​«Екеуі де басқамен кеткен»: Бес бауырына пана болған жан әке-шешесінің кесірінен тұрмысқа шықпай қалған

0
4 179

Әкесі басқа әйелге үйленіп, бірер жылдан соң анасы да бөгде азаматтың етегінен ұстап кете барыпты...


​«Екеуі де басқамен кеткен»: Бес бауырына пана болған жан әке-шешесінің кесірінен тұрмысқа шықпай қалған

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі талай адамның тағдырын талқандап, сол кездегі көптеген баланың жанына жазылмастай жара салған. Сондай жанның бірі Түркістан облысының тұрғыны, жасы 40-қа келсе де бауырларын асырап-сақтаймын деп не оқи алмаған, не тұрмысқа шықпаған, қатарынан бұрын қартайған Самал.

ERNUR.KZ тілшісіне әке-шешесінің екеуі де басқамен бас қосып, бес бауырымен қоса тірі жетім етіп тастап кеткенін айтып берген ол мұны тағдырдың маңдайға жазғаны деп қабылдапты. Ата-анасына өкпелі де емес екен бүгінде.

- Балалығым өте ауыр өтті. Алты баламыз, таңғы асқа тек нан мен сүт қана ішетінбіз. Сүт те бір кеседен артығына жетпейді, қалғанынан түсте ішетін айран ұйытып қояды. Қант, май деген мүлде жоқ. Әкем мал баққан, кейін совхоз деген тарап кетіп жұмыссыз қалды. Анам ғана мектепте сабақ берген, оның да жалақысы 4-5 ай кешігіп келетін.

Сөйтіп жүргенде жұмысқа кеткен әкем Түркістан қаласында басқа әйелге үйленіпті деген суық хабар келді. Анам екі күнге бізді әжеме тастап барып келді де, үйдегі әкемнің бар киімін есіктің алдына шығарып өртеп тастады. Сөйтті де, «енді әкем дейтін болсаңдар, сендер де кетіңдер!» деді бізге. Өзі түнімен жылап шыққан, ертеңіне Шымкентке жұмысқа кетті. Бізге әкемнің шешесі, кәрі әжем қарап қалды.


Самал сол кезде небәрі 12 жаста болған екен. Содан кейін әкесін екі-ақ рет көрген, онда да бөтен әйелмен бірге...

- Анам айына бір-ақ рет келеді. Ауылда «әке-шешесі тастап кеткен» деген атаққа ие болдық. Менен кейінгі інім намысқой, солай деген балалармен күнде төбелесіп келетін. Ал мен үй шаруасынан босамаймын, кішкентай екі інім, екі сіңлім бар. Әжемнің нұсқауымен үйдің бар шаруасына жегілдім.

Сөйтіп жүріп 9-класты бітірдім. Үй шаруасынан босамайтын, әкесі тастап кеткен, анасын айына бір-ақ рет көретін қыздың сабағы не оңсын? Әйтеуір жаны ашыған мектеп директоры өңкей үш пен төртті қойып берді. Басқа сыныптастарымның барлығы алыстағы туыстарына мектепті жалғастыруға, енді бірі училищеге оқуға түсіп жатты. Ал мен үйде қалдым.

Анам айына келгенде аузымыз аққа тиіп, тәттіге тойынып қаламыз. Үстімізге жаңа киім ілетін болдық. Екі кішкентай сіңлімнің анам кетер кезде еңіреп айырылмайтынын көргенде тек іштей жылайтынмын.


Бір күні сол сіңлімнің біреуі қатты ауырып қалды. Анаммен хабарласатын телефон жоқ, хат жазу дегенді де білмейміз. Әжем «базарда картоп сатады» деп ауылдан шығатын біреуге тапсырып мені жіберді. Екеуміз Шымкенттің Қырғы базарына, іздеп жүріп картоп сататын жеріне келдік. Атын айтып едік, қазір келеді деген соң «сен күте тұр, менің шаруам бар» деп ауылдан шыққан әйел кетіп қалды. Сол жерде бір сағаттай күтіп тұрдым. Басқа әйелдердің саудасы жүріп жатыр, ал менің анамның бірі толы, екіншісі орта қабы әлі тұр, өзі жоқ. Менің алаңдай бастағанымды сезген қасындағы әйел «жүр, олар анау шеттегі асханада отыр» деп ертіп барды.


