«Күйеуім тойға бармайды»: шымкенттік әйел не үшін ажырасайын деп жүргенін айтты

0
3 222

"Одан да жалғыз өмір сүргенім артық емес пе?!"


«Күйеуім тойға бармайды»: шымкенттік әйел не үшін ажырасайын деп жүргенін айтты

Фото: mh-2-stockagency.panthermedia.net

«Әкем қатал болды. Қыз күнімде ешқайда жібермейтін. Тіпті мектептегі күзгі балға әрең жіберетін еді. Ол «Ертең күйеуіңмен бірге қыдырасың, сонымен барлық жаққа барып үлегерсің. Ал қазір ерте» деп айтатын. Бірақ тұрмысқа шыққаныма отыз жыл уақыт болса да мен той-томалаққа жалғыз барып жүрмін», - деп мұңайды алматылық Нұрсапа есімді келіншек.

Нұрсапаның көпшілікті ұнатпайтын күйеуі осы күнге дейін әйелімен бірге ешқайда бармапты. Ол ағайын-туысқандары түгілі бажалаларының қуанышты күндерінде тіпті бір ауыз құттықтауды да білмейді екен. Ұл-қыз өсіп, нағыз қыдырып, той тойлайтын уақытта Нұрсапа күйеуінің бұл қылығына ашуланып жүр. Ол жалғыз баруға ғана емес, күйеусіз өмір сүруге де үйреніп қалғанын айтты. Сондықтан да ажырасқысы келеді.



Дегенмен, бір шешімге келе алмай жүргеніне екі жыл болыпты. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Ынжық екенін алғашқы күні-ақ білгенмін. Ынжық болмаса, қызға сөз айта алатын жігіт болса, келісімімді алып үйленер еді ғой. Немесе батылдық жасап, алып-қашса да болар еді. Жоқ, ол мені үйіне отырысқа барғанда алып қалды.

Сыныптасымның туған күніне барғанмын. Мектепті бітіргеніме екі жыл болған кез. Анам ауырып, мен жоғары оқу орнына түсе алмадым. Анама қарайтын адам болмады. Екі жыл ауылда жүрген шақта сыныптастардың туған күн кешінде жиналып, қарабайыр өмірімізге сәл де болса сән кіргізіп, өз көңілімізді өзіміз көтеріп қайтатынбыз. Ауылда одан басқа қызық жоқ қой.

Бір күні мен сияқты ауылда жүрген Оразкүл есімді сыныптасым туған күнін жасады. Төрт-бес қыз бардық. Кеш соңында сыныптасымның бір жеңгесі бөлмеге кіріп келіп, басыма орамал жапты. Қарсыластым. Амал жоқ, қалдым.

Оразкүлдің үш ағасы бар. Үлкен ағасы маған ұнайтын еді. Соған алып қалып жатыр екен деп ойлағанмын бастапқыда. «Күйеуім кім?» деп те сұрай алмайтын ауылдың қарапайым, жас қызымын ол кезде. Сөйтсем, екінші ағасы Әлімжанға алып қапты.

Көп сөйлемейтін, өте жуас жігіт. Жеңгелері «Қыз көрмеген жуас. Артық қылығы жоқ періште» деп мақтады жігітті. Сырттай танимын ғой. Несін айтайын, мен осылай жар, келін атандым.

Обалы не керек, күйеуімнің аузы аз қимылдаса да, қолы еңбектен босамайды, өте пысық. Азанды-кеш тынбайды. Қыбырлап әйтеуір тірлік істеп жүреді. Мамандығы жоқ болса да қолынан келген жұмысты істеп, ақша тауып, еңбекқорлығының арқасында қаладан жер сатып алды. Үйдің іргетасын да өзі құйып, үш жылда төрт бөлмелі үй тұрғызды.

Бір кемшілігі – ешкіммен араласпайды, тіпті менімен де әңгімелеспейді. Әрине, үйдің адамы, отбасын ғана ойлағаны жақсы, бірақ бос уақытында үйден шықпайтыны қынжылтады.

Менің төркініме де, өз жұртындағы той-жиынға да бармайды. Рас айтам, «Өзің барып келе бересй» дейді де, қалып кетеді. Басында соған бола ұрысатынбыз. Бірақ ол ұрысып та жарытпайды, ұрыстан қорытынды да шығармайды.

Алғашқыда әкем «Төркініңе күйеуінсіз келуші болма» деп ұрысқан. Бірақ кейін менің жалғыз жүретініме бәрі үйренді.

Күйеуімнің ағайын-туысқандары да «Әлімжанның жағдайы қалай?» деген сұрақтан әріге аспайды. «Неге келмеді?» деп ешкім сұрамайтын болған. Өйткені шақыра-шақыра бәрі шаршаған. Оның көпшілікпен араласпайтын томаға-тұйық мінезі бәріне аян.

Әйтпесе, жаңа киімі менікінен көп. Түр-басы да ешкімнен кем емес. Ауылдан шықпаған ынжық дейтіндей де емес, 20 жылға жуықтады қалада тұрады, жұмыс істейді.

Қазір ұл-қыз өсті. Ағайын-туыс, дос-жаран қатары да көбейген. Қуаныштарына шақыратындар көп. Бірақ барлық жерге мен күйеуі жоқ адам сияқты жалғыз барам. Әсіресе, сіңлілерімнің үйіне, олармен бірге отырысқа барғанда жалғыздығым қатты білінеді. Бәрі күйеулерімен шүйіркелесіп отырғанда мен шетте қалып қоям. Шынымды айтсам, күйеуім бола тұра жалғызсырайтыным жаныма батады.

Үйде де оның бар-жоғы білібейді. Өзімен-өзі, ешкіммен сөйлеспейді. Арамызда диалог жоқ мүлдем. Жасың келген сайын күйеуіңмен әңгімелесіп, өткен-кеткенді айтып отырғың келеді. Ал ол бір-екі кесе шайын жылдам ішеді де, дастархан басынан тұрып кетеді. Ұл мен қыз Алматыға оқуға түскелі жалғыздықтан жаным жабырқап жүр.

Үлкендер «Күйеу әсіресе қартайғанда керек, әңгімелесіп, ұрысып отыратын да адам қажет» дейді ғой. Ал күйеуім менімен әңгімелеспесе, қолтықтасып бірге той-томалаққа бармаса, одан да жалғыз өмір сүргенім артық емес пе?!

Әрине, «Аз сөз – алтын» деген нақыл бар, бірақ жұбайлар арасында әңгіме, диалог болмаса, оның несі отбасы?

Жалғыздыққа үйреніп те қалғандаймын. Сондықтан менімен ешқайда қыдырмайтын, сырласып әңгіме айтпайтын Әлімжанмен ажыраса салғаным дұрыс па деген ойда жүрмін. Өйткені оның сөйлемейтіні соңғы кезде жүйкеме тиіп жүр...»



Ұқсас оқиғалар:


«Көйлегіме мысық орап көмген»: Қазақстандық келіншек қорқынышты оқиғаның куәсі болғанын айтып берді


«Сені әке демеймін»: 23 жылдан соң табылған баласы тараздық азаматты ренжітіп кеткен