​«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді

0
4 115

Саида келінді артынан келген жасауына, әке-шешесінің дүниесіне қарап бағалаудың дұрыс емес екенін де айтты.


​«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді

«Қазақта «Біріншінің мазасын екінші берер жазасын» деген сөз бар. Қалай дөп айтылған десеңізші», - деп бастады әңгімесін түркістандық Саида есімді әйел.

Айтуынша, оның жалғыз абысыны бар екен. Абысынының алты қыздан кейін туған жалғыз ұлы бар. Сол ұлының сүйіп алған келіншегіне күн бермей, ақыры ажырастырып жіберіпті. Ұлын екінші рет үйлендірген. Ал енді ұлының екінші әйелінің алдында енесі құрдай жорғалап жүр.



Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен айтып берді:

«Абысынымның бірінші келіні өте сұлу еді. Сымбаты ғана емес, жаны да сұлу келіншек болатын. Бірақ соның қадірін білмей, қор қылып жіберді ғой. Абысыныммен көрші тұрамыз. Бәрін өз көзіммен көргенде келінді аяйтынмын, жаным ашитын. Бір жағынан қызығып қарайтынмын. «Жұртқа жақсы, пысық келінді бере салады екен құдай» дейтінмін кейде қызғанышпен.

Алты сиыр сауады, сүт пісіреді, ұйытып айран етеді. Одан бөлек үйдің бүкіл тірлігі соның мойнында. Тандырға нан жабады. Таңнан кешке дейін тынбайды. Бірақ бәрін тап-тұйнақтай етіп істесе де, енесіне жақпайтын. «Тілінен тапты» дейтіндей де емес, балық сияқты келін сөз қайтармайды.

Кейін түсінсем, келінді, оның шыққан жерін абысыным менсінбейді екен. Бұлардың жағдайы керемет емес, бірақ құда-құдағиындыкінен жақсы. Құда-құдағи жуас жандар болған соң да басынған шығар?!

Бір сөзінде абысыным «Құдалар барак үйде тұрады» деп мұрнын шүйіргені есімде. Келінді әке-шешесінің жағдайына емес, істеген тірлігіне, мінезіне қарап бағалау керек қой. Жоқ, бұлар керісінше.

Ағайын-туысқанның той-томалағына абысыным күйеуін және ұлын ертіп, үшеуі ғана барып қайтады. Бес жылдың ішінде келінін бір рет те отырыс, жиынға ертіп бармаған. Менсінбегендіктен бе, бұл әлде оны адам құрлы көрмегендік пе?

Бір күні абысынымның келіні үйге жылап келді. Беті-аузы көкпеңбек. «Әке-шешеме хабар беріңізші, мен бұдан артық шыдай алмаймын» деді. «Күйеуің ұрды ма?» деп сұрадым. Келін жылап отырып «Бәрі жабылып ұрды» дегенде жүрегім ауырды.

Ол осы уақытқа дейін жасырып келіпті. Күйеуі де, енесі де ұрады екен. Тіпті мал қораға қамап қойып, сол жерде түнеген күндері де көп болған. «Әке-шешеңе айтсаң өлтірем» деп қорқытады екен. Бес жылдың ішінде келін байғұс екі рет түсік тастап қойыпты.

Абысынымның қылығын, бұл әрекетін түсіне алмадым. Келін әп-әдемі, сөзі де түзу, ешкімнен кем емес. Бірақ неге оны өздерінен кем санайды? Бүкіл ауылдың енелері сүйсініп қарайтын келінді осыншама қинауға бола ма? Кемшілігі не?

Сан сұрағыма жауап таба алмадым. Сондағысы келіннің ата-анасы жоқ-жұқана. Шыдай алмадым. Еңіреп отырған келінді аядым. Өзім де төрт қыз өсіріп отырған анамын. Сол күні-ақ көрші аудандағы құдағидың үйіне бардым.

«Қыздарыңды өлтіріп қоймай тұрғанда алып кетіңдер» дедім. Тым жуас жандар ғой, келін сияқты олар да құда-құдағиларынан қорқатын сияқты. Күмілжіп әрең сөйледі. Сөзіммен күш беріп, әйтеуір сол күні олар ағайын-туысқандарын ертіп кеп келінді алып кетті.

Заңды түрде ажырасты. Әрине ажырасқанша талай рет қырылысты ғой. Абысыным менің хабар бергенімді білмейді.

Абысыным көп ұзамай ұлына тұрмыс жағдайы жақсы біреудің қызын әперді. Ұлының аузының салымы бар екен, тағы да сұлу қызға үйленді. Бай-бақуатты жердің қызы. Жоғары білімі бар екен. Әкесі қызын ауылдағы мектепке жұмысқа тұрғызып қойды.

«Ойпырмай, ажырасқан жігітке сұлу қызын бере салыпты» деп таң қалыстық. Сөйтсек, кейін естісек, бұл да оның екінші некесі. «Осы бір кемшілігін бетіне басып абысыным бұл келінді де қор қылатын болды-ау» деп уайымдадым.

Алайда келін олардан зор шықты. Ол ата-енесін ғана емес, көршілерді де адам құрлы көрмейді. Таңертең жұмысқа кетіп жатқан келінді сыртынан көрем. Жалаңбас, мені көргенде сәлемін де салмайды, безірейіп қасымнан өтіп кетеді. Ал абысыным бұл уақытта қорасында алты сиырын сауып жүреді.

Кешкі асты да абысыным өзі дайындап, келіннің қас-қабағына қарап зыр жүгіріп жүретінін көрішлерден естіп жаттым. Бастапқыда сенбедім. Сөйтіп бірнәрсе сұрағансып түс қайта үйіне бардым. Абысын май пісіп жатыр. Бұрын шайын ішіп, келінін бақылап отыратын абысынымның әңгімелесуге қолы тимеді. Сүрініп-қабынып үй тірлігімен жүр.

Екінші келіні арасына бір жылдан салып, үш ұлды туып берді. Қазір енді тек енесі ғана емес, күйеуі де оның алдында құрдай жорғалайды. Ұрмақ түгілі бетіне қарап сөйлей де алмайды.

Өмір қалай десеңізші, бұрын бұлар бірінші келінді менсінбейтін еді, ал қазір екінші келіні бұларды менсінбей отыр. Бұлай дейтін себебім, келіні үй тірлігі түгілі балаларына да қарамайды. Мектептегі жұмысына барып келеді, болды. Күйеуін де, енесін де жүгіртіп, ауыздарын жауып қойған сонда қыздың әке-шешесінің байлығы ма?

Кейде абысынымның бірінші келінін аңсап жүргенін байқаймын. Бірақ бәрі кеш. Адам бақтың қонғанын емес, оны ұшырып алғанда ғана қадірін біледі деген рас қой...»


Саида келінді артынан келген жасауына, әке-шешесінің дүниесіне қарап бағалаудың дұрыс емес дейді. Сіз ше, оқырман, келінді адами қасиетіне қарап бағалайсыз ба, әлде?



Ұқсас оқиғалар:


«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты

«Біреу қайтыс болса нан, құрт, сары май таратады екен»: Елордалық әйел оңтүстіктің салтына түсінбегенін айтады