​«Мамбетсің! Сасымай ары жатшы!»: көршісінің жағдайын көрген азамат барды бағалау керектігін айтты

0
2 417

«Үйден басқа киіммен кеткен, жұмысқа барған соң ауыстырып алады екен»


​«Мамбетсің! Сасымай ары жатшы!»: көршісінің жағдайын көрген азамат барды бағалау керектігін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Баяғыда ғой, қалаға енді көшейін деп жатқанымызда әжем марқұм «Үй алма, көрші ал» дей беретін. «Апа-ау, таңнан кешке дейін жұмыстамыз, көршіні көретін уақыт бар ма бізде?» деп күлетінмін. Сөйтсем үлкен кісі бәрін білген екен ғой», - дейді Хақназар есімді шымкент тұрғыны.


Айтуынша, бір қабатта тұратын көршісінің үйінен береке кетіпті. Күнде айқай-шу, ұрыс-жанжал естіп жүрген Хақназар болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Оң жағымда тұратын отбасы өте бақытты. Әйелі күйеуінен сегіз жасқа үлкен. Десе де екеуінің жас айырмашылықтары білінбейді. Екеуі базарда сауда істейді, екі баласын қыдыртып, жақсы тәрбие беріп отыр. Естуімше, көрші жігіт жастайынан жетім өскен, ішкілікке құмар болған көрінеді. Кейін әйтеуір бағына орай мына келіншек кездесіп, көңіл жарастырыпты. Төрт жылдан бері көршіміз, бір рет үйінен «ыдыс-аяқтың сылдырын» естімеппін.


Ал енді екінші жағымдағы көршім басындағы бағын өзі ұшырып алды. Өзіммен құрдас жігіт қой, үш жыл бұрын университетті енді бітірген бір қызға ғашық болып қалды. Үйемелі-сүйемелі екі ұлы, әп-әдемі келіншегі бар еді. Күйеуінің жеңіл жүрісінен хабардар болса керек, екі баласын алды да, төркініне кетіп қалды. Сабырлылығына риза болдым, айқайласқан да жоқ, шу да шығармады. Ол кеткен соң көп өтпестен Ғалым әлгі студент қызға үйленіп алды. «Жас иіске елітті ме, қашан көрсең әйелінің соңынан салпақтап, көлігімен тасиды да жүреді.


Соңғы бір жылда Ғалымның үйінен береке кетті. Жиі жанжал шығады, оның бәрін біз есітіп отырамыз. Бір күні подъезге темекі шегуге шығып едім, Сағындық та сонда тұр екен. «Бауырым, не болды, әйелің екеуіңнің дауыстарың қатты шығып жүр ғой?» деп едім, ағынан жарыла кетті.


«Е, қайсыбірін айтайын... Әйелдің өзіңнен тым жас болғаны да жаман екен. Мен оны түсінбеймін бе, әлде заманнан артта қалып кеткен адаммын ба, әйтеуір жақпай-ақ қойдым. Киген киімімді де, сөйлеген сөзімді де, тіпті әрбір қимылымды жақтырмай «мамбетсің» деп бетіме баса береді. Соның жүрген жүрісінен күмәнданамын. Кейде апталап маған қарамай, ұйықтап қалады. «Темекі сасымай ары жатшы» деп менен жиіркеніп жүр. Жұмыстан кеш қайтады, кейде «мен тоқпын» деп жатып қала салады. Шай-пайды қанағат тұтып жүрмін. Қыз кезінде жақсы еді, әңгімесі де басқаша болатын. «Балаларымыз көп болады» деп армандап қоятын. Қазір бала туралы әңгімені бастасам бітті, өзіме атылып шығады» деп бәрін айтып берді.


Әйелінің артынан аңдығысы келген екен. Бірақ батылы бармапты. «Біреумен құшақтасып тұрса немсе қонақүйден біреумен шығып келе жатса өз-өзімді ұстай алмай, қылмыс жасап қоямын ба деп қорқамын. Бірақ көңілімде күдік бар» деп, үйіне кіріп кетті. Ішімнен «өзің де сол керек, обалың жоқ екен» деп қойдым. Басқа не айтамын, тәп-тәуір әйелін қуып шыққан өзі емес пе?


Енді таяуда болған оқиғаны айтайын, кешкісін тамақ сіңіріп қайтайық деп әйелім екеуміз серуенге шыққанбыз. Есікті кілттеп жатқанда Сағындықтың ащы даусы тағы естілді. «Е, шешеңнің... сағат он болды ғой, қайдағы жұмыс?! Бес минутта жұмысыңа барамын, сол жерде болмай көр, сені өз қолыммен бауыздаймын!» деп үйінен атып шықты да, бізді қаға-соға далаға жүгіріп кетті.


Қош, сонымен түн жарымында Сағындық жалғыз келіпті. Менің де ұйқым келмей, сыртта темекі шегіп тұрғанмын. Мені көрді де, «Бітті, бәрі бітті» деді. Сөйтсе айтқандай-ақ әйелінің жұмысына іздеп барыпты. Күзетші жігіт «сіздің әйеліңіз, басқа да қыз-жігіттер қарсы беттегі мейрамханаға кіріп кетті» деп айтып қойыпты. Әйелі күйеуінің іздеп келмейтініне сенімді болды ма, әлде ішімдіктің әсерімен өз-өзіне есеп бере алмаған ба, әріптес жігітпен құшақтасып билеп жатқан жерінен ұстап алыпты.


«Үйден киіп кеткен көйлегі жоқ, үстіндегісін бұрын көрмегем, төсі жарқырап тұр, етегі де қысқа. Бір еркектің құшағында елітіп тұр. Екеуін де аяған жоқпын, шамам келгенше ұрып-соқтым. Мейрамхананың күзеті ажыратып, полиция шақырды. Айыппұл төлеп құтылдым» деді ауыр күрсініп.


Бұл жолы үнсіз қалмадым. «Басыңдағы бағыңды өзің ұшырып алдың ғой. Екі балаң жәутеңдеп сені күтіп жүрген шығар. Әйеліңнен кешірім сұрап көр, өкпесі тарқаса қайтып келер» дедім...


Кейде біздер, жігіттер «әйелім семіз, төсекке суық» деп сырттан сауық іздейтініміз бар. Бірақ екінші кезіккен адамның мінсіз екеніне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан барға қанағат, жоққа сабыр етейік, жігіттер...»