Асханаға кіргенімде көзімнің түскені анамның иығынан құшақтап отырған еркек еді. Мені күтпеген анам орнынан атып тұрды. Алдарында бөтелке, стакан... Ащы өксік келді алқымыма. Анам құшақтағанда ештеңе демедім, сіңлімнің ауырғанын айтып жылап жібердім. Ал оның үстінен арақ пен пияздың иісі шығып тұрды. Сол күні анам екеуміз бірге қайттық. Бірақ ләм деп сөйлегім келмеді. Әкем тастап кеткені аздай, енді анам да бізді тастап басқа біреуге кетіп бара жатқандай көрінді.

Сөз жата ма, ауылда өсек гуледі. «Байы кетіп еді, Шымкентке барып жүріске салыныпты» деген сөз 14-ке толған інімнің намысына қатты тиді. Үйге анам келгенде ол кетіп қалатын. Қашан анам қайта жұмысына кеткенше үйге келмей, далада, әкемнің ағасының үйінде қонып жүрді.


Әкемді іздеймін деп шештім. Егер әкемді тауып келсем, анам да бізді тастап кетпейтін шығар деген ойым ғой. Ініммен ақылдасып, екеуміз баратын боп шештік. Әжеммен ақылдасып, ол бізге ақша тауып берді. Шымкенттен Түркістанға жүретін автобусты сұрастыра жүріп таптық. Ал Түркістанға жеткен соң әкемді қалай табатынымызды да әжем айтқан. Әкем хат жазып жіберген екен, сол мекен жайды іздеп тапқанымызша күн батты. Қарнымыз аш, Шымкенттен шығарда жеген бір тандыр нан мен әжетханадан ішкен суымыз болмаса, ештеңе жемегенбіз. Әкемді тапсақ, бәрі жақсы болады деп сенгенбіз.

Төбесі қызыл шатырмен жабылған үйге келіп қақпасын қаққанымызда, шашының түсі де шатыры түстес қызыл әйел шықты. Бізді көре сала түрі бұзылып кетіп, ішке жылдам кіріп кеткен. Бір уақытта шаң-шұң айғай шықты да, біреудің келе жатқанын көріп шегіндік. Әкем екен, жүгіріп барып құшақтай алған бізді ол арқамыздан қаққаны болмаса, маңдайымыздан иіскеген де жоқ. Арғы жағына жалтақтай қараған күйі «неге келдіңдер, тез қайтыңдар» дей берді. Әкемді көрген соң қарнымыздың ашқанын да, шаршағанымызды да ұмытқанбыз. Арқасынан келген жаңағы қызыл шашты әйел «жүр бері» деп мәйкішең тұрған әкемді сүйреп кіргізіп алды да, біз сыртта қап қойдық.


«Кетсін, көзіме көрінбесін! Мен саған айтқанмын, көрмейтін болайын деп! Әйтпесе, сен де кет, ана балаңды көрмейсің!» деп айғайлап жатты. Інім ол сөзді естіп тұрып шыдамады, қақпаны бір тепті де, кері қарай жүгіре жөнелді. Артынан мен де жүгірдім. Арқамнан әкем де келер деп жалтаңдаймын, бірақ ешкім біздің соңымыздан шықпады...


Түнде автовокзалда қондық, сол жердегі автобустарды күзететін кісі нан мен күлше, шай берді. Содан кейін әкемді біз қатты ауырып жатқан кезінде ғана, өлер алдында көрдік. Екінші әйелі тәубесіне келген бе, содан кейін 10 жылдан соң хабар беріп шақыртқан. Тілге келмей жатқанда жалғыз өзім барып қоштастым. Іштей оны кешірдім... Анамды да...


Самалдың інісі кішкентайынан тұрмыстың тауқыметі, әке мен шешенің тағдыры қатты әсер етіп, соңында көшенің балаларына қосылып кетіпті. 18 жасында ұрлықпен сотталып кете барған, содан қайтып өмірі оңалмаған көрінеді.

