​«Қайынсіңлім дегенім күйеуімнің қызы екен»: жамбылдық әйел күйеуінің алғашқы махаббаты отбасын бұза ма деп қорқады

0
15 866

«Қызын көруге келген әйелге апта сайын дастархан жайып, қызмет етіп жүрмін»


​«Қайынсіңлім дегенім күйеуімнің қызы екен»: жамбылдық әйел күйеуінің алғашқы махаббаты отбасын бұза ма деп қорқады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«­Өзім шыншыл адам болғасын ба, өтірік сөйлеген адамды көрсем, екінші рет ол адамның бірде-бір сөзіне сенбеймін. «Өтірікшінің шын сөзі – зая» деген осындайдан шықса керек. Әсіресе басқа емес, өз күйеуің өткен өмірін жасырып, маған алдап үйленсе, онда басқалардан не күтуге болады?» - дейді Ардақ есімді жамбылдық әйел.


Бірнеше жылдан бері перзент сүйе алмай жүрген оқырманымыз өз басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Оқу, жұмыс деп жүріп тұрмысқа кеш шықтым. Менімен жасты қыздардың балалары мектепке барып қалды. Ал мен үш жылдан бері бір тырнаққа зар болып отырмын. Келін боп түскен жерім бағыма орай өте жайлы шықты. Бәрі мені қызындай көреді, «қашан бала табасың» деп бетіме басқан емес. Ата-енем алтын адамдар, қайынәпкелеріммен, қайныларыммен де тез тіл табысып кеттік.


Пенденің төрт құбыласы түгел болсын ба, айнала-туғаным жақсы болғанымен, ішімде өртеп бара жатқан бір мәселе бар. Осыған ақыл қосатын адам керек. Сол үшін отбасылық мәселені көптің талқысына салып отырмын. Дұрыс түсінерсіздер.


Ата-енемнің он екі жасар кенжетай қыздары бар. «Қартайғанда тапқаным» деп енем үстіне шыбын қондырмайды. Қыздың айтқаны бәріміз үшін заң. Сол еркетай қайынсіңлім деп жүрген қыз күйеуімнің қызы боп шықты. Оны да ауылға, ауызашарға барғанда көрші келіншек абайсызда айтып қалды. Әйтпегенде үйдегілер менен бұл сырды жасырып жүре берер ме еді. Бұл жаңалықты естігенде есімнен тана жаздағам. Көңіл-күйім де түсіп кетті. Жолдасым немесе ата-енем маған бұл жағдайды басында неге ашып айтпаған? Неге менен жасырды? Осы сұрақ көкейімнен кетпейді.


Кейін білгенімдей, күйеуім мектепте оқып жүріп өзінен екі жас қызбен жүрген. Ол кезде жасы небәрі он бесте болған. Кейін білгендей, қыздың аяғы ауырлап қалған. Онысын күйеуімнен жасырып, қалаға әпкесінің үйіне кетіп қалған. Қыз туып, онысы екі жасқа толғанда ауылға арнайы әкеліп, «мынау сіздердің немерелеріңіз, мен әлі жаспын, тұрмысқа шығуым керек, сол үшін қызды өздеріңіз бағып-қағыңыздар, мен анда-санда келіп, көріп тұрамын» деп тастап кетіпті. Ал енем таныстарын араға салып жүріп, қызды қамқоршысы деген құжаттарды туралап алады да, бауырына басады. ДНК сараптамасын жасатуды да ұмытпапты, қыз күйеуімнен екен. Бір жылдан соң ол қыз өзінен біраз жас үлкен кісіге тұрмысқа шығып кетеді. Одан бір ұл тапқан. Бірақ арада бірнеше жыл өткен соң әлгі күйеуі қайтыс боп, қазір баласымен тұратын көрінеді.


«Мен бұл қызға ешқашан қызымдай қараған емеспін, ол қарындасым сияқты өсті. Сол үшін бұл жағдайды саған айтудың реті жоқ деп шешкем. Оның үстіне олар ауылда, біз қалада, келіп кетер пайдасы да, зияны да жоқ қой» деп күйеуім кешірім сұрап, бұл мәселені жылы жауып қоя салғанбыз. Сөйтсем менің көретінім әлі алда екен.


Бір жылдан соң әлгі «қайынсіңлім» Назарбаев зияткерлік мектебіне тест тапсырып, оқуға түсті. «Сендер күні бойы жұмыстасыңдар, қыздың бабын жасап отыру керек» деп ата-енем біздің үйге көшіп келді. Аядай ғана үш бөлмелі пәтерде бәріміз бірге тұрып жатырмыз. Мейлі ғой, көңіл сыйған жерге бәрі сыяды. Тек...


Қыз қалаға келгелі шешесі де біздің үйден шықпайтын болды. «Апа, қызымды көруге келдім» деп апта сайын жетіп келеді. Оны біздің енеміз құрақ ұша қарсы алады. «Келін, шай әкел, тамағың дайын ба, әкел, Әсел жеп кетсін» деп мені зыр жүгіртеді. Күйеуімнің бұрынғы көңілдесіне ас-су әзірлеп жүргенім сол. Онысымен қоймай, күйеуім «Мен сені апарып тастайын, кеш боп қалды» деп көлігіне отырғызып алып кетеді. Жеке шыққанда не істеп жатқанын Құдай білсін. Бірдеңе дейін десем, балалы бола алмай отырысым мынау. Тілімді тістеп, ішімдегі қыжылды білдірмей күндерім өтіп жатыр.


Бір-екі мәрте «ол әйелдің біздің үйге келгіштеп жүргені маған ұнамайды» деп күйеуіме айтып едім, «болмайтын әңгімені айтпашы, туған қызын көруге мен тыйым сала алмаймын» деп өзіме ұрысып берді. Кездессе сыртта, басқа жерлерде қызын көре берсін, неге біздің үйге келеді, осыны түсінбеймін. Бұрын «жеңеше» деп мені айналшықтап жүретін қыз да қазір өзгерген. Үйдің бәрін шашып, білгенін істейді. Өз затын жинамайды, бұрын ондай қылығы жоқ еді. Шешесі әсер етіп жатқан сияқты. «Сен бойжетіп қалдың, өз тірлігіңе мұқият бол» деп ескертіп ем, «сіз маған ақыл үйрететін мамам емессіз» деп сөз қайтарды.


Шынымды айтсам, бұл үйге бөтен адам сияқтымын. Арамызда бір перзент болғанда, күйеуімнің ниеті, ықыласы басқаша болар ма еді. Бара-бара қарым-қатынасымыз суып жатқандай. Мұндайда не істемек керек, ақыл қосыңыздаршы, ағайын?»