​«Ғарышкер» деп атадық»: Президент Димаш Құдайбергенге тазы сыйлады

0
5 576

«Тазы – таза ит, ол киіз үйге еркін кіре алған»


​«Ғарышкер» деп атадық»: Президент Димаш Құдайбергенге тазы сыйлады

Аты әлемге әйгілі әншіміз Димаш Құдайберген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйлық алды. Бұл туралы әншінің өзі «Инстаграм» парақшасында жазды.


«Достар, танысып қойыңыздар, бұл – менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «Жеті қазынаның» бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым сән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша өте ақылды келеді.


Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазының атын «Ғарышкер» деп атадық», - деді Димаш Құдайберген.


Әншінің әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандары «Ғарышкерге» ақ тілегін жаудырды. «Ғарышқа жететін даусы бар әншінің Ғарышкер досы құтты болсын! Ғажап сыйлық екен», «Тазының құндылығы мен тектілігіне ештеңе жетпейді. Көзіңнің қарашығындай қара, нағыз досыңа айналсын!», «Тазы – адамның нағыз досы, Президентіміз ерекше сый жасапты», «Ашаршылық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған екен. Өзі аш боп тұрса да байланып тұрған етті иіскемеген көрінеді. Текті қазақ бұл тазыны жеті қазынаның бірі еткен жоқ. Досың құтты болсын!» деп жазды көпшілік.


Айта кетейік, Димаш Құдайберген таяуда ғана «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алды. Ал бұл жаңалықты ең алдымен әншіге Президентіміздің өзі жеткізген.