​«Енеңнің көңілдесі бар дейді»: Жас келін өсекке таңылған енесі үшін ауылда тұрғысы келмейді

0
6 824

"Енем атамнан кек алмақ болған сыңайлы..."


​«Енеңнің көңілдесі бар дейді»: Жас келін өсекке таңылған енесі үшін ауылда тұрғысы келмейді

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер интернеттен алынды

Отбасындағы қарым-қатынаста қиындық көптеген жағдайлардан орын алады. Бірі тұрмыстың тауқыметі болса, енді бірі ағайын араздығы, тағы біріне тағы басқа себеп. Үлкендердің өміріндегі қателіктер (ол қателік болмауы да мүмкін) жастарының арасына әсер етіп те жатады.

Өзінің қай өңірде тұратынын көрсеткісі келмеген жас келіншек осындай жағдайдан ауылынан мүлде көшіп кеткісі келіп жүр. ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан ол өзінің басынан өтіп жатқан келеңсіз жағдайларын бөлісті.

- Біздің отбасылық өмірімізге, күйеуім екеуміздің арамызға қатты әсер етіп жатыр. Үйленгенімізге үш жыл ғана болды, енем туралы естімеген әңгімем қалмады. Оны күйеуім де естиді, содан соң ашуын менен алады. Оның көзіне әйел біткен күйеуінің көзіне шөп салатын сияқты көрінеді. Соңғы кезде тіпті ашуланшақ болып кетті, - деген келіншек ауылдағы желсөздің күйеуі екеуінің арасын суытып жатқанын айтады.


- Әрине, атам мен енемнің өз шаруасы... Бірақ қандай әрекет болса да отбасыңа, отбасы мүшелеріне әсері боларын да ойлау керек емес пе? Мен енеме ақыл үйрететін немесе оның өміріне араласатын жан емеспін. Не істесе де өзі біледі. Оның үстіне мен оны ұстап алған да жоқпын.

Бірақ ауылдағы сөз, ағанйын арасындағы өсек пен соның әсерінен біздің отбасыға деген көзқарас мені жегідей жеп барады. Көпшілік ортаға барсам, жиын-тойда сыбырласа қалатын келіншектер, тіпті, «енең жүр ме?» деген астарында мысқылы бар сөздерден еңсем де басылып барады.

Ең ауыры, күйеуімнің жағдайы. Мен естіген әңгімемді оған ешқашан айтып келген емеспін. Ол да елден еститін сыңайлы, себебі анасымен мүлде жақсы тұрмайды. Кейде анасымен бірге бір дастархан басында отырмайтынын көрсем жүрегім ауырады. Ең жақын жандар бір үйте бөтен адамдардай тұрып жатыр...


Келіншектің айтуынша, ол келін болып түскенге дейін қайын атасы қайтыс болып кеткен.

- Елдің сөзінше, атамыз енемен ажыраспақ болған екен. Оған себеп – енемнің көңілдесінің болуы деседі. Соған шыдай алмағаннан жүрегі ауырып қайтыс болған дегенді естідім.

Енем өте әдемі әйел. Білімді, қызметте. Әрқашан өзіне қарап, күтініп жүреді. Сөз жата ма, қайынатам да кезінде қызметте жүріп екінші отбасын құрып кетуге сәл қалған екен. Енем соның кесірінен ауыр күйзеліске түсіп, екеуі ажырасып кетпек те болған көрінеді. Екі баласы ғана ұстап қалған, содан кейін екеуінің арасында байланыс үзіліпті. Тек балалары үшін ғана өмір сүрген екен.


«Содан кейін шығар, аталарың қайтыс болмай тұрып сөзге ілінді. Үлкен кісімен көңіл қосты деп есіттік. Содан кейін қайнағаң үйінен кетіп қалды, сенің күйеуің ол кезде әскерде еді. Әлі көңілдесі бар деп естиміз...» деп оны бір абысынып айтып берген. Елдің сөзінше, енем атамнан кек алмақ болған сыңайлы...


Жәй өсек деп мән бемеген едім, бірақ қайнағамның, күйеуімнің жалғыз бауырының үйге мүлде келмеуі содан да болар деп топшыладым. Тек күйеуім екеуміз ғана барып қайтамыз, үйге мүлде келмейді. Балаларын ғана анда-санда абысыным әкеліп әжелеріне көрсетіп тұрады.

Күйеуім де сондай көзқараста, бірақ «анасын жалғыз тастап кетті» дегізбеу үшін шыдап жүр. Анасы екеуінің арасында мүлде байланыс жоқ, бір-біріне сондай суық.

Әрине, олардың қарым-қатынасында менің шаруам жоқ қой. Бірақ бір отбасы болған соң мұндай суықтық еңсеңді езіп жібереді екен. Баламызды енем қасына алып жатқысы, қыдыртқысы келетінін байқаймын, бірақ күйеуім ыңғай бермейді. «Өзің қара» деп маған ұрсады. Соны білетін енем де немересіне жақындай бермейді. Тек күндіз, баласы жұмыста кезде ғана қасында болады. Менімен де көп сөйлесе бермейді.


Ең жаманы, мамандығым мұғалім болғандықтан баламыз екі жасқа толған соң балабақшаға беріп, жұмысқа шықпақ ниетімді күйеуім жаратпады. «Асыраймын, балаңа қарап үйде отыр. Жетпей жатқан нәрсе болса айт, тауып беремін. Тек қызмет істеймін деме! Қызмет әйелді өзгертеді» деген сөзі жүрегіме қатты тиді. Сөзінің астарында «қызмет істеген әйел сөзге ілінеді» деген түсінік жатқанын анық байқадым. Ол туралы бірнеше рет сөйлестік, соңында ұрысып тындық. «Ауылда қызмет істемеші, мүмкін, қалаға көшіп кетсек сонда бір реті келер, асықпа» деп басу айтты.


Сол кезде күйеуімнің ауылдағы сөзден, өсектен қорқатынын, іштей қатты желінетінін, күйзелетінін байқадым. Көмек бергім, анасымен арасын жақындастырғым келеді. Анасының өз өмірі бар, оны қандай болса да сыйлау керектігін айта бастасам, ашуланып кетеді. Тыңдамайды, тыңдағысы да келмейді. Енді қалай боларын білмеймін. Отбасымыздан жылдан жылға береке қашып барады, - дейді болашағын уайымдаған жас келіншек.


«Енді екеуін де мықты маманға апарып, психолог арқылы іштегі жан жарасын емдеткім келеді. Сонда біз бақытты отбасы болатын шығармыз. Бірақ оған да уақыт керек сияқты», - дейді отбасы үшін әрекет жасап жүрген ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қайынатам мен анам үйленіп алды»: Шымкенттік келіншек отбасының шырқы бұзылғанын айтты


«Қайнағамды жек көремін»: жамбылдық келіншек әрең шыдап жүргенін айтты