«Бір көйлек алсам не дерсіз?!»: Роза Рымбаева концертіне бөлінген ақшаның қайда кететінін айтты

0
1 933

«Бізде өлгеннен кейін бағалайды»


«Бір көйлек алсам не дерсіз?!»: Роза Рымбаева концертіне бөлінген ақшаның қайда кететінін айтты

Қазақтың Розасы, атақты Роза Рымбаева ұлы Мәди Оқаповпен бірге «Менің өмірім» бағдарламасында сұхбат беріп, 50 жылдық есеп беру концертінің өткізілмеу себебін, кімдерге ренжулі екенін, түрлі қауесеттер туралы айтты. Айтуынша, көрермен концертке бөлінген қаржыны әнші қалтасына басты деп ойлайды екен. Шынтутайына келгенде сол концерттің үстінен 20-30 мың доллар өз қалтасынан шығарып қосатын көрінеді. «Тіпті, бір көйлек те ала алмаймын» деп ағынан жарылды әнші.


– 7 жылдан бері есеп бермедім. Бірақ, ол концерттердің болар-болмасы әзірге белгісіз. Менің концертімде фольклорлық ансамбль, үлкен оркестр, балет, декорация, оркестрдің партитурасы, балеттің репетициясы, оның қоюшы режиссері, киімдері бар, бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Мен соның бәрінің есеп-қисабын жасап әкімдікке ұсынысыммен шыққанмын. Олар келіскендей болды. Алайда желіде «Қант жетпей жатқан кезде қайдағы концерт?!» деген сияқты біраз әңгіме болды. Әкімдіктің мәдениетке бөлген қаржысы бір бөлек, қант зауытына жоспарлаған қаржысы басқа. Сондай-сондай әңгімелер болды.

Мен сахнада 50 жылдай еңбек етіп келе жатырмын. 5 жылда емес, жыл сайын концерт берсем де менің көрерменге, жастарға берерім бар. Әр әншінің өз жолы бар. Үйренгісі келетін жастарға мектеп болса екен деген ой. Ол концерттерді қанша жылдан бері беріп келе жатырмын. Ешқашан да пайда көріп, байып кеткен емеспін. Тіпті, бір көйлек алсам не дерсіз?! Өмір бақи таза өзімнің шығармашылығыммен тек қана Қазақстанда емес, халықаралық дәрежеде мойындалған әншімін. Сондықтан да сол деңгейді көрсетейін деген ой. Ол концерттің бәрін көбіне өз қаржыма өткізетінмін. Қазір нарықта баға 3 есе өсіп кетті. 3 жыл бойы жұмыссыз отырмыз. Әкімдік қолдаса 50 жылдық есеп беру концертімді жоғарғы деңгейде ұйымдастырып өткізсем деп едім. Мен өзім әкімдіктің оркестрінде жұмыс істеймін. Ресми жұмысым сол.

Сондықтан да біздің концерттік бағдарламамызды қолдаушы әкімдік. Біраз әңгімелер болды. Бірақ, жылдың соңына дейін әлі де уақыт бар. Ол мен үшін емес, көрермен үшін керек. Мен өз орнымды баяғыда алған әншімін, - деді Роза Қуанышқызы.


«Роза Рымбаеваның концертіне әкімдік пәленбай млн теңге бөліпті дегенді өз аузыңыздан естісек» деген журналистің сауалына:


– Залдың арендасы, сахнаны безендіру, жарық, контент, дирижердің жұмысы, оркестрдің репетициясы, орындалатын шығармалардың авторлары, балет, костюмі, оның қойылымы, режиссердің жұмысы, залдағы және телевизиядағы режиссердің жұмысы, бәрі де үлкен шығын. Бөлінген қаржының тең жартысы әкімдіктің қызметіне қайтарылады. Қалғаны жоғарыдағы шығындарға кетеді. Мен концерттеріме өз қалтамнан 20-30 мың доллар үстінен қосамын, себебі жетпей қалып жатады. Ақырғы Әлидің концертінде де жетпей жатқан қаржыны қалтамнан қосқан. Біріншіден, ол қаржы менің қалтама түспейді. Әкімдіктің шоттары бар, бәрін келісімшартпен істейді. Ал менің жұмысым таза шығармашылық, сценариймен жұмыс істеу. Соның өзіне көп энергия кетеді. Жеме-жемге келгенде сол концертке ең ақырғы күшімізбен әрең шығамыз. Көрерменнің көбі Рымбаева сол концерттен байыды, қаржыны қалтасына басты деп ойлайды. Көрермен дұрыс түсінбей жатыр. Олармен пікір таластырып, ақталғым келмейді. Себебі, ол кісілердің концерттің ішкі жұмыстарынан хабары жоқ.

Қазір төртінші альбомымды жазайын деп жатырмын. Әлі де үмітімді үзбеймін. Кім біледі, сол ақшаға қант зауыты тұрғызылып кетер ме екен?! – дейді Халық әртісі.


– Сіздің өміріңіз туралы кино түсіріледі деп естідік...


Иә, Рымбаева өмірден болған әнші екенін дәлелдейтін бір туынды шығарсақ дегенбіз. Сценарист бәрін менің өз аузымнан естіп жазды. Бұрынғы фото альбомдарды ақтардық. Бізде неге екені белгісіз, фильмді де, басқасын да өліп қалғаннан кейін шығарады. Бұл әлі белгісіз. Болмауы да мүмкін. Биыл менің жағдайым солай болып тұр жалпы. Мәдениет министрлігі де басында қолдады, кейіннен айнып қалды. Оның бәріне «Қазақфильмде» отырғандар, ақша бөлетін адамдар кінәлі. Жазуын жаздық, сметасын бердік, бірақ, тып-тыныш. 50 жылдыққа үлгереміз деп ойлағанмын. Одан кейін жасым да кетіп бара жатыр, - дейді Роза Рымбаева.