2023 жылдың 31 қазанынан 1 қарашасына қараған түні Қазақстанда және әлемде хэллоуин тойланады.
ERNUR.KZ. Бұл мереке еліміздің азаматтары арасында көптеген пікірталас тудыруда. Оның танымалдығы жыл өткен сайын артып келеді, ал көпшілік оны қазақ мәдениеті мен менталитетіне жат санайды, деп жазады stan.kz.
ҚМДБ Шариғат және пәтуалар бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы хэллоуиннің исламға да, қазаққа да қатысы жоқ жындар мерекесі екенін айтты.
"Хэллоуин – жындардың мейрамы, оның дінімізге де, қазаққа да қатысы жоқ. Шариғатымыз мұндай мерекелерге тыйым салған. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кәпір қауым сияқты болмауды ескерткен. Ибн Омар (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім қандай да бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады", – делінген жазбада.
Айта кетейік, Хэллоуиннің негізгі идеясы тірілер мен өлілер әлемі арасындағы байланыс. Бұл түнде, аңыздарға сәйкес, өлгендердің рухтары Жерге оралады, адамдар зұлым рухтарды қорқыту үшін немесе ішкі қорқыныштарын жеңу үшін қорқынышты костюмдер киеді.
Қазақстанда Хэллоуин мерекесін тойлау тақырыбы жылдар бойы талқыланып келеді. 2022 жылы қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан біздің ел аумағында хэллоуинді тойлауға тыйым салуды сұрап, петиция жариялаған болатын.
Бұл мереке біздің елге америкалық дәстүрлерге сай өзгертіліп келді. "Хэллоуин" пұтқа табынушылардың егін жинау құрметіне ұйымдастыратын Самхейн мерекесінен бастау алғанымен, бұл христиандардың "Барша әулиелер күнімен" байланысты. Бұл күні шіркеулерде марқұмдардың рухына арнап дұға оқылады.
Көптеген жастар үшін хэллоуин – сатанизммен байланысты рәсім. Онда өлімнің иесі шайтан құрметтеледі, деді сол кездегі петиция авторлары. Алайда петициядан соң ешқандай тыйым салынған жоқ. Қазақстанда Хэллоуинді тойлауға әлі де рұқсат етілген.