«Нанды енемнен тығылып жеймін»: алматылық келіншек мәселесін айтты

0
3 480

​Ененің де, мәселенің де түр-түрі болады екен.


«Нанды енемнен тығылып жеймін»: алматылық келіншек мәселесін айтты

Фото: i.mycdn.me

«Күйеуіммен танысқанда, оның тыриған арық денесі ұнамаған еді. Бірақ мінезі қыздай тәрбиелі жігіт. Жеңгем «Үйленген соң семіреді. Өзің түрлі тамақтар жасап семіртіп аласың. Бастысы, мінезі жақсы, жаның тыныш болады» деп көндіруге тырысты. Бірақ содан бері он жыл уақыт өтті, ол әлі арық», - дейді алматылық Гүлмира есімді келіншек.

Еркектің қарын шығарып семіргенінен, әрине сымбаты сымдай тартылып тұрғанына не жетсін, шіркін?! Алайда Гүлмира өзі қыз кезінен етжеңді, ірі болған. Қазір тағы 15 кг қосқалы арық күйеуі оның қасында жүруге ұялады екен. Ал енесі он жылдан бері денесінің ірілігін бетіне басып келе жатқан көрінеді.


Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Күйеуім де менің мінезімді ғана ұнатқан екен алғашқыда. Ата-енемен тұруға ыңғайлы әйел керек болған ғой. Мен «Кейін өзім семіртіп аламын» деп ойласам, ол да іштей «Біздің үйге келген соң өзі-ақ арықтап, жіптіктей боп шыға келеді» деп болжапты. Өйткені олардың үйінде ешкім нан жемейді. Тіпті нан сатып та алмайды.

Дұрысы, енем нан алдырмайды. Ол өзі фармацевтиканы бітірген, сол салада ұзақ жыл еңбек етіп зейнетке шыққан. Не жесек те дастархан басында ненің құрамында қандай пайдалы заттар бар екенін айтып отырады. Сүт, қаймақ сатып алсам, сыртын оқып, мерзімін тексереді.

Енемнің айтуынша, нан мен қанттың ағзаға еш пайдасы жоқ. Сондай-ақ қызыл шайды да «Әншейін бояу, зиян» деп отырады. Өзі тек қайнаған ақ су ішеді. Кейде түймедақ гүлінен шай демдейді.

Бастапқыда қайдан білейін, азық-түлік сатып алғанда міндетті түрде нан да алып жүрдім. Мен ғана жеймін, қалғаны бір үзім де ауыз тимейді. Сосын нан орнына таңертеңгі асқа бәліш, бауырсақ пісіретін болдым. Оны да менен басқасы татып алмайды. Таң қалатынмын. Бір күні күйеуім жұмысқа кетіп бара жатып, асүйге кірді де үш-төрт бәлішті пакетке салып жатыр еді, енем кіріп қалды. «Былшылдаған май мен ұн, зияны болмаса пайдасы жоқ. Таста. Одан да ірімшік, алма алып кет түстікке» деп ұрысты.

Сол күннен кейін бәліш те, бауырсақ та пісірмейтін болдым. Әрине, қонақ келерде енем пісірткізеді. Бірақ оның бәрін қонақтарға салып беріп жібереді. Сонда да мен анда-санда нан әкеп жеп жүрдім.
Аяғым ауырлады. Тәбетім ашылып, нанға май да, тосап та жағып жеймін.

Бірде енем менің қасыма отырды да, «Нан жей берме, семіріп кетесің, сосын арықтай алмай жүресің. Мен екі балама жүкті кезімде нан жемегенмін, шүкір балаларымның денсаулығы жақсы. Сен жассың ғой, сымбатыңа көңіл бөл. Күннен-күнге жалпайып бара жатырсың», - деді. Шайнап отырған наным тамағымнан өтпей қалды. Көңіл күйім жаман болды, ащы өксігіме тұншығып қала жаздадым.

Бұндай сөз естімес үшін енемнің көзінше тамақты аз жеуге тырыстым. Бірақ бала кезімнен тіпті палауды да, бешбармақты да нансыз жей алмайтын маған қиын болды. Сондықтан да жұмысқа барғанда түскі уақытта нанды қалауымша жеп алам.

Босанғаннан соң да мен наннан өзімді тыя алмадым. Әрине, үйде енем жоқ кезде ғана дүкеннен әкеліп жеймін. Енем білмейді, бірақ менің денеме қарап «Немене қара суға да семіре беретіндердің қатарынансың ба?» деп таң қалады, жақтырмайды. «Табиғатым сондай болса қайтем» деп құтылам. Алайда үш балалы ана болсам да енем әлі күнге дейін менің тамағымды аңдып жүреді. Артық салмағыма тиісе береді.

«Мен де бала туғанмын, бірақ сен сияқты өзімді-өзім тастап жібермегенмін. Анау қарның не, қамыр сияқты, ұялмайсың ба? Мені қарашы, бір кг артық салмақ жоқ» деген сөзін айта береді, айта береді. Одан қалса, өзін менімен салыстырады. «Екеумізді қатар қойса, мен жас көрінемін» дейді. Онысы мейлі ғой, күйеуімнің көзінше «Екеуің базарда жүрсеңдер, көшеге шықсаңдар, анасы мен баласы деп ойлайтын шығар жұрт» дейтіні шамыма тиеді. Осындай сөздерден соң кейде нанға қарағым да келмейді.

Атама да, күйеуіме де осылай айта беріп нан жегізбей қойған-ау. Менің күйеуім нан жемегендіктен семіре алмай жүр. Ал мен енем жоқ кезде және жұмысқа барғанда нан жеп қоя беремін. Кейде енеме қасарысқанда үйден мүлде тамақ та жемей қоям, бірақ сыртқа шыққанда екі есе көп жеймін де, сосын асқазаным ауырады.

Байқап қарасам, ойланып отырсам, мен енемнің «нан жеме» деген сөзін естіген сайын бұрынғыдан да көп жейтін боп кетіппін. Енеме қырсыққаным ба, әлде әйел «нервный» боп кеткенде тамаққа араны ашылып кете ме?

Соңғы кезде расында да семіргенімді байқап, күйеуімнің қасында ірі боп жүруден ұялам. Ол да мені жанына ерте бермейтін болған. Шынында да тамақты нансыз жесем арықтай ма екенмін?..

Енем қазір қатты-қатты айтатын болған. Теңеулері кәдімгідей жүйкеме тиеді, көңіл күйімді бұзады. Тіпті немерелеріне «Балабақшада нан көп жемеңдер, мамаларың сияқты дәу боп кетесіңдер. Мамаларың сияқты жуан болғыларың келе ме?» деп те жүр. Сөйтсе балаларым «Жоқ, папам сияқты болам» дейді.

Кейде кешкі асты үлкен қызым жемейді. Енем немересі болған соң «же, же» деп қоймайды. Ал қызым «Мамам сияқты боп кетсем ше?» дейді әжесіне сыбырлап. Естимін, жаным ауырады.

Жаңа жылға дейін арықтамасам болмайды. Әйтпесе он жылдан бері енеме ұнамай-ақ қойдым...»



Ұқсас оқиғалар:


«Қартайғанда көтеріп қойдым»: түркістандық әйел келіндерінен ұялып жүр


«Күйеуім үйге қонақ ертіп келе береді»: шымкенттік келіншек шаршағанын айтты