«Әйел ретінде қызық емессің»: түркістандық әйел бала да туып, ақша да табумен айналысқанына өкінеді

0
2 709

"Келін түсіргелі отырғанда мына сөзі ауыз тиді"


«Әйел ретінде қызық емессің»: түркістандық әйел бала да туып, ақша да табумен айналысқанына өкінеді
иллюстрациялық фото интернеттен алынды



«Еркек қырыққа келгенде құтырады» деуші еді жеңгелеріміз. Бес саусақ бірдей емес қой деп ойлайтынмын. Өйткені менің күйеуім жүріп кететін еркектерге ұқсамайтын», - дейді Қарлығаш есімді әйел.


Оқиғаның жай-жапсарын сарыағаштық келіншектің өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Күйеуім қырыққа келгенше құтырмақ түгілі қыдырып көрмеген еді. Отбасы үшін жанын беретін. Бар тапқанын балаларының аузына тосатын. Маған да қырын қараған емес. Пісірген тамағымды «дәмді болыпты» деп соғып алатын. Содан шығар «күйеуім біреумен жүріп кетеді-ау» деген ой үш ұйықтасам түсіме кіріп шықпапты.


Сол бейғамдығымнан шығар, қыз күніме қарағанда әжептеуір толдым. Сарықарын бәйбіше болдық. Ауылдың тірлігі белгілі ғой, таңнан тұрып сиыр сауасың, балалардың тамағы бар, кірі бар. Одан қалса мектепте мұғаліммін, сілем қатып келсе де түннің жарымына дейін дәптер тексеру, күнделік толтыру,жоспар жазу... Қысқасы, соңғы бес жылда шаруаларым қат-қабат болып кетті. Өзіме қарауға да уақыт болмайтыны рас енді. Төсекке басым тисе қор ете қалатыным тағы бар. Осылардың кесірі де күйеуімнің суып кетуіне себеп болды ма деп ойлаймын.


Сәбит аудандық әкімдіктің бөлімінде бас маман болып істейді. Айнала толған қыз-қырқын, ауданның аты аудан. Ол жақтағы әйелдердің тірлігі бізге қарағанда анағұрлым жеңіл. Сымбатына қарағаннан басқа не істейді? Еркекке көзін сүзіп тұрған соң, қойсын ба? Сондай сылқымдардың біреуі менің күйеуімді қақпанға түсіріпті.


Обалы не керек, күйеуімнің телефонын ешуақытта ақтарып көрмеппін. Ондайды мен әр адамның жеке шекарасы деп қабылдаймын. Өзге әйелдер секілді келіп түскен хабарламаларға елең етпепін де ғой. Соншалықты бейғам болғаныма қазір таңғаламын.


Кішкентай қызым болмағанда әлі де ештеңеден хабарсыз жүре берер ме едім. Бір күні күйеуім жұмыстан келді де, телефонын үстел үстіне қойып, жуынуға кетіп қалды. Екіден енді асқан қызым алып, хабарлама түсетін жерін ашып, оны менің қолыма ұстатып кетті. Құдай да «Көзіңді аш, аңқау болма» деп белгі бергендей ғой. Ашулы тұрған хаттарды оқысам сұмдық-ай...


«Сенің жаныңда өмірдегі барлық проблеманы ұмытамын», «Өзіңмен бірге тұрғым келеді», «Тағы бір түнді бірге өткізу үшін барымды берер едім» деген хабарламалар тұр. Күйеуім жазған. Айжан деген біреуге. Менің телефон ақтармайтыныма әбден көзі жеткен соң өшіруді де ұмытып кеткен ғой.


Жаман болдым. Ішім алай-дүлей. Ту сыртымнан біреу пышақ сұққандай, жаным ауырды. Көзімнен жас пырт-пырт етіп шыға берді, шыға берді. Бірақ оны күйеуіме лақ еткізіп айта салмадым. Іштен тындым. Әбден ойланып, не істеу керегін шешіп алайын дедім.


Болған жағдайды күйеуімнің сыныптасының әйеліне ғана айттым. Ең жақын құрбым еді. Өзі ер мінезді, тура сөйлейтін келіншек еді. «Сүмірейіп, байыңды сол қатынға беріп қоясың ба? Жүр, кездесуге шақырайық, барып сөйлесейік» деді.


Тағы бір күні телефон нөмірін жазып алдым да, Гүлнұрдың қолына ұстаттым. Әлгі қызды кездесуге шақырды. Екеуміз бардық. Расында да әлгі қыз өте сүйкімді, қыпша белді, ұзын шашты, тартымды екен. Қарап отырып өзімнің әуесім келді. Іштей соншалықты салпыетек әйелге айналып кеткеніме өкіндім. Бірақ ақымды Гүлнұр алып берді.


«Сәбиттің басын неге айналдырасың? Сенде ар-ұят деген нәрсе бар ма? Балаларын неге ойламайсың?» деп сұрақты төпелете бастап еді, әлгі қыз сасқан жоқ, «Біз бір-бірімізді сүйеміз» деп дік ете қалды. Гүлнұрға да керегі осы еді, қыздың бұрымына қос қолдап жабысты да, жерге сүйрей жөнелді.


«Сені де біреу қызым бар деп отыр-ау, көргенсіз неме? Сәбитті адам еткен осы әйел, біліп ал. Дап-дайын байға ие болам десең қателесісің. Дәл қазір тізерлеп тұрып кешірім сұрамасаң, мұрныңды бет қыламын. Сұра! Кешірім сұра деймін!» деп ішінен бір ұрды. Гүлнұр ірі денелі еді, қыз екі бүктелді де қалды. Кешірім сұрады.


Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. Болған жағдайды күйеуім естіген. Үйге келіп, маған айқайлады. «Осының бәріне өзің кінәлісің! Әйел деген атың болмаса затың еркекке ұқсап кеткен. Төсекке басың тисе қор ете қаласың. Өзіңе қарап, кішкене сыланып-тарану деген жоқ. Маған әйел ретінде қызық емессің, адамды өзіне тартар бір қылығың жоқ. Мен оны сүйемін, өтің жарылып кетсе де шындық осы. Барып тұрамын, бірақ сені де тастамаймын», - деп кесіп айтты. Тілімді тістеп, іштен тынып мен қалдым.


«Сәбит шаршамасын, жұмысы ауыр ғой» деп бар шаруаны өзім ептеп, баланы да бағып, ақшаны да тауып жүрген мен ақымақ екенмін. Осы уақытқа дейін жасаған тірлігімнің бірі де көзіне көрінген жоқ. Бәрін ысырып қоя салды.


Қазір екеуміздің арамыз мүлдем суып кеткен. Жиырма үшке толған ұлым «үйленемін» деп қоймай жүр. Кешегі аптада құдалармен кездесін, тәтті шай іштік. Жақын арада келін түсіреміз. Ол келгенде өзгеріп, райынан қайтар деген үмітім бар».


Қарлығаш өзінен кейінгі қыз-келіншектер «үй, жұмыс» деп шаба бермей, бір уақ өздеріңе күтім жасаңдар деп кеңес береді. «Әйелдің тірлігі емес, қылығы бағаланады екен. Қылықты болудан қашпаңдар, уақыттың көп бөлігін күйеулеріңе арнаңдар» дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Өзім тигендей қуандым»: жетісайлық келіншек қайынсіңлісімен арадағы жағдайды жайып салды


«Үйленбесе сотқа берем» деді: шымкенттік жас келін қайынағасы жайлы шындықты жайып салды