​Күйеуім «ДРУГ ВОКРУГ-тағы келіншектермен кездеседі»: жас келіншек не істерін білмей жүр

0
3 654

"Ал ол сайттағы қыз-келіншектерге күйеу емес, тек ақша керек..."


​Күйеуім «ДРУГ ВОКРУГ-тағы келіншектермен кездеседі»: жас келіншек не істерін білмей жүр

фото: pbs.twimg.com

Бүгінде әлеуметтік желіде қыз-жігіттердің танысуына арналған сайт көп. Әйтсе де, ол арқылы отбасы құрып жатқандар некен саяқ дейді білетіндер.

«Көбісі жай уақытша қарым-қатынас құру, қызық үшін тіркеліп, танысады. Тіпті онда отбасылы еркектер «ажырасқанмын» деген жалған статуспен ажырасқан келіншектермен уақыт өткізеді. Өкініштісі, бұндай қосымшалар бойдақтардың басын екеу етіп жатқан жоқ, керісінше көп отбасының ажырасуына себеп болуда...»

Осылай шырылдап қоңырау соққан шымкенттік жас келіншек өз мәселесін жайып салды.
Үйленгендеріне бір жыл енді ғана болған ерлі-зайыптылардың бір-бірінен көңілі суып бара жатыр екен. Оған себеп – танысу сайттары.


Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Күйеуім менен үш жас үлкен, былайша айтқанда жас алшақтығы жоқ. Сөзіміз, сезіміміз жарасып отбасы құрдық.

Жасым 26-да. Күйеуімнің жұмыс бабына байланысты қалада пәтер жалдап тұрамыз. Бастапқыда үш ай жұмысынан үйге асығып келетін еді. Содан кейін достарымен кездесуі, қыдыруы көбейді. Мейлі, еркек – түздің адамы ғой, оның үстіне достарынан ажыратып та ала алмаймын.

Жұмыстан соң тіке үйге қайтпай түнімен қыдырған соң шаршап келіп, ұйықтап қалады. Ол ұйықтап жатқанда телефонына көп смс-хат келеді. Түн ортасында смс жазатын кім? Әр түрлі ой келеді. Бірақ телефонында пароль бар, аша алмаймын. Бір күні сериал көріп отырғансып ол паролін теріп жатқанда көзімнің қиығымен қарап, жаттап алдым. Қазір осы қылығыма өкінем. Білмей жүре бергенім жақсы ма еді...

Күйеуім «Друг Вокруг» деген сайт арқылы көп қыз-келіншекпен танысып, хат алмасыпты. Телефон нөмірлерін де алмасып, вацапта «сөйлескен». Бойдақ кезінде танысқан шығар деп ойладым, жоқ, үйленгеннен соң әлгі танысу сайтына тіркелген ғой. Мүмкін жас, сұлу қыздар қызық болған шығар деп, күйеуім сөйлесіп жүрген қыз-келіншектердің суретін, жасын қарап шықтым. Ылғи 35-40 жастағы, ажырасқан, балалары бар әйелдер. Түрлері де, фигуралары да әдемі емес.

Жас қыздар болса түсінер едім, менен 7-10 жас үлкендер. Олар емес, күйеуім танысуға ұсыныс жасаған. «Жақын араласуға қалай қарайсың?», «Кіммен тұрасың?», «Балаңның жасы нешеде?» деген сұрақтар қойып, әңгімеге тартқан да күйеуім.

Бір таңқаларлығы, «Друг Вокруг»-тағы келіншектерге күйеу емес, ақша керек сияқты. Біреуі баласының ауырып жатқанын айтып, ақша сұраса, тағы бірі пәтерақысын төлей алмай отырғанын жазған. Бәрінен де күйеуімнің «Жақын танысып, араласып жатсақ көмектесемін ғой» дегені жаныма қатты батты. Ол бір айлыққа қарап отырған адам, азық-түлікке ақшаны санап береді. Артық бірдеңе алсам ұрсады, ал өзі басқа әйелдерге көмектесуге дайын.

Неге ол басқа әйел іздеп жүр? Осы сұраққа нақты жауап таба алмадым. Менен жалықты дейтіндей, он жыл отандасқан жоқпыз. Бас қосқанымызға бір жыл енді болады. Танысқан әйелдері көрікті де емес, қалталы да емес. Күйеуімнің не үшін олармен кездескісі келетінін түсіне алмай-ақ қойдым.

Сол күні таңға дейін ұйықтай алмадым. Басымда ойлар арпалысты, алысты. Ертеңіне айтпақшы боп қанша рет оқталсам да айта алмадым. Қайдан білдім деп айтам? Телефонының паролін ауыстырып тастаса, кейін оның басқа әйелдермен алмасқан хаттарын оқи алмай қалам ғой.

Білетінімді білдірмек боп ол кешіккен кезде әдейі үстін иіскеп «Әйел иіс суының иісі шығады», «Біреуің бар ма?» деп сұраймын. Мойындамайды. Тіпті бірде ұрыс шығарып жылап та қалдым. «Сенбейсің бе? Мә, тексер» деп телефонын қолыма ұстатты. Бәрін өшіріп үлгеріпті. Түнде ғана оқып едім ғой, таңертең бірі де жоқ. Осыдан кейін доғаратын шығар, ақыл кірер дегенмін.

Бір аптадай телефонын қолыма түсіре алмай жүрдім. Жастығының астына қойып жатады. Жұмыстан келіп, ваннаға жуынуға кіріп кеткенде жылдам парольді теріп, телефонын аштым. Сөйлесуін доғармаған, әлі де байланыста. Бір емес, бірнеше әйелмен хат жазысқан. Жылағым келді, бірақ жыдай алмадым.

Содан бері алты ай өтті. Мен байқатпай оның телефонындағы хаттарын оқып жүрмін, ал ол байқатпай сөйлесіп жүр. Ең жаманы, мен білмегенсіп, ол «білмейді» деп ойлап жүр.

Сөйлескен адам кездеспей қоймайды ғой. Мен айтқанмен, ол бәрібір мойындамайды да, «Друг Вокруг»-тағы әйелдерімен сөйлесіп, кездесуін қоймайды да деп ойлаймын. Өйткені күдігімді олай да, бұлай да жеткізіп көрдім. Көңілін өзіме аудару үшін де қолымнан келгеннің бәрін жасап бағудамын. Бірақ ол тоқтатпады байланысын.

Көңілім суып кетті. Мейлі, балалы болған соң ес кірер деп ойлап қоям. Бірақ «Друг Вокруг»-тағы әйелдер оған несие алдырып, басқа да пәлеге ұрындыра ма деп қорқам. Ауру жұқтырса ше деп уайымдап жүрмін. Не істесем екен?..»



Ұқсас оқиғалар:

«Тұрмысқа шықпай қартайды»: шымкенттік әйел сіңлісіне жаны ашиды


«Ауырып жатқан енесін тастап кетті»: талдықорғандық әйел жаға ұстатар жағдайды айтты