- Ал анам ақыры басқа біреуге тұрмысқа шықты. Әжемнен жылап кешірім сұрап, киімдерін жинап алып кеткен күні әлі көз алдымда. Бүкіл ауыл болып әкемді емес, анамды қарғаған шығар... Ол күндерді есіме алғым да келмейді. Әжем бізді бауырына басып жылай берді... Мен өң мен түстің ортасында қалып, тағы екі жылдың қалай өткенін аңғармай қалдым. Құдай бізге пана болсын деп әжемді тағы 10 жыл сақтады ғой. Әйтпесе, алтаумыз алты жаққа шашылып кетер ме едік?! Соның өзінде «біз алып кетейік кішкентайларды» деп әкемнің әпкелері келген. Бермедім, олар келгенде түнімен ұйықтамай күзетіп шығамын бауырларымды. Әкетіп қалады деп қорықсам керек те?

Ауылдың жанашырлары көмектесіп тұрды, кейін мектепке еден жуып, от жағушы болып жұмысқа тұрдым. Әжемнің зейнетақысы, жалақым бар, жайлап мемлекет көмек бере бастады. Сонымен ел қатарына іліктік қой. Әйтпесе, қандай тауқымет тартқанымызды ауылдағылар жақсы біледі. Тек үлкен інімнің жолы болмады. Намысы бойын кернеп, әрнеге бір ұрынып, соңында сотталып, түрмеде отырып шықты. Өмірі де оңбай қалды. Қазір солтүстік жақта, бір әйелмен тұрады. Анда-санда ғана хабарласып тұрамыз.

Ал кіші екі інім мен екі сіңлімді оқыттым. Өздері де зерек болды, мектепті өте жақсы бітіріп өз күштерімен оқуға түсіп кетті. Төртеуі де отбасылы, үйлі-жайлы қазір. Екеуі астанада, біреуі Алматыда, кіші інім Шымкентте тұрады. Мен ауылда қалдым. Ешбірін ұстамадым, қара шаңырақта қал да демедім. Қайта, ел мен жер көрсін, қалаған жерлерінен ұя салсын деп айтып отырдым.


Бауырларының жағдайын жасаймын деп тұрмысқа да шықпай қалған Самалға анасы жиі хабарласып тұрады екен.

- Әкем қайтыс болған соң бірде анам келді ауылға. Қартайған, бірақ сыртынан қарағанда жағдайы жақсы екенін түсінуге болады. Кешірім сұрағандай болып ақша ұсынған, алмадым. Әжем таяқтап қуып шықты үйден. Іні-сіңлілерімнің ешбірі қасына жоламай қойды. Жылап кеткен, жаным ашыды. Естуімізше, бір қызы бар, қазір соның қолында тұрады. Науқас екен. Барғым-ақ келеді, бірақ аяғым тартпайды. Ренішім жібермейді.

Әжем де әкем қайтқан жылдың соңында 91 жасында дүние салды. Өле-өлгенінше бізді қорғаштап, шашыратпай басымызды қосып, ажыратпаған жан сөзсіз жәннаттық болатын шығар?! Кейде жылап отырып, әкем мен шешемді де кешіргенін, бізге «кешіріңдер оларды» деп отыратын. Қанша ренжісе де екеуін қарғаған емес.

Міне, осындай тағдырдың иесімін мен. Іні-сіңлілерім құр қалдырмайды, аралатып келіп тұрады. Көшіріп алып кетеміз деп отыр енді. Әбден жағдайларын жасасын, сосын барамын мен де. Солардың балаларына қарап беріп отырамын. Келіндерімді де құдай бере бере салған, келген сайын үйді жаңартып, киімдерді жаңалап кетеді. Қалаға апарып әрлеп-бояндырып жағдайымды жасайды. «Сіздің еңбегіңізді білеміз» дегенде толқып кетемін. «Күйеуге береміз» деп әзілдеп те қояды, - деп Самал әңгімесін көңілді күйде аяқтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Басқа қызға үйленіп алыпты»: тараздық келіншек күйеуінен айырған себепті іздейді


«Бұндай еркектер ешқашан түзелмейді»: қарағандылық ақсақал қыздарға ақыл айтты