Төреғали Төреәлі: "Халық вирустан емес, биліктен тығылып жүр"

0
4 493


Төреғали Төреәлі:

Танымал Қайрат Нұртастың карантин талабын бұзып, тойда жүрген кезінде ұсталғаны туралы бұған дейін жазған едік.

Оның бұл әрекетін өнердегі әріптестері қолдап, жасырын тойлардың болып жатқанын, тек Қайрат ғана барып жүрмегенін айтуда. Солардың бірі - әнші Төреғали Төреәлі.

"Соңғы екі-үш күнде Қайрат Нұртас той үстінде ұсталды деп, тура қылмыс үстінде қандықол қарақшы ұстағандай ұрандатып жүргендер бар. Шын өнер адамы шақырса, қандай ортаға болсын барып, өнер көрсетуді парыз санайды.
Роза апаларымыз оқ жауып тұрған соғыста танктің үстінде ән айтқан ғой.
Туберкулез жайлаған түрмеден бастап, жемқорлық жайлаған мінбеге дейін құрметтеп шақырса барасың...
Оның жанында басшылықтан бастап, бүкіл жүйе дұрыс күреспей отырған Ковидтен Қайрат қана сақтануға міндетті емес шығар?
Вирустан емес, Биліктен тығылып, жалтақтап жасырын тойлап халық жүр.
Халықты бұл үшін жазғыруға болмайды.
Себебі, небір қиын қыстау кезеңдерде думанын тарқатпай, "бұдан жаман күнімде тойға барғам" деп мәтелдеген дархан халықпыз!
Махаббат карантинге қарамайды!



Отау құрған жастардың ниетін қолдап, жұртты жиып, некені көпшілікке жариялау діннің де, дәстүрдің де міндеті.
Ата-ана ол міндетті орындау үшін қандай жағдайда да жол табатыны белгілі.
Қазіргі тауда, табиғат аясында, тойханаларда "жасырын" өтіп жатқан тойлар соның дәлелі.
Иә, тырнақшадағы жасырын той!
Бәрі белгілі, әрі соған жол беріп қойып білмеген кейіп танытқан жемқор жүйенің ойыны бұл!
Сорлайтын сол қара халық!
Ковидті сылтауратып Әкімшілік пен Участковый тойды өз бизнестеріне айналдырып алды.
Ресторан қожайындары беретінін беріп, "крышасы" табылғанда ғана "жасырын" жұмысын бастайды.
Солай гарантиямен тойын қабылдағанын клиенттерден естіп жүрміз.
Әрі той үстінде тексеріп келгенде қонақтарды таратпай, "өзара келісіп" жалғасын тапқан тойларды да көзіміз көрді.
Бұған да үйреніп қалдық.
Бірақ түсінбейтінім базарларда иін тірескен жұрт жүргенде, мешіттердің аузында құлып тұрды...
Тамақтанатын кафе- ресторандарда орын жоқ кезде, тіпті түнгі клубтардың да жұмыс жасап жатқанында, қоғамдық моншаларда кемі 50 ден 250 ге дейін адам араласып жуынып жүргенде де, той жасауға рұқсат бермеді!..
Бұл қарапайым халықты қалайда тығылып той жасап, жамағатсыз ғибадат жасауға қолдан ұйымдастырған әрекет.
Мешіт пен тойға адам таза боп баратын еді..." дейді әнші.

Әншінің бұл жазбасына танымал Серік Ибрагимов, Жігер Ауыпбаев сынды эстрада өкілдері қолдап пікір қалдырған. Сонымен қатар, жанкүйерлері де "Автобусты айтсаңызшы, Алматыда. Бір басы мен екінші басына 2 сағат жүретін. Бір бірімен сүйісейін деп тұрған адамдар таңертең және кешкі уақытта", "Ойй рас, Қайрат бір қылмыс жасағандай бәрі шулап жазып.Бәрі карантин шараларын орындап жүр екен де Қайрат қана орындамапты" деген сынды пікірлерін жаудыруда.