​«Бір адамға екі қабір қазуға болмайды»: түркістандық тұрғын елдің ақсақалдарын тыңдауға шақырды

0
4 887

«Бұл ырым емес»


​«Бір адамға екі қабір қазуға болмайды»: түркістандық тұрғын елдің ақсақалдарын тыңдауға шақырды

иллюстрациялық фото интернеттен алынды

Өлім-жітім орын алғанда оның жөн-жобасын біліп, бағыт сілтеп отыратын үлкендердің, ел ағаларының орны бөлек. Көпті көрген аналардың да мұндайда жастарға айтары мен үйретері көп болатыны сөзсіз.

«Соңғы кезде жастар да дес бермей өзімбілемдікпен көп қателікке ұрынып жатыр. Өзім куә болған осы бір оқиғаны айтып берсем білмегендерге пайдасы тиер деген ойдамын», деп ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Түркістан облысының тұрғыны өзінің бірнеше жыл бұрын басынан өткен жайтты баяндап берді.


- Ол кезде біз басқа аймақта тұратын едік. Осыдан 7 жыл бұрын әпкем ауыр науқастан көз жұмды. Қаралы хабарды онсыз да әрең жүрген анама естірту қиын болды. Ажалға айла бар ма, бауырымның кеткеніне бір, құрсағын жарып шыққан тұңғышының қазасына бордай үгілген анама қарап екі егілдім. Төрінен көрі жуық қалған құдасы мен құдағиы екеуі көріскенде жылмаған жан қалмады.

Ауылдың үлкендері бір кезде дабыра бола қалды.


«Оларың не? Сұрамайсыңдар ма? Қазған көр енді жабылмайды. Ескі зиратқа деп айтып едік қой, тыңдамайсыңдар ма?» деген ауыл кісілері жастау біреулерге ұрсып жатты.


«Екі көр қазғаны несі, тағы жамандық шақырып?» дегндерінен әпкемді жерлеуге ескі зираттан да, ауылдың аяқ жағынан ашылған жаңа зираттан да қабір қазылып қойғанын түсіндім. Жүрегім зырқ ете қалды.


Сөз жатушы ма еді, қазан басында жүрген әйелдер де «масқара-ай, артынан тағы ертпесе болар еді» деген жаман сөз де естіп қалдым. Үлкендеулері «апалардан сұрасаңдаршы, ырымы жоқ па екен, жаман ғой ол» деп сыбырласып жатты.

Амал нешік, әпкемді жер қойнына табыстап қайттық. Шиеттей бес баласына қарап тұрып одан сайын жүрегіміз езілген соң жеті күндік асына әкелермін деп анамды да алып қайттым.Сол жақта қалса бейнебір анам да өліп қалатындай сезіндім. Әлгі қазылған көр кіріп түсімде шошып шықтым.


Екі күннен соң тағы да қаралы хабар есіттік. Қан қысымы жиі көтерілетін құдағиымыз, әпкемнің енесі келінінң қайғысын көтере алмай ана дүниеге аттаныпты.


Көпшілік мұны білместікпен қазылып қойған екінші қабірден десті. Сондықтан басқа қабір қазбай тап соған жерлеуді ұйғарды көпшілік. Жаназадан соң екі-үш жігіт келіп жездемнен жылағандай боп кешіріп сұрады. «Біз білмедік, бұлай болады деп ойламадық. Қателік болды» деп жалынып отырғанын көрген үлкендер ажалға амал жоғын айтты. Айтуларына қарағанда, жездеміздің жолдастары қате естіп, екіге бөлінген. Бірі ескі зираттағы қабір қазушыларға қаздырса, екіншісі жаңа зират деп түсініп, ондағы қарауылға қаздырған көрінеді.


Осы оқиға менің ойымда ұмытылмастай қалып қойыпты. Сол кезде үлкендер мұны ырым емес, тек қазылған көрдің беті жабылмайтынын айтып түсіндірген еді. Бірақ ешқашан да бір адамға екі қабір қазылмайтынын, мұндайға аса абай болу керектігін айтып жатты.

Не десек те, үлкендерді тыңдап, мұндайда жөн сілтейтін ақсақалдардың айтқанын істеген дұрыс. Мұқият тыңдау керек. Ізінен еріп келе жатқандар үлкен кісілерден де көргенімізді түйіп жүргеніміз артық болмас. Бір кездері біз де сол ауылдың үлкені, ақсақалы атанамыз ғой, - деген ол көпке ойсаларлық кеңесін де айтты.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Үш рет үйлендім»: түркістандық азамат себебін түсіндірді


«34 жасымда климакс басталып кетті»: алматылық «кәрі қыз» өмірден түңіліп жүр