«Бір үйде тұрып тамақты бөлек ішеміз»: түркістандық кейуана енесіне істегені алдынан шыққанын айтып берді

0
5 388

«Келінім үйімізді де тартып алды»


«Бір үйде тұрып тамақты бөлек ішеміз»: түркістандық кейуана енесіне істегені алдынан шыққанын айтып берді

иллюстрациялық сурет ғаламтордан алынды


«Жас күнімде көкіректігімнен көптеген қателіктерге жол бердім. Оны сол кезде қателік деп түсінбеппін. «Мен де адаммын, менімен бәрі санасуы керек» деп ойлаппын. Сол кездегі тірлігімнің кейін алдымнан шығатынын білгенде, өлсем де сорақылыққа жол бермес едім».


Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде тұратын Мәкен апа ERNUR.KZ редакциясына хабарласып, осылай деп ағынан жарылды.


«Мен шалымның екінші әйелімін. Бұрын бір мәрте үйленген екен, дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. Сосын менімен кездесіп, екеуміз шаңырақ көтердік. Келгеннен енем жақтырмады. Алдыңғы әйелін де осылай қуып жіберсе керек, мінезді кісі болатын. Мені де сол сияқты жуас, айтқанға көніп, айдауда жүреді деп ойлады ма, әр тірлігіме мін тағып, жоқ жерден ұрыс шығаратын. Басында үндемедім, үлкен ұлым мен қызымды босанып, етек-жеңімді жиған соң, мен де батылдана бастадым. Енемнің ащы сөздеріне мен де жауап қайтаратын болдым. Күннен күнге арамыз суып, бөлек қазан көтеретін жағдайға жеттік.


Ата-енем есік алдындағы «времянкада» тұратын, біз үлкен үйдеміз. Бірте-бірте тіршілігіміз де бөлініп, көршілерше ғұмыр кеше бердік. Балаларымыз екі үйдің ортасында жүре береді. Анда-санда тәтті тоқаш, бәліш пісіргенде балалардан беріп жіберемін. Басқа кезде бармаймын да, көрмеймін де. Осылайша он жыл өмір сүрдік. Ол кезде мен бұл тірлігімнің қате екенін білген жоқпын. «Осындай жағдайға ата-енемнің өздері кінәлі» деп өзімді ақтап алғандай болдым... Күндердің күнінде ол кісілер бірінен соң бірі дүние салды.


Арада жылдар өте берді, тағы бір ұл таптым. Олар өсіп-жетілді. Бәрін оқыттық, тоқыттық. Қызды ұзаттық, үлкен ұлды үйлендірдік. Баламыздың қызметі Ақтау қаласында еді, сол жаққа көшіп кетті. Көп ұзамай кенже ұлымыз да шаңырақ көтеріп, үйге келін әкелді.


Гүлжан келін басында жап-жақсы еді. «Апа-апа» деп ізетін көрсетіп жүрді. Бірақ тірлігі жақпай-ақ қойды. Мен әрдайым бірінші орынға тазалықты қоятын адаммын. Ал келінім салақ екен. Тамақтары да дәмсіз. Сылбыр. Бірнеше мәрте онысын жайлап ескерттім. Бірақ ол өзгере қоймады. Жуылмаған ыдыстар тау-тау болып үйіліп тұрады. Ауылды жерде шыбын көп, гулеп жатады. Оның бәрін көріп, үндемей отырмаймын ғой. Арасында шыдамай сөйлеп қоямын. «Ауылдың-ақ қызысың ғой, шешең қандай тәрбие берген? Бір үйдің шаруасын игеріп әкете алмай отырсың» деп ұрысамын. Ол жайған қамырды жей алмаймын, бір шеті қалың, екінші шеті жұқа жайылған, бабында емес.


