"Қызының жасауына итаяқ қана қоспады десем өтірік болмас. Ондай жасауды байлар да жасамайды. Ең ақыры, дәрет алатын құманына дейін сатып алды-ау"...
Бүгінде алаяқтық әрекетке алданып жиған-тергенінен айырылып жатқан адамдарды көптеп кездестіруге болады. Түрлі қаржы пирамидаларына ақша салып жіберіп соңында бармақ тістеп өкінгендер туралы басылым беттерінде де жиі жазылып жатады.
Ал ағайындар арасындағы алаяқтыққа қандай заң бар? Тек туыстық қарым-қатынасқа ғана сеніп ешбір құжатсыз бірге туған бауырына бар тапқан ақшасын ұстатып жібергендердің құқығын қорғала ма?
Осындай жағдайға душар болған отбасы ERNUR.KZ тілшісіне оқиғасын айтып берген болатын.
Ерлі-зайыпты Жәмила мен Орданның төрт баласы бар. Бірі базарда тұрып гүл сатып ақша тапса, екіншісі құрылыс саласында жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүр. Алматы қаласына көшіп келгелі бесінші жылға жуықтапты.
- Туған ағама ренжіп көшіп кеттім. Бірақ қайда барасың, өз саусағыңды өзің кесе алмайсың ғой?! Бірақ ағамдыкі дұрыс емес екенін бәрі біліп-көріп отыр. Мені ешбірі кінәламайды ол үшін. Тек ағамның маған жаны ашымағанын қинайды, - дейді Ордан.
Ал келіншегі Жәмиланың айтуынша, бәріне абысыны кінәлі көрінеді. Енесінен ақшаны алған да, қайнағасы мен қайнысын көндірген де сол екенін айтады ол.
- Қара шаңырақта тұрдық. Атамыз ертерек дүние салған. Ол жақта да базарда жұмыс істедім. Екеуміз бар тапқанымызды тірнектеп жинадық. Саудамыз жүріп тұрғанда балаларды енеме тастап, күн суықта дірдектеп жүріп тапқан ақшамыз еді. Үйде ақшаны енем ұстайтын. Жиған-тергеніміздің басын құрап отырған жан бар ғой деп алаңсыз жүрдік.
Бермей қояды деп тіпті ойламаппыз. Күйеуім үйінің кенжесі, мұның қалтасына күні қарап қалған ешкім жоқ. Әпкелеріміз де, қайнағамыз да жағдайлары жақсы. Оқымай қалған біз ғана болмасақ, - дейді Жәмила.
Айтуынша, саудадан тапқан ақшасы 6 миллионға жеткенде қайнағасы үлкен қызын ұзататын болыпты. Абысыны тұңғышын ұзатарда теңгесін жеткізе алмай, жасауы мен ұзату тойын істеу үшін келіні мен қайнысынан ақша сұраған.
- Ол білген, енем айтса керек. Бір күні үйге қайнағамыз екеуі келді. Дастархан басында ақша сұрады. «Той өткен соң қайтарамын, елге өткізгеніміз бар ғой біздің де!» деген соң бердік. Оның үстіне енем де «ағаңа бермегенде кімге бересің, қарыз боп қалмайды, мен бармын ғой» деді. Имандай сендік.
Абысыным қызының жасауына итаяқ қана қоспады десем өтірік болмас. Ондай жасауды байлар да жасамас. Ең ақыры, дәрет алатын құманына дейін сатып алды-ау. Ақшаны қарызға емес, біреу апарып қосқандай жаратқанына қарап «ойпырмай, қалай болар екен» деп ойлап едім. Құдай сездірген екен. Ұзату тойына үш жүздей адам шақырған. Дастархан деген ас та төк ысырап болды. Ондай тойды көрмеп едік. Қай әншілердің келіп өлең айтқанын айтпай-ақ қояйын.
Қызықтың бәрі той өткен соң басталды. Ертеңіне ағайынның басын қосып тағы «құдайға шүкір» жасады. Өзіне таққан алтыны мен құдағиы кигізген шубасын көрсетіп мақтанды. Үндемей қызметте жүрдік. Бір апта өтті, ақшаны әкеп берген ешкім болмады. Сосын енемнен сұрай бастадық, - дейді Жәмила.
Айтуынша, қайнағасы біраз уақытқа іссапармен астанаға кетіп, абысыны оның келуін күткен. Бірақ келген соң да ақшаны қайтаруға асықпаған.
- Бір шикіліктің болып жатқанын сезіп, апама қыңқылдай бердім. Күн суықта дірдектеп, ыстық күнде қақталып жүріп жұмыс істеп тапқан ақшамыз. Бала-шағамыз өсіп келеді, соларға қаладан бір пәтер алып қойсақ па деп жинағанымыз ғой. Ішпей-жемей, жұрт сияқты алтын мен тонға оранып жүрмей, ең бірінші балаларымыздың болашағына деп жиғанымыз еді.
