«Осы оқиғадан кейін әйелім төркінге кетіп қорқытпайтын болды»: шымкенттік азамат айласымен бөлісті

0
17 042

​"Қит еткенге бұлданып төркініне жүгіре жөнелетін әйелдерге қолданатын әдіс" дейді ол...


«Осы оқиғадан кейін әйелім төркінге кетіп қорқытпайтын болды»: шымкенттік азамат айласымен бөлісті

Фото: 2.bp.blogspot.com

Еркектер арасында «Әйел күліп алдайды, жылап қорқытады» деген сөз бар. Иә, күйеуіне сөзі өтпей бара жатса немесе дегені бола қоймаса, балаларын жетектеп төркініне кетіп қалады. Алып қайтуға барған еркек уәдені үйіп-төгіп береді. Өйткені ол балаларын қимайды.


Бірақ кей әйел бұған үйреніп алады да, айтқанын орындату үшін қайталай береді. Не істеу керек? Шымкенттік Нұрәділ есімді азамат «Артынан бармау керек. Кетті ме, қайтып келмесін. Бұны кетер кезінде еркек айтып түсіндіруі қажет» дейді.



Ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында өзі қолданған тәжірибесімен бөлісті:

«Әйелдің көбісі бала туған соң жасырып жүрген мінездерін көрсете бастайды ғой. Ал баланың бал қылығы ата-енені, күйеуді баурай бастағанда, төркініне кетіп қорқытуға көшеді. Өзімнің төрт жеңгем болған соң, әйелдердің бұл әрекеті «манипуляция» екенін жақсы білем. Бірақ менің түсінігімде бұл ақылсыз әйелдердің әрекеті. Менің келіншегім ондай таяз әдісті қолданбайды дейтінмін бойдақ кезімде.

Үйлендім. Үйде көп жанбыз. Менен кейін екі қарындасым, бір інім бар. Аға-жеңгелерім бөлек тұрады. Келіншегім қайда, қандай отбасыға келін болатынын алдын ала білді. Алайда сонда да «Ағайының жүдә көп екен. Қонақ күтуден шаршадым» деп айтып қалатын. Сосын тағы бірдеңе айтқысы келеді де, тілін тістеп қалады. Түсінем, ол ата-енеден бөлек тұрғысы келеді. Бірақ менің көнбейтінімді ол біледі, мені үйленбей тұрып айтқанмын.

Бұл сөзді ол балалы болған соң айтты. Ата-анама қызмет етуден қашатын әйел маған керек емес деп ашып айттым. «Керек болмасам мен неге бұл үйде жүрмін?» деп бұрқан-талқан болды. Ашуланып алты айлық ұлымызды құшақтап төркініне кетіп қалды.

Соңынан бармадым. Өйткені менің түсінігімше, еркек кінәлі болса ғана кеткен келіншегінің соңынан барып, оның ата-анасынан кешірім сұрап алып қайтады. Ал мен кінәлі емеспін: ұрған жоқпын, қуған жоқпын, тіпті ұрыспадық та.

Екі аптадан соң түк болмағандай өзі келді. Жүгіріп қызмет етіп, күлімсіреп жүр. Ақыл кіріпті ғой деп қуандым. Бірақ үш айдан соң тағы бұрынғы әніне басты. Шаршағанын, бөлек шыққысы келетінін айтты. Оған түсіндіру де, ашулану да пайдасыз екенін ұққандықтан, сөзін елемеуге көштім. Бұрқылдап ұрысады, жылайды, сосын сөмкесі мен баланы құшақтап үйден шығып кетеді. Талай келінді сабағынан өткізген, өмірлік тәжірибесі мол анам да келінге «Не боп қалды? Қайда барасың?» демейді. Менен де мән-жайды сұрамайды.

Атам мен енем де ақылды жандар ғой, кейбіреулер секілді қоңырау шалып күйеу баласына ұрыспайды. Қысқасы, ата-аналарымыз біздің арамызға түспеді.

Не керек, келіншегім тағы да өзі қайтып келді. Бірнеше рет кетіп, өз аяғымен қайта келді. Өстіп жүргенде қызым өмірге келді.

Інім мектепті бітіре салып үйленді. Екі келіннің бір шаңырақ астында тұруы қиындады. Әке-шешем бізге еншімізді беріп бөлек шығарды. Пәтер жалдап тұрып жаттық.

Келіншегімнің арманы орындалып, көңілі көншіді. Бірақ еті үйреніп қалған әйел «кетіп қорқытатын» әдетін қоя алмайды екен. Отбасы болған соң түрлі жағдай болады, бірде аш, бірде тоқ боласың. Ұрысасың, керісесің. Сондай кездерде балаларды алып әке-шешесінің үйіне кетіп қалатынын қоймады.

Ырың-жырың өмірден шаршадым. Бірде оған «Қазір кететін болсаң, келуші болма. Болды, ақыл кіретін жасқа жеттің ғой. Балаларды қару етіп қолдануды доғар. Қайтып қабылдайды деп ойлама. Мен еркекпін, бір сөздімін» дедім. Тыңдамады, кетіп қалды. Екі аптада қайтып келетін ол келмеді. Мен де хабарласпадым. Сосын балама қоңырау соққызып «Папа, сағындым. Қашан келесіз?» дегізетін болды. Жүрегім елжіреп тұрса да қайынжұртқа бармадым.

Ашуланып отырғанымда бір ой келе қалды. Базарға барып жаңа құлып әкелдім. Есіктің құлпын ауыстырып тастадым.

Қалай екен, бір күні әйелім қайтып келген. Пәтерге кіре алмаған соң, маған қоңырау шалды. Жауап бермедім. Ата-анамның үйіне барған. Менің басқа пәтерге көшпегенімді анықтаған соң, аулада күткен. Әдейі түнделетіп келдім. Ол да қырсық неме ғой, тапжылмай күтіп отыра берген.

Мен оған бұрылып та қарамай, үйге кіріп кеттім. Есікті құлыптап қойдым. Менің оңайлықпен жібімейтінімді білген соң екі баламның далада ағаш отырғышта ұйықтап қалғанын айтып, есікті ашқызды...
Бірақ сол оқиғадан соң ол төркініне кетіп қалатын әдетін доғарды. Ол еркектің екі сөйлемейтінін түсінді...»


Нұрәділ содан бері алты жыл өткенін, әйеліне ақыл кіргенін айтты. Әйелге «ақыр кіргізетін» қандай әдіс-тәсілдерді білесіз, бөлісе отырыңыз, оқырман.


Ұқсас оқиғалар:


«Келінім оразамын деп күні бойы ұйықтайды»: түркістандық апа имамдарға сұрақ қойды


«Өз қызындай көрмейді»: алматылық келіншек ренішін айтты