«Күйеуімнің ДОСЫНАН...»: Алматылық келіншек 30 жыл жасырған сырымен бөлісті

0
2 830

Ол Қайрат Нұртастың «Алматының түндері-ай» әнін жек көремін дейді. Неге?


«Күйеуімнің ДОСЫНАН...»: Алматылық келіншек 30 жыл жасырған сырымен бөлісті

«Жаман адам болғанымен, жаман ана болмайды» деген сөзбен келісесіз бе? Аққыз өзін осы сөзбен жұбатып, ақтағысы келеді. Ол күйеуінің ең жақын досынан перзентті болғанына өкінбейді.


Аққыз ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында былай дейді:


«Көп адам Қайрат Нұртастың «Алматының түндері-ай» әнін ұнатады, ал мен жек көрем. Өйткені осы әнді естісем, сонау артта қалған бір түн есіме түседі. Құпиям ашылып қалатындай қорқам...

Мен шет тілдер факультетінде оқыдым. Екінші курста заң факультетінің студенті Нұртай деген жігітпен таныстым. Бастапқыда дос ретінде араласып жүрдік. Кейіннен сезіміміз махаббатпен жалғасты. Ол атыраулық еді. Бар болмысы, кірпияздығы, салмақтылығы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеген сөзі бәрі-бәрі маған қатты ұнайды. Нұртай да мені сүйді.

«Екі адам оңаша қалса үшіншісі – шайтан болады» деген сөз бар емес пе, біз сондықтан да үйленгенше пәтерде жалғыз қалмауға тырыстық. Бірақ біздің арамызға шайтан емес, Нұртайдың ең жақын досы түсті. Ол Нұртайдың сыныптасы әрі бірге пәтерде тұратын досы. Есімі – Жансерік.

Алғаш көргенде-ақ Жансерік маған ұнамаған еді. Ол жылпос боп көрінген. Бірақ жігітімнің ең жақын досы болғандықтан, амал жоқ араласуға тура келді.

Отырысқа, киноға барсақ Жансерік біздің қасымыздан қалмайтын. Бірде кинодан қайтып келе жатқанымызда Нұртай су алмақ боп дүкенге кірді. Осы сәтті пайдаланып Жансерік мені қинап ернімнен сүйді. Бұл жөнінде Нұртайға айта алмадым, бірақ Жансерікпен араласпауын сұрандым. «Ол менің бала кезден бірге келе жатқан досым ғой. Мені досымнан айырғың келе ме?» деп, ренжіді. Мүмкін сол кезде оған Жансеріктің мені қинап сүйгенін айтуым керек пе еді? Мүмкін сол кезде мен жамандықтың алдын алатын едім бе деп ойлаймын.


Ол Нұртай екеумізді ұрыстыруға талай рет әрекеттенді. Соның кесірінен біз бірнеше рет айрылысып, қайта табыстық.


Нұртай қандай киім алса, Жансерік ертеңіне-ақ дәл сондай киім сатып алатын. Ол тіпті үшінші курста мамандығын да өзгертіп, Нұртайдың тобына ауысып алды. Нұртайға «Ол сенің орныңда болғысы келеді, неге байқамайсың? Араласпа!» десем, «Орнымда емес, қасымда болғысы келеді» деп оны жақтайтын. Ақыры сол Жансерік менің болашаққа деген арманымның нәзік гүлін жұлып алды.

Төртінші курста оқып жүргенімізде Нұртай екеуміз үйленетін боп шештік. Бас қосатын күнді де белгілеп қойғанбыз. Үйленуге екі ай қалғанда Жансерік мені жиі мазалайтын болды. Сөйтсем, арам ойын жоспарлап жүрген екен ғой.

