​«Екеуміздің ұлдарымыз егіз сияқты»: шымкенттік әйел ажырасып кеткен күйеуімен қайта жарасқысы келеді

0
5 279

«Бәйбіше мен тоқал боламыз да...»


​«Екеуміздің ұлдарымыз егіз сияқты»: шымкенттік әйел ажырасып кеткен күйеуімен қайта жарасқысы келеді

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер интернеттен алынды

Екінші әйел алу туралы бүгінде қоғамда көп талқыланады. Екі әйел алып, бірін заңды екіншісмен шариғи тұрғыда неке қиғандар да жоқ емес. Оғар қарсылардың да қарасы көп секілді.

Дегенмен, шымкенттік әйел екінші әйелге қарсы болмау керектігін айтады. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген өз оқиғасында ол күйеуімен сол үшін ажырасқанына өкінетіндігін айтты.

«Әйел бала-шағасы өсіп, өзімен өзі болған соң еркекке емес өзіне қараса жеткілікті екен. Жастықпен, ашумен қабылданған шешімімнен тек өзім зиян шектім. Қазір ойым өзгеріп жүр...», - деген ол әңгімесін әріден бастады.


- Ол кезде жасым 36-да еді. Үлкенім 10-сыныпта, одан кейінгілері 9, 7, 6-сыныптарда, ең кенжеміз 5 жаста болатын. Сүйіп қосылғанбыз, бақытты едік. Күйеуімнің екінші отбасы бар екенінен мүлде хабарым болмаған. Тіпті, өсек естісем де құлағым дайын болар ма еді?!

Бірде аяқастынан күйеуім ауруханаға түсті. Тікішектен жара пайда болып, облыс орталығындағы ауруханада айға жуық жатқан шығар. Күнде болмаса да күнара қатынап, керегі мен ыстық тамағын жеткізіп тұрдым. Кейде жуындырып-қырынып алғанша қасында болып, киімін ауыстырып дегендей кешке дейін қасында боламын.


Сол кезде бір байқағаным, үнемі бір жасыл түсті табақпен тамақ келеді. Кейде мен барғанда сол табақпен келген манты, түшпара немесе қуырдақты жеп отырады. Ал бірде табақ жоқ боп кетіп, бірнеше күннен кейін қайта пайда болады. Сұрасам, қарындасы әкелгенін айтады. Басында күдігім болмаған, бірақ қайынсіңліммен бір кездесіп қалғанда оның күнара кеп жатпағанын және жұмыстан қолы босамай ыстық тамақ әкеле алмай жүргенін білдім.


Тағы бірде ауылдан көршімнің машинасымен ертерек жетіп қалдым ауруханаға. Мен дәлізден кіргенде күйеуім жатқан палатадан қара очки таққан әйел мен бір ұл, бір қыз баланың шығып келе жатқанын көрдім. Жақын келгенше мән бермегем, бірақ тура қасыма келгенде ұл баланың күйеім мен ортаншы ұлымнан айнымайтынын байқағанда жүрегім зырқ ете қалып ішімді оттай қыздырды. Артыма қарай беріппін, ол әйел де бір бұрылып қарағанын байқадым. Палатаға кіріп барғанда көзіме түскені тағы да жасыл табақ болды.


«Не болды, ерте кеп қалдың?» деп әбіржіп қалған күйеуім де күдік туғызды. Не керек, сол күні үйге көңілсіз, өте нашар жағдаймен оралдым. Басым ауырып, жүрегім айныяды ма, әйтеуір үйге келген соң екі күн жатып қалдым.


Тура соны күткендей ауылда өсек бұрқ етті. Күйеуімнің Шымкентте екінші отбасы, сұлу әйелі мен екі баласы бар екен. Оны мен ғана емес, балаларым да естіп, мектептен жылап келе бастады. Әсіресе үлкен қызыма қатты әсер етті. «Мама, осылай деп жатыр, мені бәрі мазақтайды» деп 9-сыныпта оқитын қызым жылағанда не дерімді білмедім. Мен көрген ұл баланың түрі елестей берді көзіме. 7-сыныпта оқып жүрген ұлым екеуі бір егіз бе дерсің.