Қоңырау шалсақ, тұтқаны көтермей, хабарлама жазсақ жауап бермеуге көшті. Сөйтіп жүріп тойдан кейін екі ай өтіп кетті. Мен де әйелмін ғой, күйеуімнің миын жей бастадым. Енем де жалтаңдап түк түсінбей жүр. Бір күні үйіне барамыз деп шештік. Кешкісін балаларды өздерін қалдырдық та, апамды алып аудан орталығындағы қайнағаның үйіне бардық.
Тойдан кейін бармаған едік, үйіне керемет етіп әдемі жиһаздар алып тастапты. Люстраларына дейін қымбатына ауыстырып тастаған. Не үшін апақ-сапақта барғанымызды сезіп, абысыным қабағын түйіп алды. Көшеден келген баласына айғайлап ұрсып, әрдеңені айтып кетсін. Енем отыр демегеніне тіксініп қалдық. Ал қайнағада үн жоқ. Алдымен енем, сосын күйеуім себебін айтты шай үстінде. Мен де ақша беретінін күтіп жүргенімізді әзілдегендей боп айтып қалдым. Сөйтсек, не дейді десеңізші?!
«Той өзін өзі ақтамады, қарыз боп қалдық. Бәрі жасаумен кетті. Біраз күте тұрыңдар. Береміз ғой», - деп қарап отыр қайнағамыз. Абысында үн жоқ. Енем біраз қаттырақ сөйледі де, қайтып кеттік.
Қара шаңырақта отырған олардың көретіні алда екен, екі айдан соң апалары ауырмай-сырқамай ана дүниеге кете барыпты.
- Апам кетерін сезді ме, бір апта бұрын қасымда шай ішіп отырып үлкен ұлының өзімшілдеу екенін айтты да, маған аманат еткендей болды. «Балам, ақша қолдың кірі. Не болса да, жалғыз ағаңмен ренжіспе. Басыңа әлі бақ бітер...» дегеніне сәл ашуланып қалып едім. Жарықтық, сезген екен ғой ағамның озбырлық жасайтынын. Екі күн ғана басы ауырғанын айтып жатыр қалған апам о дүниелік боп кете барды. Өзімнің қабырғам қайысып отырғанда жеңгем келіп «өлетін емес еді, түбіне жеттіңдер ғой» деп көптің көзінше дауыс салып жылағаны жаныма батып кетті. Ашуланып, үйден қуып шыққанымды ағам көтере алмады, - дейді ағасына ренжіген Ордан.
Оның айтуынша, содан кейін мәселе түйіле берген. Шешелерінің атындағы үйді өз атына жазғызбақ болыпты жалғыз ағасы.
- Әпкелерімнің айтқанына да, үлкендердің араға түсуіне де көнбеді. Ашуым келіп бала-шағамды алдым да, көшіп кеттім. Соңғы ренжіскенімізде ағамның ар жағында тұрған жеңгем «6 миллионыңды қолың жеткенде аласың» деп кіжінді. Мұнан артық қорлау бар ма? Соған да үндемеді ғой ағам?!
Міне, содан бері бес жыл өтті. Әпкелеріммен ғана араласып тұрамын, ағама бармаймын. Ол да іздемейді. Кінә өзімнен деп ойламайтын да көрінеді. Қара шаңырақты өз атына жазып алыпты деп есіттім. Мейлі, құдай жеткізсін бізге. Қазір еңбегіміздің арқасында жер алып, кішігірім үй салып алдық. Далада қалған жоқпыз, - деді Ордан осы күніне шүкірлік айтып.
Ал келіншегі Жәмиланың ашуы әлі күнге тарқамағанға ұқсайды.
- «Мал ашуы – жан ашуы» деген қазақ. Шиеттей баламен қаңғытып жіберіп отыр, ана дүниеде әке-шешенің бетіне қалай қараймын деп ойлай ма екен? Алған ақшаны қайтарайық десек, не тілхаты, не бір телефонда «ақша алдым» деп жазған хабарламасы жоқ, сотқа да бере алмайды екенбіз. Құдайдан да қорықпады, арқасы жақсы болмас. Құдай өзімізге денсаулық берсін, - дейді Жәмила кіжініп.
«Егер осыны оқыса әлі де ойланар, райынан қайтар деген үмітім бар ағамнан. Бір туған бауыр екенімізді ұмытпаса, әлі де жарасып кетерміз», - деген Ордан әлі де ағасынан үміт үзбегенін жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Енем «Пәк емессің» деп бетіме басқан жоқ»: Алданып қалған қыз бүгінде алты баланың анасы
«Ата-ананың жайын неге ҚЫЗ көп ойлайды?»: қызылордалық келіншек ағаларына ренжулі