Міне, осындай-осындай нәрселерден келін екеуміздің арамыз мүлдем суып кетті. Бірте-бірте баяғым өзім сияқты тілі шығып, сөз қайтаратын болды. Тіпті балама да мені жамандап, отбасымыздың берекесі кетті. Бір күні балам «Мама, біз қалаға көшетін болдық. Жұмысым сонда, күнде қатынап істеу маған қиын тиіп тұр» деді. Біз не дейміз, рұқсатымызды бердік. Баласын алып екеуі кетті. Олар болмағасын даңғарадай үлкен үйде тұрудың не керегі бар, жылыту оңай емес. Шалым екеуміз есік алдындағы «времянкаға» көшіп алдық.


Арада екі жыл өткенде баламыз бен келін «ауылға қайтамыз, қалада квартира жалдап, ақшамыздың берекесі кетті» деп хабарласты. Сосын артынша көшіп келді. Баламыз қалаға кеткелі қатты өзгеріп кеткен еді. Көшіп келуінде де бір мән бар екен. Келе сала әкесіне «Көке, мына үйді менің атыма аударып беріңіз. Үй тозып барады. Егер аударып берсеңіз, мен онда айналаны қоршап, есік алдын цементтеп, тірлік қылайын» деді. Оны естігенде шалым шоршып түсті. «Е, не болды, атыңа аудармаса үйдің шаруасын істемейтін ойың бар ма? Сонда сенің перзенттік парызың қайда қалды?» деп сыбап алды. «Төрімізден көріміз жақын қалған шақта өз баламызбен алысып не көрініпті, ақыры осыларға қалатын дүние ғой, аудара салайық» деп шалымды үгіттеп, ақыры көндірдім.


Үй баламның атына аударылған күннен бері біздің басымызға бұлт үйірілді. Келін өзгеріп шыға келді. «Сіз мені салақсың деп менсінбеуші едіңіз ғой, өздеріңізге тәтті тамақ пісіріп ішіңіздер» деп бөлек қазан көтеретін болды. Олар үлкен үйде тұрады, біз жаққа күніне бір бас сұқпайды. Сәлем салу, шүйіркелесіп шай ішу деген жоқ. Бөтен адамдардай өмір сүріп жатырмыз. Оларға қарағанда көршілерім тәуір, бір мезгіл үйлеріне барып, әңгіме-дүкен құрып, шай ішіп қайтамын. Ал мына келін мен баладан қайыр жоқ.


Үйдің құжаттарын алған күннен бастап үйді жөндеуден өткізе бастады. «Пәтер жалдап қиналып кеттік» дегендері әшейін сылтау сияқты. Түпкі мақсаттары мына үйді иеленіп қалу болған екен. Үлкен үйде тұрған менің жиһаздарымның бәрін шығарып тастап, орнына жаңасын алып жатыр. «Әй, бұрынғылары жап-жаңа еді ғой, сонша бөлмеге сыймай қалды ма, тұрсын, нелерің бар» деп сөйлесем, «Шаруаңыз болмасын, үй біздікі, не істейтінімізді өзіміз білеміз» деп келін бажылдайды.


«Құрысыншы, білгенін істесін» деп осы күні үндемейтін болдым. Кейде «осыншама тауқыметті тартатындай не жаздым» деп ойланамын. Сонда марқұм ата-енем есіме түседі. Жастықпен, балалықпен кезінде оларға да қатты сөйлеп, дәл осы келінім сияқты бөлек тамақ ішіп едім. Сол кісілердің наласы ұрды-ау. Енем де кезінде мені жақсы болсын, тірлікке піссін деп сөйлеген екен ғой. Ал мен оны басқаша түсініп, шалымның алғашқы әйелі сияқты қуып шықпақшы деп түсініппін.


Қысқасы, «ата-анаға не істесең, алдыңа сол келеді» деген рас екен. Кейінгі жастарға айтарым, өмірде біреудің наласына қалудан сақтаныңдар. Үлкенді сыйласаң қор болмайсың, қарғыс емес, алғыс алыңдар, айналайындар».


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әпкемнің мінезінен қатты шаршадым»: шымкенттік әйел жанайқайын жеткізді


«Осының бәріне әйелім кінәлі»: түркістандық азамат екі оттың ортасында қалғанын айтады