Шыдамадым, тез жиналып ауруханаға барып күйеуіме бар жағдайды, балаларының ауылда жүре алмай қалғанын айтып жыладым. Басында ұрсып, балағаттады. Мойындамады. Сөйтсем, оны менің сілім де ұстап алған екен, бәрін кейін білдік қой. Жездесінің хәлін сұрауға келгенде менің баламнан айныматын баламен кеп отырған әйелден күдіктеніп соңынан бақылаған екен.


Құпия ашылған соң маған ауылда тұру мүмкін болмады. Балалар да сабаққа бармай үйде жатып алды. Күйеуімді жек көрдім, ауруханадан шыққан соң мен көшіп кетпейінше үйге келмеуін айтып бар киім-кешегін ауруханаға апарып бердім. Жүрегімнің қалай қарс айырылғанын басынан өткен ғана түсінеді.


Екінші ұлым мен оның ұлы қатар туыпты. Ол мені 14 жылдан бері алдап келген екен. Одан кейін артынша қызды болыпты. Шымкенттің ортасында даңғарадай үйлері бар, жұмысқа кетіп іссапар деп қоынп қалған сайын сонда болып қайтады екен. Барлығын ашып айтып берді ғой.

«Басында жігіттік боп басталып еді, тұрмысқа шықпаған қыз жүкті болған соң жауапкершіліктен аттай алмадым. Сосын бауыр бастым, сені түсінетін шығар деп ойладым. Балалар ержеткен соң бәрін түсіндірем деп ойлағанмын, бірақ орайы келмеді» деп ашығын да айтқан. Кешіре алмадым.


Заңды ажырасқанша көрші аудандағы ағамның үйінде тұрдық. Баллардың мектебін ауыстырып, сәл де болса жаным тынышталайын деді. Ең ауыры, ауылда балаларыма қатарластары «сенің әкең үйленіп кетті» деп саусақ шошайтып көрсеткендері еді. Өзіме де бүкіл ауыл болып есіркеп қарағанын, сыртымнан «байғұс-ай, бес баласымен қайда барады» деп аяушылық білдіргендерін бүткіл денеммен сезінетін едім. Кейін үйдің көп бөлігі менің үлесімде болғандықтан, сатып ағамның ауылынан ескілеу болса да баспана алдық. Балалар бірінен соң бірі өсіп, оқуға түсті, үйленді, тұрмысқа шықты.

Сол жылдар арасында күйеуім кешірім сұрап бірнеше рет келді, екі жақты да тастамайтынын, қарасатынын, жақсы көретінін айтқанмен үлкен қызым мен ұлым кешірмеді. Өзім де оны көрсем ашудан дірілдеп кететінмін. Тек кіші қызым мен екі ұлым ғана әкелеріне жабысатын. Соңында мүлде араласпай кеттік, ол Шымкенттегі әйелімен бірге тұрып жатыр. Тіпті, үлкен ұлым мен қызымның тойына да шақырмадым.


Қазір оны ауырып жатыр деп естимін. Шымкентте оқып жатқан кенже ұлым мен қызым жағдайын біліп тұратын көрінеді. Олардың жасырын барып жүргенін сезем, ойлаған сайын жүрегім ауырады. Әке махаббатына қанбай қалды ғой. Ашуым тарқаған, жасым болса 50-ге таяп келеді. Кешіріп, көзі тірі кезде балаларымен қайта қауыштырғым келеді. Азар түбі танысып-білісіп, бәйбіше мен тоқал боламыз да?! Бірақ соның ретін таппай жүрмін, - деген әйел ойын да ашық айтты.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Бір адамға екі қабір қазуға болмайды»: түркістандық тұрғын елдің ақсақалдарын тыңдауға шақырды


«Үш рет үйлендім»: түркістандық азамат себебін түсіндірді