«Қалай жатасың, жиіркенбейсің бе?»: тағдыры қиын келіншек енесінен көрген қорлығын жайып салды

0
3 918

«Б/у әйелмен қалай тұрасың?» дейді ұлына...


«Қалай жатасың, жиіркенбейсің бе?»: тағдыры қиын келіншек енесінен көрген қорлығын жайып  салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әркімнен қалған мусорды қалай құшақтап жатасың? Жиіркенбейсің бе?» деп енем күйеуім екеумізді шағыстырып отырады. Мен ол кісі үшін «бракованный» тауар сияқтымын. Бар айыбым – баласына дейін тұрмыста болғаным», - дейді Балжан есімді оқырманымыз.


Балжанның екінші күйеуімен отасқанына екі жылдың жүзі бопты. Алайда ол маңдайынан сор арылмай-ақ қойғанын айтады. Отбасындағы жағдайды ERNUR. KZ редакциясына жазып жіберіпті.


«Небәрі 19 жасымда ұлымды құшақтап төркініме қайтып келдім. Себебі сүйіп қосылған күйеуім өлесі мас болып арақ ішіп, өзінің досын пышақтап тастаған. Он жылға түрмеге қамалды. Ұлым үшін бәріне шыдап, күйеуімді күтуге дайын едім. Бірақ ол бір жылдан соң түрмеде қайтыс болды. Туберкулез ауруына шалдығыпты.


Үйге қайтып келгенде елдің бәрі мені мүсіркей қарады. «Байғұс-ай, жап-жас болып қара жамылып қалды», «Енді қайтесің, пешенеңде бар екен, амал жоқ ендігі өміріңді балаңа арнайсың да...» деп ағайын-туыс менің тағдырымды шешіп тастай салды. Сол кезде бәрі бітті, енді мен баламмен ешкімге керек емеспін деп ойлаппын. Баламды анама тастап, жұмысқа шығып кеттім. Тіке барып, тіке қайтамын, жұрттен қарым-қатынас деген жоқ. Ауданымыз кішкентай болғасын «Пәленшенің қызы байынан қайтып келіп жігіттерге көзін сүзіп жүр» деген сөз естімес үшін өзімді барлық нәрседен шектедім.


Сөйтіп жүргенде қызметтес бір жігіттің маған назары түсті. Бұрын үйленбеген, екі әпкесі бар. Шешесімен бірге тұрады. «Маған тұрмысқа шық, өкінбейсің, балаңды да өзім тәрбиелеп өсіремін. Ештеңеден таршылық көрмейсіңдер» деп өлердегі сөзін айта берген соң ішім жылыды. Анасы да біздің үйленуімізге қарсылық білдірген екен. Бірақ Бағдат ешкімді тыңдамай, ақыры әке-шешемнің алдынан өтіп, мені үйіне әкетті. «Балаң бір айдай ата-анаңның жанында бола тұрсын, өзің үйренісіп алғасын жанымызға аламыз» деп көндірген. Мен ақымақ соған шын сеніп қалыппын.


Келіндік өмірім жылаумен басталды. Енем отырсам опақ, тұрсам сопақ ететін. Дастархан басындағы шайымыз ұрыс-керіссіз бітпейтін. Бір күні тамағымның тұзы көп, енді бірде аз, тағы бірде шикі, екінші бір күні майлы, әйтеуір істеген тамағымнан мін іздеп, «Қолынан дым келмейтін, б/у қатынды қайдан таптың. Сорлы екенсің» деп менің көзімше айтып отыра беретін.


Әлі кіп-кішкентай, енді ғана апыл-тапыл қадам басып келе жатқан баламды ойласам ішкенім ірің болады, қатты сағынатынмын. Күйеуіме «Аликошты өз қолымызға алайықшы» деп айтсам, «нең бар, тыныш өмір жақпай ма, анда-санда көріп тұрасың, одан да екеуміздің баламызды тууға қамдан» деп бетімді қайтарып тастайтын. Баяғы уәдесі желге ұшқан. Шешесі мені жамандай бергесін бірте-бірте Бағдаттың да маған деген сезімі сөне бастағандай.


Түнде жастықты тістеп алып дыбысымды шығармай жылаймын. «Құдайым, бар айыбым қыз болмай келгенім бе? Мені өзіңнің бір ғажайыбыңа бөлеп, бір күнде қыздай етіп жіберші» деп жалбарынатынмын. Бірақ ол тек ертегі ғана ғой.


Әжептеуір жұмысымнан енем шығарып алды. Есік алдында супермаркеті бар еді. «Маған да бір адам керек, саудаға қарасасың» деп тұрып алды. Дүкеннің ыстық-суығына төзіп, 15 сағаттап жұмыс істейтін кездерім болды. Сонда да жақпаймын ғой, «мына жердің шаңы дұрыс сүртілмепі, мына кәмпиттің қорабы неге қисайып қалған» деп клиенттердің көзінше жекіп тастайды.


Жақында дүкенге ревизия жасады. Тауарларды санап, қалған ақшаны енемнің қолына өткіздім. «Мында елу мың теңге жоқ, қайда?! Балаңа арттырып жібердің бе, сен өзі сүмірейіп алып ұры екенсің ғой» деп ел-жұрттың көзінше масқарамды шығарды. Күйіп кеттім, отымен кіріп, күлімен шығып енемнің бабын қайтсем табам деп тырысып жүргенде істеп тұрған иттігіне шыдай алмадым.


Кешкісін күйеуім келген, «мен мына үйде қала алмаймын, бекерден-бекер мені ұры деп айыптаған анаңмен енді бірге тұра алмаймын, әйтпесе бөлек шығайық» деп шарт қойдым. Ол мені емес, шешесін таңдады. Түн ортасында киім-кешегімді жинап, төркініме кетіп қалдым.


Ендігі проблемам – екіншіме аяғым ауыр. Оны кеше ғана білдім. Бұл жаңалықты Бағдатқа хабарлап, айтып едім. «Сенің кеткеніңе бір ай болды, бәлкім ол менің балам емес шығар» деп тұтқаны тастай салды. Мына сөзді естігенше өле салғаным жақсы еді. Бір баламмен келгенім аздай, енді екіншісіне жүкті боп ата-анамның алдында масқара болып отырмын. Алдырып тастауға қолым бармайды, күнә арқалағым жоқ. Енді не істеймін, екі әкеден туған екі баламмен кімге, қайда барып сыямын? Басым қатып кетті...»