Бір күні ол Нұртайды бір топ жігіт ұрып тастағанын, қатты соққыға жығылған оның жағдайы тым ауыр екенін айтып үйге келді. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Оның үстіне түн ортасында өрт сөндіргендей боп тұрған Жансерікті көргенде, жігітімнің халін естігенде есімнен адасқандай оған еріп кете бердім. Таксимен олар тұратын пәтерге келдік. Бесінші қабатқа көтеріліп есікке жақындағанда Жансерік «жедел жәрдем» шақырсақ, олар милицияға хабарлайды. Сөйтіп көп сұрақтың астына алып ушығып кетуі мүмкін. Сыртынан құлыптап кеткен едім» деп өз кілтімен ашты.

Аяқ киімімді шешіп үлгермей ішкі бөлмеге асықтым. Үйде жан пенде жоқ. Жансерік мені алдаған екен. Есікті ішінен құлыптап маған қарап тұр. Жансеріктен қорқып оны ақылға шақырмақ болдым. Бірақ мені тыңдайын деп тұрған ол жоқ.


Мені қатты сүйетіндігін айтты. Тұрмысқа шығуымды өтініп аяғыма жығылды. Нұртайға шықсам, бәрібір арамызға килігетінін, менің өзгемен бақытты болуыма кедергі жасайтындығын айтып ант су ішті. Ұзақ сөйледі. Соңында менің бәрібір Нұртайдан бас тартпайтындығымды білді де, күш көрсете бастады.

Ол менің қарсыласқаныма қарамай, пәктігімнен айырды. Солай етсе, мені қайда барады деп ойлапты. Іс біткен соң, жылап жатқан менен кешірім сұрап әуреленді. «Қаласаң ертең үйленеміз. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын» деген сөзін қайталаумен болды. Түсінбейтін адамға сөзді шығындағанмен пайда жоқ. Оның бетіне де қарағым келмей кетіп қалдым. Үйдегілерге де білдірмедім.

Жан азабына салған сол күнгі оқиғадан кейін ешкіммен сөйлескім келмей, Нұртайдан да өзімді алып-қашып жүрдім. Ең жаманы, бұл түнгі оқиғаны ешкімге айта алмадым. Ал Жансерік болса, маған үйленетініне сенімді. Ол қыр соңымнан қалмады. Егер Нұртайға тұрмысқа шықсам, той күні барлығын оған жеткізетіндігін айтты. Сонда ол мені қорқытып, үркітіп өзіне жар етпек болды. Тек мен ғана емес, өзінің де бақытсыз болатынын айтқаныммен, түсінбеді.


Әрі-сәрі күйде жүрдім. Арада бір ай уақыт өткенде жүрек айну, лоқсу дегендей жүктіліктің белгілері байқала бастады. Тексерілдім, Жансеріктен аяғым ауырлап қалыпты. Гинекологтың кабинетінен басқа келіншектер қуанып шығып жатса, мен жылап шықтым.


Өкіріп жыладым. Сол күнгі түнге налыдым. Жансерікті қарғадым, оған өлім тіледім. Өзіме қол жұмсамақ та болдым. Ішімдегі баламды алдырып тастамақ боп көп ойландым. Мүмкін Жансерік қайғылы оқиғаға ұшырамағанда, аборт жасатар ма едім, кім білсін?!

Өстіп жүргенде бір жарым ай зырлап өте шықты. Үйленетін күн жақындаған сайын жүрегім атқақтап, тек өлім туралы ойлар шырмап алды. Аборт жасатып баланы алдырып тастасам, барлық азаптан да, Жансеріктен де құтыламын деп ойладым. Сабақтан шығып, әйелдерге кеңес беру орталығына қарай бет алып бар ажатқанымда, алдымнан Нұртай шыға келмесі бар ма?! Түрі түтігіп кеткен. Бірнәрсе айтпақ болғанымен, кешекештеніп аузына сөз түспей қиналды. Мен ол бәрін біліп қойыпты деп, шындықты өзім айтып бермек болдым. «Нұртай, Жансерік...» деп сөзімді бастай бергенімде, «Қайдан естідің? Иә, Жансерік бүгін қайтыс болды» деп, жылап жіберді.

