 4 пайызбен бөліп төлейтін болады», - деді Алматы жылу желілері компаниясының бас инженері Дмитрий Кирдяйкин.