ЕТЕККІР кезіндегі бұл белгілер ҚАУІПТІ саналады!

0
201 114

​Онымен бірге әйелге әдемілік, күйеу, бала келеді. Ол өзін ерекше күтіп алып, көңіл бөлгенді жақсы көреді... Ал, ол кетсе – әйел нәзіктігінен де, бала туу қабілетінен де айырылады. Ол сізде қалыпты ма? Оны білу үшін сіз күнтізбесін жүргізіп отыруыңыз қажет!


ЕТЕККІР кезіндегі бұл белгілер ҚАУІПТІ саналады!

фото: wallhere.com

Әйел бойындағы еркекте жоқ нәзіктік, сұлулық, жүктілік етеккірмен тығыз байланысты. Ол қыз бала ағзасының көктемі басталар шақта «келіп», күзі басталарда «кетеді». Иә, күн суығанда жылы жаққа кететін құс секілді. Құс демекші, мұндай "құсқа" да қолайлылық, көңіл керек. Ал, сіз оған қалай қарап жүрсіз?


Қай жаста басталуы тиіс?

Жалпы, етеккір – бұл жатырдың ішкі эндометрий қабатының жаңару үдерісі. Медицина мамандарының айтуынша, ол жаңарған сайын әйелдің бүкіл ағзасында қайта қалпына келу, жасару орын алады екен.

Етеккірдің келуі – жыныс мүшенің жетілгенін білдіреді. Дені сау әйелде климастық кезеңге дейін ай сайын тұрақты келуі керек. Ол әркімнің ағзасының ерекшелігіне байланысты 10-14 жаста басталып, 50-55 жастарда тоқтайды. Алайда, ол тым ерте және кеш келсе оған немқұрайлы қарауға болмайды. Мұндайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет.


ЕГЕР, 10 жастан бұрын келсе, 17 жасқа дейін келмесе...

Америка ғалымдарының зерттеуінше, етеккір келуі 10 жастан бұрын және 17 жастан кейін басталған әйелдер жүрек қан тамырлары ауруларына, инсультқа, артериалды қан қысымының жоғарылауына бейім келеді екен. Сондай-ақ, етеккірдің ерте және кеш келуі қыз баланың сүт безінде, жыныс безі жүйесінде, басқа да гормональды аурулардың бар екенін білдіреді.

Сондықтан да қыз бала 10 жасқа толмай жатып етеккір келсе және 17 жасқа дейін келмесе, онда ата-анасы уақытты созбай дәрігерге тексертіп, қажетті кеңес алғаны дұрыс.

Дәл сол сияқты ай сайын тұрақты келетін етеккір айналым мерзімі (циклі) әркімнің ағзасының күйіне орай, түрлі уақыт аралығын қамтиды. Біреуде әр 21 күн сайын етеккір келсе, енді біреулерде әр 28 күн сайын айналып келіп отырады. Ал, оның арасы қанша уақыттан кем, не артық болса ол қауіпті саналады?


21 күннен кем, 35 күннен артық болса...


фото: metdaan.com

Етеккір айналымының мерзімі – бірінші келген күні мен келесі айдағы соңғы келген күн аралығы. Мысалы, қазан айындағы етеккір келген алғашқы күн мен қараша айында етеккір кезеңінің аяқталған күн аралығы. Бұл аралық шамамен 28 күн болуы тиіс. Әйтсе де, әйел ағзасындағы кейбір өзгерістерге байланысты, дәлірек айтқанда психикалық және физикалық әсерлерге қатысты бұл көрсеткіш өзгеріп отыруы мүмкін. Яғни, етеккір жүйелілігінде өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, өткен айда 21 күннен кейін келсе, ал одан соң арада 33 күн өткеннен соң келсе, бұл да қалыпты боп табылады.

Бірақ та, нендей жағдай болса да, етеккір айналымының мерзімі 21 күннен кем болмауы керек және 35 күннен асып кетпегені дұрыс. Егер, етеккір циклі аталған көрсеткіштен кем, я болмаса артық болса, онда гинекологқа барыңыз!


Төсемені 1-2 сағат сайын ауыстырсаңыз...

Сізде етеккір айналым мерзімі қалыпты болғанымен, қынаптан бөлінген қан мөлшері қалыпты ма? Бұған да мән берген жөн. Сонда оның мөлшері қандай болуы керек?

Бұл әркімде әр түрлі, нақты айту мүмкін емес. Дегенмен, медицина мамандары егер төсемені әр 1-2 сағат сайын ауыстыруға тура келсе, онда бұл – «гинекологқа тексеріліңіз» деген ескертуді білдіреді дейді. Қан мөлшерінің шамадан көп келіп жатқанын түнгі уақытта да анықтауға болады. Түнде жатарда төсемені жаңалағаннан соң, таңға дейін алаңсыз ұйықтайсыз ба? Егер, түн ортасында тұрып төсемені ауыстыруға мәжбүр болсаңыз, бұл денсаулығыңызда кінәраттың бар екенін білдіреді. Таң атысымен-ақ дәрігерге асығыңыз!


Қанша күннен артық созылмауы қажет?

Дені сау әйелде етеккір 3-7 күнге созылуы керек дейді мамандар. Ал, 2 күннен кем келсе, онда бұл – горманальдық ауру немесе олигоменорея, ал 10 күннен асса онда бұл – жатырда ет өскеннің немесе полип, миома және қатерлі ісіктің пайда болғанын білдіруі мүмкін екен. Бұл өте қауіпті.

Сонымен қатар, етеккірдің ауыртып келуіне де бей-жай қарамаңыз, ол – альгодисменорея деп аталатын дерттен хабар береді.


Қай белгілер қалыпты саналады?

Тәбеттің артауы, эмоциональды сезімталдықтың жоғарылауы, көңіл күйдің болмауы, белдегі жеңіл ауырсыну, бас ауруы, бет терісінде қызыл бөртпелердің пайда болуы, ұйқысыздық, іштің кебуі, дененің және аяқ-қолдың ісінуі қалыпты саналады.

Осы аталған қалыпты жағдайлардан басқасының бәрі де – ағзаңыздың «дәрігерге тексеріл» деген дабылы. Ағзаңызда тіл жоқ, сондықтан да ол белгілі бір кеселдің пайда болып жатқанын, қауіпті етеккір кезіндегі «дабылдармен» білдіреді. Дабылға құлағыңыз түрік болсын, өйткені, етеккір реттілігінің бұзылысы, айналым мерзімінің өзгерісі тек гинекологиялық емес, ол эндокринологиялық, неврологиялық, тіпті онкологиялық дерт белгісі де болуы әбден мүмкін.


Міне, әйел адам етеккірдің көмегімен ай сайын денсаулығында сырқаттың бар-жоғын анықтап, қауіпті дерттердің алдын ала алады. Мұндай жанашыр еркекте жоқ, әйелде бар. Ендеше, әйелдер, өзіңізде ғана бар мұндай «жәрдемшіні» қуана қарсы алыңыз, ерекше гигиеналық тазалықпен шығарып салуды үйреніңіз! Сонда дерт те сізге жоламайды!

Ж.СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Шәует түсі мен көлеміне қарай еркек денсаулығын білу қиын емес

Тұмаумен ауырған адамның емделу кезіндегі қауіпті 5 қателігі