​«Анасын көріп қызын ал» деген өтірік!»: Шымкенттік келіншек өз анасына ұқсағысы келмейді

0
4 950

«Жұмыстан келе салысымен ұрыс шығаратын» деп бала күнін жылай отыра еске алды ол.


​«Анасын көріп қызын ал» деген өтірік!»: Шымкенттік келіншек өз анасына ұқсағысы келмейді

Қазақта тәрбие құралының бір құралындай боп кеткен мәтел көп. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дегенді білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ осы бір мәтелді жоққа шығарғысы (ред. кейіпкердің сөзі) келген жан бар.

ERNUR.KZ тілшісімен сұхбаттасқан 32 жастағы шымкенттік келіншек өз анасының тағдыры мен тәрбиесін қайталамайтынын, оған мүлде ұқсағысы келмейтінін айтып берді.

- Бұл менің анамды сыйламағаным немесе жек көргенім емес. Әркімнің өз тағдыры мен өз өмірі бар. Бірақ «анасын көріп қызын ал» деп қарауға мүлде келіспеймін. Осы сөз мені қатты жылатқан жас кезімде, - дейді ол көзіне жас ала тұра өткенін еске түсіріп.


Келіншектің айтып берген әңгімесіне қарағанда, анасы үлкен қызметте болған. Мінезі де қатал, балаларына онша көңіл бөле қоймаған тәрізді.

- Анам бізді асырады, бірақ тәрбиелеген жоқ дер едім. Олай дейтінім, ерте кетіп кеш келетін, бізге көңіл аудармайтын мүлде. Тіпті, ауырсақ та қызметінен қалған емес. Бізден гөрі жұмысын көп ойлады. Бала күнімнен солай, екі інім мен үшеуімізге әкем қарады.

Үйде әкемнің емес, анамның әмірі орындалатынын бала біз ғана емес, бүкіл ағайын-туыс, көршілерге дейін білетін. Иә, анамның қызметінің арқасында бізде бәрі болды. Әкем де осал қызмет еткен жоқ. Табыстары жақсы болатын. Бірақ тамақ істеп, киінуді, күтім жасаудың бәрін әкемнен үйрендім десем, сенер ме едіңіз? Өйткені, анам маған қыз бала екен деп қарамайтын да еді.

Кейде құшақтап, маған қарап күліп сөйлеп, мейірленсе деп кішкентайымнан армандап өстім. Бірақ ол арманым орындалмады, әлі де орындалмай келеді. Анамның неге сонша мұншалықты суық екеніне таңғаламын?, - дейді келіншек.


Оның анасының орнына бар жылуды әкесі сыйлапты. Тіпті, демалыс күндері де балаларын қыдыртып, далада ойнатып келетін тек қана әкесі болған екен.

- Ол ғана емес, анама қаталдығы мен болмашыға ұрыс шығарып, күн сайын бізге немесе әкеме айқайлайтынына да ренжіп өстім. Біз үйде дымымызды шығара алмайтынбыз анам үйде кезде. Тек әкеммен қалсақ қана емін-еркін асыр сала алатынбыз. Кілем немесе жиһаз, ыдысты сындырып немесе бүлдіріп қойсақ, анамыздан өлердей қорықтық. Ашуы да жаман еді.

Оның барлығын несіне айта беремін?! Бірақ ең жаманы, менің сүйгеніме қосылуға сол анамның мінезі себеп болғанын ойласам әлі ішім ашиды. Шүкір, қазір бақыттымын. Бірақ сол кездегі қиналғаным, жүрекке салынған жара жазылар емес. Сүйгеніме қосыла алмай қалғаным емес, менің тағдырыма анамның әсер еткені үшін...


Келіншектің жас күнінде, оқу бітіріп үлкен өмірге аяқ басқа шағында қиындықты бастан өткерген көрінеді. Өзімен бірге оқыған, мектеп кезінен сезімін білдірген алғашқы махаббаты айттырып келмек болғанда, жігіттің анасы қарсы болыпты.

- Біз үйленетінімізге сенімді болдық. Өмірімде үйден кететініме, өзімді жақсы көретін, сүйетін жанның қасына баратыныма қуанып жүрдім. Анама деген ренішімді тек сол жігіт қана жеңіп еді. Бірақ ол қуанышым ойламаған жерден аяқталды. Бәрін жоспарлап, дипломды қолға алысымен үйленетін болып шештік. Іштей дайындалдық соған. Ол ата-анасына айтатын болған.

Бірде кешкісін үйге екі әйел келді. Үйде ата-анам жоқ еді, тек кіші інім ғана бар. Біреуін бірден таныдым, жігітімнің анасы. Аяқастынан келгеніне ыңғайсызданып қалдым. Не дерімді білмей состиып тұрғанымда олар төрге өтіп, диванға жайғасты.

«Негізі, анаңмен сөйлесем деп келіп едім. Айналайын, қазақта «анасын көріп қызын ал» деген бар. Мен сен екеуіңнің қосылғандарыңа қарсымын. Баламның басын қатырма...» Ол ұзақ сөйледі. Бірақ осылары ғана есімде қалыпты. Алдарында жылап отырғаным есімде. Анам мен әкем келгенде оларға інімнің айтып бергенін, әкем келіп басымнан сипағанын білемін. Ал анам «сол болмаса байға тимей қала ма?» деп маған ашуланды...


Содан кейін оқуын жалғастыруды сылтау етіп туған қаласынан кетіп қалған ол бақытын Шымкент қаласынан тауыпты.

- Өз-өзіме әзер келдім. Сол кезде-ақ «мен анамдай болмаймын» деп өзіме серт бердім. Жұмыс істеп, жанымды түсінетін жанды таптым. Қазір үш баламыз бар, шүкір. Бар уақытымды соларға арнағым келеді. Босасам, солармен қыдыруға, орынсыз ұрыспауға, бәріне үйретуге, оларды тыңдауға, құшағыма қысуға асығып тұрамын.

Ал анам сол мінезінен екі келінімен де жараспады. Екі інім де бөлек кетті, бірақ қарасып тұрады. Жақын, бір қалада бәрі. Інілеріме күн құрғатпай кезек барып тұруды тапсырып отырамын. Өзім де жиі хабар аламын. Қартайған әке-шешемді көріп жаным ашиды. Анам әлі де сол мінезімен... Мүмкін, бала күнінде жанына түскен жара бар ма, әлде басқа да жағдай себеп болды ма мұндай қатал болуына? Ол жағы маған беймәлім. Сөйлесе алмаймыз әлі. Амандық сұрасқаннан әріге бармаймыз. Қыдырып барып та аунап-қунап жата алмаймын төркінімде..., - деп мұңаяды келіншек.


"Анасына қарап қызын алу деген түсінік өткен заманда қалып қойған жоқ па? Осы сөзді естісем, өткен шағым есіме түседі. Мүмкін, оған сол кездегі жігіттің анасы да кінәлі шығар. Бірақ бәрібір мақалға қарап жастардың болашағын шешуге, анасы немесе әкесіне қарап болашақты болжауға келмейді. Әр адам әртүрлі, бірегей екенін ұмытпау қажет", - деп санайды ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Нумерологияға сеніп отырып қалды»: Қызы тұрмысқа шықпай жүрген ана мұңын шақты


«Әр отбасында СОНДАЙ бір адам болады»: алматылық келіншек күйінішімен бөлісті