Журналист неге жөнсіз сөйлейді?

0
2 741

Бұл туралы кейіпкердің өзі маған "Мына кісілерге айтатын таныс жоқ па? Жетім деп өрескел жазыпты. Сіздің рұқсатыңызды алмай ма? Хабарламама жауап бермеді. Жетім демесе болды. Адамдар маған бейшара қылып қармаса деймін" деген хабарламасын жолдаған болатын.


Журналист неге жөнсіз сөйлейді?

Қазақстанда осыдан алты жыл бұрын қабылданған "журналистің этикалық кодексі" атты құжат бар. Онда журналист жеке өмірді, адамдық ар-намыс пен іскерлік қасиетті құрметтеу қағидаттары көрсетілген.

Десе де адами қағидадан сенсация үшін аттап кететіндер болады. Жақында біздің ERNUR.KZ ақпараттық порталында "Алты жасында ата-анасынан айырылған миллионер" атауымен Сейітбек Ертайдың сұқбаты жарияланған болатын.

Сұқбат жарыққа шыққаннан-ақ оқырмандардың қызығушылығын оятқан сияқты. Әрине, Сейітбек сияқты жігіттерді дәріптеу, үлгі ету біздің мақсатымыз. Дегенмен бізді қынжылтқаны - ол материалдарды көшіріп таратқандардың дөрекі, жалған сөзді қосуы.

Мысалы, инстаграм әлеуметтік желісіндегі @qazaq_news деген топ өздеріне "Шымкенттік жетім бала бизнесін ашып, екі пәтер алған" деп жариялаған.

Бұл жазбадағы "жетім" сөзі кімді болсын елеңдетеді әрі ол жігіттің намысына тиетініне де түсінікті емес пе? Бұл туралы кейіпкердің өзі маған "Мына кісілерге айтатын таныс жоқ па? Жетім деп өрескел жазыпты. Сіздің рұқсатыңызды алмай ма? Хабарламама жауап бермеді. Жетім демесе болды. Адамдар маған бейшара қылып қарамаса деймін" деген хабарламасын жолдаған болатын. Олармен байланысқа шығуға қанша тырысқанмен, біздің хабарламаларымызды жауапсыз қалдырып отыр.

Бұған қоса орыс тіліне аударылып басылған материалдардың барлығында дерлік "жетім" сөзі қолданылып, асыра сілтеу болған. Олай дейтініміз, мен материалымда "Болашақта үлкен кітап дүкендер желісін ашқысы келетін жігіт осы кезге дейін екі баспаналы болған екен" деген сөйлем жазғанмын. Көшіріп басқан жұрт оны "Бизнес жасап екі баспана алған" деп жазып жатыр. Әсілінде бір баспананы оған мемлекет бергенін сұқбатымның алғашқы абзацында айтып кеткен болатынмын.

Әр материалы журналистің төл баласы сияқты емес пе? Ендеше, неге журналист қауымдар өз "балаларын" ұсқынсыз кейіпте ұсынады? Өз жазбаларында "жетім", "мүгедек" сияқты сөздерді қолдану қаншалықты дұрыс?

Автор: @karashash_esenbay