Қазақстанның намысын көтеріп, додаға түскен жас жеткіншектің топ жаруына не кедергі болды? Эстрада жұлдыздарының "Голос дети" жобасы туралы пікірі қандай?
фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден
"Кешью" тобының экс солисті, әнші Жанар Дұғалова "Голос Дети" жобасының әділетсіз өткендігін айтты. Ол, Қазақстан атынан додаға түсіп, ақтық мәреге жеткен Ержан Максимді жемқорлықтың құрбаны болды деп ойлайды. Әнші бұл жайында инстаграмдағы өз парақшасында жазба қалдырды.
Әншінің ойынша байқау әділетсіз өткен. Ән әлемінен хабары бар, музыканы жүрегімен түсіне алатын жандар бірден түсінеді дегенді алға тартты.
"Финалды көрген құлағы, көзі, талғамы мен музыкалық түсінігі бар адам бұл қандай әділетсіз мәре болғанын көріп отыр! Біздің Ержан өте лайықты өнер көрсетсе де, өкінішке қарай жемқорлықтың құрбаны болды. Біздің заманда өнерге осынша кір келетіні өте өкінішті. Ержен, сағың сынбасын! Сен нағыз жеңімпазсың!", - деп өзінің жерлес бауырына қолдау да білдіріпті.
Кезінде елінің атынан сынға түсіп, топ жарған Жанар Дұғалованың ойы көпшіліктің пікірімен бірдей болып шықты. Байқаудың әділетсіздігін байқаған көрермен де жемқорлықтың белең алғанын айтып, ағынан жарылды.
"Жанара, Жемкорлық деген қалмаған, қалмайды да.. Өкінішті, осындай өнерлілердің сағын сындырады", "Алланың көзі түзу болсын. Димаш ағаңа да талай сын болган шырылдайды деген. Бірақ әлемді мойындатты ғой", "Жанар, жаздыңыз. Бірақ Ержан баламызға айтарым - Алға, ер-жігіт мақсат қойса бәрі бір сол жеңісіне жетеді" - деп оқырмандар өз пікірімен бөлісті.
Айта кетейік, "Голос дети" байқауының алтыншы маусымы 15 ақпанда басталған. Күні кеше өткен ақтық мәреде үш талантты жеткіншек өнер көрсеткен болатын. Байқау қорытындысы бойынша 56,5 пайыздық дауыспен әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова бірінші орыннан көрінді, екінші орында жерлесіміз Максим Ержан 27,9 пайыз дауыс жинаған, ал Валерий Кузаков үштікті түйіндеді. Тек қазақстандықтар ғана емес, көршілес мемлекеттің азаматтары да бас бәйгенің дұрыс берілмегенін айтып, пікір қалдырған.