"Сценарийін менің кітабымнан ұрлаған"
«Бұйрықтан тыс: Қазақстандағы шулы істердің құпиясы» атты кітаптың авторы, журналист Асқар Джалдинов фэйсбук парақшасында атышулы «5:32» сериалын түсірушілерді, яғни «Salem Social Media»-ны сотқа беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, сериалда көрсетілген қылмыстардың тарихы өзінің 2020 жылы жарыққа шыққан кітабынан алынған және автор ретінде рұқсатын сұрамаған.
Джалдинов сотта өзінің дұрыстығын оп-оңай дәлелдейтініне сенімді екенін және қорғаушысы тиісті жерлерге хат жолдап қойғанын жеткізді. "Біреудің затын ұрлауға болмайтынын түсінсе деймін", - дейді ол.
Сериалдың авторлары бұл айыптауларға әлі үн қатпады.
Естеріңізге сала кетсек, «5:32» қазақстандық сериалы тек елімізде ғана емес, кейбір ТМД елдерінде қоғамдық резонанс пен көпшіліктің қызығушылығын туғызған ең атақты жобалардың бірі. Сюжеттің басты кейіпкері – Шалқар, Думан атты әріптесі екеуі 90 жылдары маньяктар мен қатыгез қандықолдардың қорқынышты қылмыстарын зерттегенін еске алады.