"Жын" шығарамын деп жігітті өлтіріп алған емшіге қатысты оқиғаның беті ашылды

0
2 241

Алматы облысында жынын шығарамын деп науқасты өлтіріп алған бақсы қамаудан босады


ERNUR.KZ. Алматы облысында бақсының емінен кейін көз жұмған 28 жастағы Тұрар Оразалиевтің туыстары емшіге қарсы іс қозғалғанына қарсы шықты. Дәстүрлі медицинадан шипа болмағандықтан, ақыл-есінің ауытқуынан үш жылдай қиналған жігітті жақындары бақсыға өз еркімен әкеліпті. Алайда, науқас 4 күн бұрын белгісіз жағдайда қайтыс болды, деп хабарлады "Алматы" арнасы.

Полиция дерегінше, Шамалған ауылының тұрғыны ауыр дене жарақатынан қайтыс болған. Алайда, бізбен тілдескен емші жігіттің денесіндегі жарақаттарды бұрын да байқағанын айтады. Экзорцизм сеансы, яғни денеден жын қуу кезінде кісі өліміне жол берілді деген айып шындыққа жанаса ма? Тергеу изоляторынан қолхатпен шыққан бақсыны марқұмның туыстары неге айыпқа тартқысы жоқ.

«Алла құр қалдырмас дейді. Сондықтан мұны Алланың бұйрығына, тағдырдың жазуына қалдырайық. Жақсылық емес, мен сеземін, жақсылық емес. Мен қазір кінәлімін де. Сондықтан екі жылдан төрт жылға шартты жаза алуым мүмкін, болмаса әрмен қарай кетіп қалармын», – дейді емшінің өзі.

Төрт бүркіт, үш тазысын серік ерткен Әбдікәрім құсбегілік өнерімен өңірге танымал. Үйіндегі мақтау қағаздары мен кубоктары ұлттық спортқа қосқан еңбегіне орай берілген. 63 жасында жын кірген жанды емдеймін деп басы дауға қалған құсбегі бірнеше күн қамалған соң, бүгін қолхатпен бостандыққа шығыпты.

«Иә, қолын байлап алып келеді. Солай алып кетеді. Күндіз, таңертең әкеледі. Бір сағаттай емдейді, содан қайтып кетеді», – деп мән-жайды баяндап өтті құсбегінің әйелі.

Ем сұрағанға дем беру қасиеті бар құсбегі ем-дом кезінде дұғадан өзег, қамшы, мүйіз сынды заттарды қолданады екен. Қасқыр мен түлкі терісі ілінген шағын бөлменің қабырғасындағы қызғылт түс – 28 жастағы Тұрар Оразалиевтің қаны.

«Тынышталмай, басын қабырғаға соқты, бірақ күдікке ілінгеніме өкінбеймін. Ауырған жанды жақындары байлап, қолын кісендеп әкеліп, жарты сағат ем салған соң, алып кететін. Жетінші күнге қарағанда есін жинап, жақсарып қалған еді» дейді құсбегі.

Ал жігіттің туыстары Тұрарды үйде байлап ұстағандарын, ол өзінің саусағын да шапқанын, көліктің астына да жүгіргенін баяндады.

«Айтуынша, аузыма жатқан кезде бір нәрсе кіріп кетті деді. Содан қараңғы бөлмеге қарап, қаша беретін болды. Қатарға қосылмайтын болды. Біреулер жын деді, біреулер дуалаған деді. Бір түрлі болып кетті», – деді марқұм Т.Оразалиевтің ағасы Амантай.

Қабырғасы күлдіреп қайтыс болған жігітті жақындары Талғардағы жүйке аурулары ауруханасынада жатқызған. Жаны жай таппаған жігіт өзіне бірнеше рет қол жұмсамақ болған соң, туыстары оны үйде кісендеп, күшпен ұстапты.

«Отын шабамын деп қолын шауып тастаған. Содан қашып Шамалған стансасына кетіп қалды. Одан машинаға салып, Ұзынағашқа алып келді. Мен Ұзынағашқа барып, Қаскелеңдегі ауруханаға апардық. Білмеймін ғой, жын кірсе неше молдаға барды, жазылмады ғой. Психикалық ауруға шалдыққан ба деймін», – деді марқұмның туысы Еркеғали Әбдіғалиев.

Марқұмның туыстары тікелей камераға тілдесуге қарсы болды. Бірақ ауызекі айтуларына қарағанда, олар медицинадан медет таппаған соң, бауырларын қырықтан астам емші мен молдаға апарып емдеткен. Алайда, жігітке ем де, есі де кірмей, өмірінің соңы осылай өкінішпен аяқталған.

«Бүркітші кінәлі емес, тағдыры солай болды. Сондықтан алдағы уақытта соңғы рет апарып емдеткен бақсыны сотта барынша ақтап алуға тырысамыз, оған өкпе, ренішіміз жоқ» десті.