​«Қартайғанда көтеріп қойдым»: түркістандық әйел келіндерінен ұялып жүр

0
4 852

Ол құдағиларынан да ұялып, 50 жаста түн ұйқысын төрт бөлу қиындығынан да қорқып, не істерін білмей отыр.


​«Қартайғанда көтеріп қойдым»: түркістандық әйел келіндерінен ұялып жүр

фото: avatars.mds.yandex.net

«Құдай берем десе, жасқа да, сақтанғаныңа да қарамайды екен. Сондықтан да жасанды түсік жасатуға қорқып жүрмін», - деп бастады ол ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын.


Айтуынша, бес жыл бұрын ауыстырып салдырған жүктіліктен сақтайтын топсасы бар. Тіпті климакс кезеңі де басталып кеткен сияқты. Соған қарамастан екіқабат болып қалған. Жасы 49-дан асқан түркістандық Айша төрт айлық шаранасын алдырып тастағысы келеді. Бірақ обалынан қорқады.

«Ұятты ойласам, обалды ұмытып кетем. Бала туылғанша әлі өзімді талай рет жазғырып, талай рет жұбатып, көндіретін шығармын. Айналамдағы кей сөз мені ақымақтыққа итермелесе, кей сөз ақылға шақырады. Бір тоқтамға келе аламй жүрмін.

Құрбы келіншектер, абысындарым «Ойбай, келіндеріңмен жарысып тумақшысың ба?» дегенде, шаранадан құтылудың түрлі амалдарын жасадым. Әдейілеп ауыр заттар көтердім. Екі шелекті суға толтырып тасыдым. Үйдегі заттың бәрін сыртқа жалғыз өзім шығарып, барлық бөлмені екі күнде ақтап, едендерді сырлап та шыққанмын. Түсік тастап қояйын деген ой ғой сондағысы мендегі. Бала өмірге келуге соншалықты құштар ма, әлде денсаулығым мықты ма, білмедім.

Негізі денсаулығым бұрынғыдай емес, соңғы айларда айлық белгім келгенде жүрегім тарсылдап, мазам қашатын болды. Дәрігер бұны климакстың белгісі деген. Біраз дәрі де жазып берді, сатып алып ішіп жүрдім. Сондықтан мен жүктіліктің үш айлығына дейін құрсағымда шарана дамып жатқанын білмей қалдым. Климакс басталып кетіпті деп ойлағам.

Тамаққа тәбетім ашылып, түрлі иістерді сезіп, кейбірінен жүрегім айни бастағанда ғана күмәндана бастадым. Алдымен дәріханадан тест алып тексердім, екі сызық шықты. Сенгім келмеді. Сосын гинекологтың қабылдауында болдым.

Ол «екіқабатсыз, құттықтаймын!» дегенде талып қала жаздадым. Аузыма сөз түспей сасақалақтап қалдым. Дәрігер «Қуанғанда адам сөйлей алмай қалады деуші еді, рас екен ғой» деп күлді. Қайдағы қуанған, мен қорықтым. Жұрттың сөзінен қорықтым, келіндерден ұялдым. Өйткені мен бес бала туған анамын, енемін, қыз ұзатқан құдағимын.

Келіндеріме талай рет «Кезінде бізге ешкім айтпады, әйтпесе үш бала жетеді екен. Сол үшеуін қатарынан қалдырмай өсіріп жетілдірудің өзі оңай емес. Ал төрт-бес баланы бағу, қағу, асырау қиын. Бұл кезде әйел өзін ұмытады. Асылық етіп отырған жоқпын, бірақ ақыл кіргенде тұрмысқа шыққанымда бір ұл, бір қызбен шектелетін едім» деп талай рет айтқанмын.

Сөзімнің арасында кейбір әйелдердің топырлатып туа беретінін айтып, олардың көп балалы болуына қарсы екенімді де білдіруге тырысатынмын. Өйткені өзім бес баланы өсірем деп әйел екенімді ұмытып, уақытымды тек балаларға арнағанмын. Бұл үшін талай рет өкінгенмін де. Балалар өскен сайын олармен бірге мәселе де көбейетіні белгілі ғой.

Үлкен екі ұлды үйлендіріп, екі қызымды ұзатқан соң енді ғана өзіме көңіл бөле бастап едім. Мектепте оқитын кенже қызыммен келесі жылы жазда Бурабайға барамын демалуға деп жоспарлап қойған едім. Құрбы әйелдермен моншаға барып, дүкен аралап, жан-жағыма қарауға уақыт табылғанда қайтадан өзіме өзім «жұмыс» тауып алып отырмын. Иә, балаға қарау да үлкен әрі жауапкершілігі мол жұмыс.
Шынымды айтсам, келіндерім тумай жатып-ақ іштей «Бес бала өсіргенім жетеді, әркім өз баласына қарасын» деп немереге қараудан қашуға дайындалып жүрген едім. Енді шынында мен өз балама қарап, немере бағуға уақытым да, шамам да болмайын деп тұр.

Менің немереге қараудан қашқан ниетіме қарай құдай әдейі сынақ ретінде алтыншы баламды етегіме беріп отыр ма екен деп ойланам. Өйткені құрсағымдағы шарана талай күн ауыр зат көтерсем де түспеді. Алты баласы бар аналарды көргенде «Түу, бесеуінің қиындығы аз болды ма? Неге әйелдер өзін қинағанды жақсы көреді?» деуші едім. Ал енді өзім де алтыншысын туам. Ұят-ай! Адам аузына филтр қойып, абайлап сөйлеу керек екен.

Жасым 50-ге келгенде түн ұйқымды төрт бөлу, екі сағат сайын бала емізу қиын болатын шығар?! Жас кезде білінбейді, қартайғанда қиын-ақ. Алдырып тастағым келеді, бірақ қорқам. Не істесем екен? Ойлана беріп басым ауырып кетті...»


Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім үйге қонақ ертіп келе береді»: шымкенттік келіншек шаршағанын айтты

«Болашақ құдам әлі пәтер жалдап тұрады»: Алматылық әйел қызын неге күйеуге бермей қойғанын түсіндірді