«Содан бері ұйқы жоқ, маза кетті...»
«31 арнаның» тележүргізушісі, журналист Ерқанат Көпжасар Алматыдағы қанды қырғын кезінде көрген-білгенінің бәрін инстаграм парақшасында жазды. Журналист бейбіт шеруді арандатушылар тартып алғанын бірнеше күн бойы өз көзімен көріпті. Алаңдағы оқиғаларды қаз-қалпында жазған тележүргізушінің жазбасын бей-жай оқу мүмкін емес.
Монументтің алдында да наразылықтың бейбіт митинг сипатынан айрылғанын, мұның таза бүлік екенін ескерттік. Сөз тыңдаған жастардың кейбірі қайта бастады. Бірақ көбі алаңда қалды.
6 қаңтар. Таңертеңгі түсірілім жұмыстары. Алматының орталығы түгел өртеніп кеткендей көрінді. Қап-қара. Президент резиденциясында қан іздерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Өте қорқынышты. Түсірілімді бітіре сала жұмысқа қайттық. 31 арнаға жеткенімізде бір топ жігіттер арнамызға келіп, эфир талап етіп тұрғанын көрдік. Мақсаттары түсініксіз. Арна директоры Құрманбек Жұмағали эфир берілмейтінін айтып оларды кері қайтарды.
Сонымен біз сол күні эфирге шықан жоқпыз. Сағат 16-00 шамасында бір топ азаматтармен алаңға барып, қайтадан жиналғандарға басу айтып көрмек болдық. Барсақ, алаңда бір әйел жан дауысымен айғайлап, өзінің дүкені өртенгенін, енді оның кредитін кім жабатынын, бала-шағасын кім бағатын айтып ашынып тұрғанын көрдік. Бірақ әйелге жаны ашыған адам көрмедік. Керісінше, биліктің жіберген адамы деп оған пышақ ала жүгірген жігітті көрдік. Әйелді әрең арашалап қалдық. Жігіттерді сабырға шақырмақ болғандарды канистра көтеріп, бензин шашып өртеп жібере жаздағанын да айтқым келеді.
Ең қорқынышты жігіттер қайтып бара жатқанымызда Сан-Ионг көлігімен қос-қос мылтық ұстаған 7-8 адам келіп бізді іздей бастады. Бірақ біз Фурманов көшесінің бергі жағына өтіп үлгерген едік. Олар біздің соңымыздан қуған жоқ. Айқайлап қала берді.
Бұдан соң алаңға екі күн өткеннен кейін ғана бардым. Стэндап жазып тұрғанда оқ атылып, зәрем қашты. Содан бері ұйқы жоқ, маза кетті...
Баласынан айырылған аналарға қайғырып көңіл айтамын. Аласапыранда арандап қалған азаматтардың бәріне әділ тергеу жүруі керек. Қорына қару алып, бүлікке шақырғандар мен дүкен тонағандар кісі қанын мойнына алғандар заң алдында жауап беруі тиіс. Ал ештеңе бүлдірмей тек бейбіт митинг деп шыққандар қуғындалмауы тиіс. Себебі мыңдаған азамат митингті бейбіт болады деп ойлады. Бірақ бейбіт шеруді арандатушылар тартып алды, - дейді Ерқанат Көпжасар.