Айтуынша, Жансерік түнде бір досымен көрші қаладан туған күн кешінен келе жатып, жол апатына ұшырапты. Жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, таңға жуық көз жұмыпты.

Шынымды айтсам, мен бұл хабарды естіп қуандым. Жансеріктің шындықты өзімен қара жер қойнауына алып кеткеніне қуандым.

Бірақ арада біраз күн өткен соң оның өліміне өзімді кінәлап, тұнжырап жүрдім. Мен оны қарғап едім. Көз жасымды көлдетіп Жансерікке өлім тілегенім қабыл болған шығар...

Жансеріктің өлімі есеңгіретіп тастады. Біріне-бірі жалғасқан мәселелер, мұң, қайғы аз болғандай, гинеколог «Ойланыңыз» деп аборт жасамай қайтарып жіберді.

Несін айтайын, белгіленген күн де жетіп, Нұртай екеуміз үйлендік. Мен одан шындықты жасыру үшін алғашқы түнде де амалын таптым.

Маман атанып, Алматыда қалдық. Жұмысқа орналастық. Жуас, жұрттың бәрін өзіндей көретін Нұртайда күдіктену, орынсыз қызғану деген жоқ. Босанғанымда да күнін, айын есептеп тексерген жоқ. Ол менің мезгілінен ерте босанып қойдым дегеніме сене салды. Енем де алыста болды, әйтпесе бір жарым айдай ерте босанғанымнан күдіктенер ме еді?!.

Сол баладан соң құрсағыма бала бітпеді. Мүмкін әркімге өлшеп ғұмыр беретін Алла баланы да өз қалауы бойынша беретін шығар. Баламыз жеті жасқа толғанда, Нұртай екеуміз келесі баланы жоспарладық. Дәрігердің тексеруінен өттік. Дәрігер Нұртайдың ұрығы сапасыз екенін айтты. Баламыздың бар екенін естіп таңданыс білдірді. Сосын тыңғылықты емделмесе мүлде бала таптыра алмай қалуыңыз мүмкін» деп ескертті. Бірақ Нұртай «Дәрігер не шеше алады дейсің, ол да пенде ғой. Бәрі Алланың қолында» деп, емделмеді. Ал мен өзім қуыстанып жүргендіктен, оған «емделсейші» деп айта бергім келмеді.


Сол күйі Нұртай емделмеді. Дәрігер айтқандай шынында да Нұртайдан бала көтермедім. Ол «бір ұлымыз бар, соған да шүкір етелік» дейді. Күйеуім өсіріп отырғаны өзінің баласы емес екенін білмейді.


Биыл үйленгенімізге 30 жыл толды. Жалғыз баламыздан 4 немере сүйіп отырмыз. Үлкен немереміз жоғары сыныпта оқиды.

Соңғы кезде студенттік шақты көп еске алып жүрмін. Кейде маған тағдыр сол бір күнгі оқиғаны әдейі ұйымдастырғандай түйіледі. Егер сол бір түнгі оқиға болмағанда, маған ана болу бақыты бұйырмас па еді, кім білсін?!

Бұрын Жансерікті қарғаған болсам, қазір маған бала сыйлағаны үшін рахмет айтамын. «Ойланыңыз» деп қайтарып жібірген гинекологқа ренжіген болсам, қазір оған да алғыс айтып отырамын. Бұрынғы өкінішімнің бәрі қазір қуантады. Рас айтам, күйеуімнің досынан туып алғаныма қазір қуанамын. Таңданып отырған шығарсыз?..»

Аққыз өткен өміріндегі өкінішін бүгінде жұбанышқа айналдырған тәрізді. Иә, әркімнің өкініші жылдар өте жұбатарлық немесе қуантарлық жағдайға айналса, қанекей?!

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Намазға жығады деп едім»: Келінінен көңілі қалған ана енді ұлынан ажырап қалам ба деп қорқады

«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді