​«Өртеп жіберемін деп қорқытады»: күйеуінен қорлық көрген төлебилік келіншек елден көмек сұрап отыр

0
4 185

«Бізді күйеуімнен құтқарыңыздаршы... Өзімді де, тіпті сіңлімді де ұрады!»


​«Өртеп жіберемін деп қорқытады»: күйеуінен қорлық көрген төлебилік келіншек елден көмек сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақ халқы «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» немесе «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деп қызына бәріне көнуді, ата-ана атына кір келтірмеуді, өнегелі келін болуын тапсырған, қадағалап отырған. Әрине, ата салты, тәрбие қағидасы жағынан дұрыс-ақ. Дегенмен, салдарынан көптеген әйел отбасындажуан жұдырық пен бақытсыз өмірге шыдап жүргені де жасырын емес. Шыдамның соңы талай әйелдің ажал құшуына себеп болып жатқаны да рас.


Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында тұратын Айжан есімді әйел де төрт баласымен күйеуінен құтыла алмай жүргенін айтады. Осы уақытқа дейін ішіндегі мұң-шерін ешкімге айтпай, ішіне «жұтқан» әйелдің шыдамы таусылып, отбасындағы барлық жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Ерлан екеуміз осыдан 12 жыл бұрын шаңырақ көтердік. Бұрын жүрген, сөйлескен адамым емес, жұмыс бабымен 1-2 мәрте кездескеніміз болмаса, оған тұрмысқа шығамын деген ой мүлдем болған емес. Бір күні үйге келіп, сыртқа әңгімелесуге шақырды да, баса-көктеп алып қашты.


Жасырып қайтейін, атам ішімдікке үйір адам екен. Енемді күні кешеге дейін әбден қорлап келді. Мен келін болып түскеннен кейін де енеме қол көтеріп, тіпті үстіне бензин құйып, өртеп жібермек болды. Дер кезінде біздер көмектесіп, өртті сөндіріп үлгергенбіз. Ерлан да әкесінің сондай әрекеттерін көріп өскен бала ғой. Әкесінен асып кетпесе, кем түспейді. Мен басында ішімнен «анасының таяқ жегенін көріп өсті ғой, әкесін қайталамайтын шығар» деп ойлайтынмын. Сөйтсем бұл да пәлегінен алыс түспеген екен.


Үйленгенімізге алты ай болғанда алғаш рет қол көтерді. Отырысқа барып келгенбіз, әбден ішті. Алты ай бойы ішіне маған деген өкпе-реніштерін сақтап алған екен, соның бәрін жіпке тізіп, тепкілеп, бекерден бекерге таяқтап тастады. Сол кезде мұны төркініме айтып, тоқтатуым керек екен. Мен ұялып, жымымды сыртқа білдірмей жүре бердім ғой. Енем ғана «Айжан, жас қой, әлі-ақ жарасып кетесіңдер» деп сабырға шақыратын. Сондай ырың-жырыңмен бір қыз, бір ұл таптым.


2014 жылы анам қайтыс болды. Ол кісі он жыл бойы онкологиялық ауруға шалдығып, төсек тартып жатқан еді. Жалғыз ағам мен жеңгем сол кісіге қарайлап, қара шаңырақты тербетіп отырған. Анамды жерлеп, жетісін өткізіп отырғанымызда күйеуім ішіп алып, біреумен төбелесіп, мылтықпен басынан ұрып, екі жылға шартты түрде сотталды. Негізі Ерлан бойдақ кезінде де ұрлықпен ұсталып, 6 айға қамалған адам екен. Атамыз малды кісі еді, арызданушы тарапқа ақша беріп жүріп, кешірімін алып, баласын шығарып алған көрінеді. Оны кейін, екінші мәрте сотталғанда білдім ғой.


Қысқасы, Ерлан осы жағдайдан кейін қатты өзгеріп кетті. Ішкені былай тұрсын, енді желім бөтелкеге бірдеңе істеп алып, соны шегетінді шығарды. Наша сияқты, шеккен соң екі көзі қанталап, есі ауысып, алдында тұрғанның бәрін қырып-жоя беретін болды. Ал сау кезінде әңгімесі тәп-тәуір болып қалады. «Астанаға көшіп барайық, құрылыста істеймін» деп, 2015 жылы Астанаға көшіп бардық. Дәл сол уақтарда ЭКСПО салынып жатқан. Құрылысқа кірді де, әжептеуір жұмыс істеп жүрді.

2018 жылы ол жақтан елге оралдық. Менің аяғым ауыр еді. Елге келген соң баяғы әдетіне қайта басып, бір күні ішіп алып, өлімші етіп сабады. Денемнің әр тұсынан тиіп жатқан соққының ауыр болғаны сондай, қинала тістелеген ернімнен қан сорғалап кетіпті. Жан ұшыра шыңғырғаныма қарайтын ол ма, «шешеңнің...» деп төпелей түседі. Сол кезде өзімді «Жетер енді, мынадан құтылмасам болмайды» деп ойладым да, ертеңіне үйден қашып шығып, төркініме келдім. Күйеуіммен заңды түрде ажырастық.


Бұл уақыт аралығында сөзімді сөйлейтін жалғыз ағам да жол апатынан көз жұмып, екі баласымен жеңгем жесір қалып отырған. Ағамнан қалған 4-5 көлікті сатып, апаттан берілген сақтандырудың ақшасын алып, жеңгеме аудан орталығынан 3 бөлмелі пәтер әпердік те, ол қара шаңырақты маған тастап, кете барды. Үйде әлі кәмелет жасқа толмаған сіңлім бар, мен оның қамқоршысы болып қалдым.


Ажырасқан соң да жаныма тыныштық болмады. «Кешірші, Айжан, мен адам боламын. Енді ішсем атым өшсін» деп төркініме келе берген соң, балаларым үшін кешіріп, қайта қосылғанбыз. Бірақ оның берген уәдесі желге ұшып кетті. Қайтадан баяғы әуеніне басып, ұрып, теуіп, өлтіре жаздады. Шәйнектің қақпағымен қақ төбемді тесіп жіберердей еткен. Содан миым шайқалып, ауруханадан бір-ақ шықтым.


Емделіп шыққан соң сіңілім «Әпке, бұл ауылда тұрсақ тыныштық бермейді, қаладан пәтер жалдап, көшіп кетейікші» деп қоймады. Тура карантин уақыты еді, маскамен бетімізді тұмшалап, жан-жағымыздан жасырынып жүріп, қалаға кеттік. Содан мен таныс әпкемнің арқамында ең мықты қонақ үйдің біріне бөлме тазалаушы болып жұмысқа кірдім. Негізі өзімнің жоғары білімім бар, есепші болып біраз уақыт жұмыс істегем. Өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Сосын 4 баланы асырау үшін алдымнан шыққан тірліктің бәрін істей бердім.


Ерлан бұл жолы да тауып алды. Телефонымыз арқылы қайда тұратынымызды біліп алған екен. «Енді адам болмасам атым өшсін» деп қолында балаларына алған тәттілері бар, сүмірейіп келген соң, үйіме кіргіздім. Ертеңіне ата-енем, қайынәпкелерімді «Ерланның сенсіз, балаларсыз күні жоқ, соңғы рет кешіріп, бір мүмкіндік бер, қайта қосылыңдар» деп үйіме үлкен бастарын иіп келіпті. Тағы да сол мінезімнің жуастығы ғой, қайта қосыла салдық. «Мәскеуге барамын, құрылыста істеймін, ақша табамын. Сендерге тиіспеймін» деп уәдені үйіп-төгіп берген. Айтқанындай былтыр, желтоқсан айында Мәскеуге кетті де, үш айдан соң «соғыс басталып кетті» деп елге оралды. Келе сала баяғы әдетіне қайта басты. Тамағымызды тыныш іше алмайтын дәрежеге жеттік.


Әпкем де, әкемнің інілері де біздің арамызға түсе беріп мезі болды. Енді жақында үйге келіп, бізді ұрып жатқанда ағамның ұлы келіп, араша түскен еді. Ерлан «қайнымнан таяқ жедім» деп медициналық анықтамалар жинап, інімнің үстінен арыз жазып, сотқа сүйреп жатыр. «Баламның басын бәлеге тықтың» деп ағам да күйіп-пісіп отыр. Осы жағдайда мені қорғамақ болған інімнің бекерге жапа шегіп, жазықсыз сотталып кетпеуіне көмектессеңіздер екен.


Күні кеше сіңлім екеуміз үйдің ішін жинап, киімдерді реттеп отырғанбыз. Аяқ астынан сап ете қалды. Ашық тұрған терезеден үйге кіріп, сіңлімді де, мені де балалардың көзінше оқтаумен ұрып, Қазір бәріңді өлтіріп, мына үйді өртеп кетемін» деп шу шығарды. Оны сіңлім телефонға түсіріп алған, дереу әлеуметтік желіге салып, учаскелік полицей шақыртып, ұстатып жібердік. Бүгін сот оны 15 тәулікке қамауға шешім шығарды.


Бірақ мұнымен оның «концерті» бітпейтінін біліп тұрмын. Он бес күннен соң қайта келіп, кек алмасына кім кепіл? Не істерімді, қайдан көмек сұрарымды білмей отырмын. Балаларым да әбден мезі болған, үлкен қызымның жүйкесі сыр бере бастады. «Неге мұны кешіре бересіз? Кірмесін, келмесін» деп жыларман болады. Енді кешірмеймін, кіргізбеймін дегем, онда да тыныштық жоқ, үйді торуылдап, «өртеп жіберемін» деп қорқытып жатыр.


Осы отырғанда күйеуімді жамандағаным үшін ұялып барамын. Бірақ менің де төзімім таусылды. Үндемей, елге жарияламай жүре берсем, өзіме, сіңліме, балаларыма қауіп төнетінін түсініп тұрмын. Сондықтан құзырлы мекемелерден бізді қорғауын сұраймын».


P.S.Күйеуінен теперіш көріп отырған көпбалалы анаға қорған болар құзырлы мекемелер болса, көмек қолын созатын жомарт жандар болса, онда редакцияға хабарласып, телефон нөмірін алса болады. Ал біз бұл оқиғаны алдағы уақытта назарда ұстаймыз.