​«Келінге бұл сұрақты қоймаңыз: маңғыстаулық әйел интимдік сұрақты атады

0
3 201

"Бірақ бұны сіз де, біз де қойып жүрміз".


​«Келінге бұл сұрақты қоймаңыз: маңғыстаулық әйел интимдік сұрақты атады

Фото: akpsi.org

«Бойжеткен жастан аса бастағанда «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұрайды бәрі. Бұны барлық қыз естіген шығар, келін атанғанша ести береді. Жалпы адам баласы өмірінің әр кезеңінде түрлі сұрақ естиді. Бірақ кейбір сұрақты қоярда ойланған дұрыс сияқты», - дейді маңғыстаулық Сайлаукүл есімді әйел.

Ол үйреншікті сұрақты жаңадан түскен келініне қойып, ұялғанын айтты. Ол қай сұрақ деп ойлайсыз?



Ұялтқан сол бір оқиғаны Сайлаукүл ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бұрын мен де ойланбастан сұрақ қоя беретінмін. Жақында інімнің келіншегінің айтқан сөзі ойландырып қойды. Бір жағынан, оның айтқанында жан бар секілді. Алайда бұған көбіміз мән бермейді екенбіз.

Ең кенже інім үйленгенде мен перзентханада жатқанмын. Беташарға бара алмадым. Телефон арқылы құттықтап қоя салғам. Көрімдігімді де "каспи голдқа" салып жібердім.

Одан кейін белгілі емес пе, сәбиімді қырқынан шығардым. Жасына толмаған нәрестемен ұзақ жол жүру оңай емес. Оның үстіне мен кесарь тілігімен тудым. Үшінші рет денеңнің бір орнын кесу, оның қалпына кеп жазылуы қиын.

Не керек, мен туып өскен үйіме балам бір жасқа толғанда бардым. Ағайын-туысқан мінезі тік деп ұнатпаған келін обалы не керек, зыр жүгіріп жүр. Кешкі астан соң ғана аяқ созып отырды. Менің баламды құшақтап, «Неткен тәтті!» деді. «Сендерде қашан болады бала?» деп сұрадым. Балаға еміреніп, елжіреп отырған келіннің түрі бұзылып кетті.


«Ұялмайсыз ба?» деді де, сәбиімді қолыма ұстатып, асүйге қарай кетіп қалды. Ол ренжитіндей, мен ұялатындай не айттым?


Сөздерімді есіме түсірдім, әдептен асатындай сөз айтпаған сияқтымын. Ойланып отырғанымда ағам мен жеңгем келді. Амандық, саулық сұрасып мәре-сәре боп жатырмыз. Осы уақытта үйленген інім де жұмыстан келді. Ал келін шай әкеп, үстелді реттеуде.

Ағам ініме қарап «Қатарластарыңнан кештеу үйлендің, ертерек әрекет етіңдер енді. Қашан бала болады?» деді күліп. Інім қызарып қалды. Ал келін «Сөзім жоқ, барлығыңызға не болған, ұятты ұмытыпсыздар» деді.

«Ұятсыз болатындай не дедік» дедім ашуланып. Сонда келін «Бұл интимдік сұрақ қой. Қашан бала болады? Одан да «Қашан интимдік қатынас жасайсыңдар?» деп сұрай салсаңызшы ұялмасаңыз. Интимдік сұрақ бұл» деп ашуланды.


Бәріміз тына қалдық. Келіннің сөзінен соң ағам да, мен де ашуланып қалдық. Кетуге асықтық. Бірақ түсіністікпен қарауға тырысып, өзімнің жас кезімді есіме алдым.


Рас, басында осы сұрақты естігенде мен де қызаратынмын, кейін ашуланатынмын. Әсіресе, күйеуім екеуміздің үйлену тойымызда аталар да, апалар да «Енді ата-аналарыңа ертерек немере сыйлаңдар» деп тілек айтқанда, ұялып кеткенмін.

Ол кезде маған да бұндай сөз ұят сияқты еді. Кейін құлағым үйреніп кетті ме, елемейтін болдық.

Алғаш келін боп түскенде расында бұндай сұрақ түрпідей тиеді. Сондықтан інімнің келіншегінің реніші орынды сияқты. Егер зерделеп, сұрақтың астарына үңілсек, шынында да интимдік сұрақ сияқты. Өйткені жұбайлық қатынасқа кеп тіреледі.

Басқаны қайдам, келінімнің сөзінен соң бұндай сұрақты қоюға ұялатын боппын...»


Сайлаукүлдің оқиғасы расында да ойландырып қойды. Ал сіз ше, бұндай интимдік сұрақты келіндерге әлі қойып жүрсіз бе?



Ұқсас оқиғалар:


«Таңдаған ТАЗҒА ЖОЛЫҚПАЙДЫ!»: Шымкенттік келіншек бірнеше жігітпен жүріп барып тұрмысқа шығуды ұсынды

«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты